Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Рухани тамырластық рәуіштері

410 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде өзінің жүз жылдығын тойлауды бастап кеткен С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты (ВГИК) – әлемге әйгілі оқу орны. Қантөгісті Қазан төңкерісінен кейін іле-шала ақ пен қызыл қырқысып жатқан аласапыран шақта ашылған. 

Рухани тамырластық рәуіштері

Соған қарағанда «Өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино» деген пролетариат көсемі Ленин сөзінің жаны бар ма деймін. Әйтпесе атыс-шабыс астында өмір мен өлім арпалысқан қиын-қыстау заманда басқа қызықтың бәрін күнкөріс қамы басып кетпеуші ме еді. Керек дерек ретінде айта кетсек, бұл төрткүл дүниедегі тұңғыш киношылар мектебі көрінеді.

Ал енді осынау айтулы оқиғаға Қазақстанның қандай қатысы бар? Осы орайда ойымызға алдымен ел басына екіталай күн туған соғыс жылдарында КСРО-ның «Мосфильм», «Ленфильм» секілді маңдайалды киностудияларымен бірге ВГИК-тің де Алматыға көшіп келгені оралады. Сондай-ақ Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Ескендір Ты­ныш­баев, Айша Ғалымбаева, Сахи Ро­манов, Әмен Қайдаров секілді қазақ мәдениетінің көрнекті қай­раткерлері еріксіз еске түседі. Олардың бер жағындағы Саты­бал­ды Нарымбетов, Талғат Теме­нов, Ардақ Әмірқұлов, Рәшид Нұғыманов, Серік Апрымов, Рүс­тем Әбдірашев сияқты саңлақ­та­рымызға қатысты әңгіме өз алдына бір төбе.

Жаудың беті қайтып, көңілдері жайланған соң Мәскеу мен Ленин­град­қа қайта қоныс аударған киностудиялар өздеріне тиесілі құрал-саймандарын Алматыда қалдырып кет­ті. Соның негізінде базасы кеңей­ген қазақстандық киногерлер тәп-тәуір фильмдер түсіре бастады.

Тарихи тамырластық тағылым­да­рына мән берген Мәдениет және спорт министрлігі Астана мен Алматыда БМКИ-дің күн­де­рін өткі­­зу­ге мұрындық болды. Рухани ынты­мақ­тастық ме­ре­кесіне арналған бас­­пасөз мәс­­лихатында Мәдениет жә­­не спорт министрі Арыстанбек Мұ­­ха­меди­ұлы аса мәртебелі оқу орда­сы­ның Қазақстанмен қарым-қатынасы бұ­рын­ғыдан да тереңдей түсетіндігін атап көрсетіп, алдағы уақыттарда бір­­лескен жобалардың абыроймен жү­­зеге асатындығына се­нім білдірді.

Журналистер алдында жор­ғадай тайпалған С.А.Герасимов атындағы Бүкіл­ресейлік мем­лекеттік кине­матог­рафия инс­титутының ректоры Вла­димир Малышев мерей­тойларына ор­тақ­тасқан қазақ­стандықтарға шын жүректен шық­қан алғыс сезімін жетк­із­ді. Өзі басқаратын институттың Қа­зақ­­­станмен достастығы ертеден қа­лып­­тас­қанын және сол алтын арқау­дың әлі үзілмегенін мақта­нышпен айт­ты.

– Әлемнің бірде-бір мем­леке­тімен дәл Қазақстанмен ара­дағыдай тығыз бай­ланыс орнатқан емес­піз. Сол се­беп­ті біз сіздерді өзіміз санаймыз. ВГИК-те білім алып жүрген қазақ жас­­­тары қазір де аз емес. Сірә, содан шы­ғар, мынау аумалы-төк­пелі кезең­дегі одақтасымыз – Қазақстан­ның ша­қыртуын үлкен қуаныш үстінде қабылдадық. Аға буын өкілдері өз­де­рінің Алатау бау­райында өткізген жыл­дарын жылылықпен еске алады. Қазақ киносының көсегесін көгертуге көп үлес қосқан көрнекті тұл­ғалардың біразы біздің ВГИК-тің түлектері еке­нін ешкім жоқ­қа шығара алмасы анық. Ел­ордаларыңыздағы Қазақ ұлт­тық өнер университетімен және Алматының Темірбек Жүргенов атын­дағы қазақ ұлттық өнер академия­сымен ынтымақтастық жөніндегі ме­­морандумға қол қойылған. Соның ая­сын­да соқ­талы істер тындыруға бола­­тын тәрізді, – деді құрметті қонақ ор­нықты ой қозғап.

Баспасөз мәслихатына қа­тыс­қан Ресейдің халық әртісі Владимир Хо­ти­ненконың айтуынша, ол мұнда бұ­дан жарты ғасыр бұрын келіпті. «Кеше Конгресс-Холға барғанда сол уа­қыттағы Тыңгерлер сарайының қа­лай өзгергеніне қайран қалдым. Өтіп жатқан өмір-ай» деп басын шай­қай берді белгілі режиссер.

Әріптесінің әңгімесін іліп әкеткен «Мосфильм» кино­концерніне қарасты «Арк-фильм» киностудиясының бас­қарма төра­ғасы Вадим Абдра­ши­тов Астанаға алғаш ат басын бұр­ға­нында бұл арада алып құрылыс ала­­­ңын көргенін алға тартты. Құ­мыр­­­­­сқаның илеуіндей құжынаған құ­­­­­­ры­­­лысшылар мен дүрілдеген-гү­ріл­­­­­­деген техниканың көптігінен ба­сы айналғанын, енді міне, соның нә­­ти­­­­­же­сіндей жайнаған жас шаһар бой кө­­­тергеніне таңданысын жасыра ал­ма­­ды. Мәскеулік меймандар арасында «арпа ішіндегі бір бидайдай» болып отырған қандасымыз, Ресейдің және Қа­зақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Наталья Арынбасарованың қараторы өңіне қарап төркіндеп келген қыздың кейпін аңғардық.

– Өзімді өзгеше сезінетін секіл­ді­мін. Ең қызығы, туған үйімнің та­бал­дырығын аттағандай керемет күй­ді кешудемін. Қазағымның қо­нақ­­жайлылығын үнемі мақтан ете­мін. Осы жолы да сол үйреншікті үр­­діс жалғасын тауып жатқандай. Ма­­­ған жерлестерімнің оң қабақ таны­та­­тынын, әр қадамымды тілек­тес­тік­­­пен бақылайтындарын білемін. Мы­на делегацияның құрамында кел­­генімді өзіме абырой санаймын. Өйткені мен де ВГИК-тің түлегімін. Атақ­ты Сер­гей Герасимов пен Татьяна Ма­ка­рованың сыныбында оқы­ған ке­шегі Кеңестер Одағына ке­ңі­нен та­­нымал төрт Натальяның (Бе­ло­х­вос­­тикова, Гвоздикова, Бондарчук, Арынбасарова) бірімін, – деп Наталья Өтеуілқызы ағынан жарылып.

Мәскеулік кино мамандарын қа­зақ­тың кіндік қаласына шақыру­шы­лар­дың атынан сөз сөйлеген Қа­зақ ұлт­тық өнер университетінің рек­торы, Қазақ­станның Еңбек Ері Айман Мұ­сақожаева бұл шараның аясында көптеген игі идеяларды жү­зеге асыруға болатынын, оған екі­жақты пай­далы ынтымақтастық зор мүм­кіндік туғызатынына тоқ­тал­ды. Оның ойынша, болашақ ки­но­герлердің бір-бірімен әлден ара­лас-құ­ралас болғаны жөн. Соның алғы­шарт­тары қазірдің өзінде жасалып жат­қан сыңайлы.

Аталмыш акция барысында мәс­кеулік мамандар Өнер универ­си­тетінде шеберлік сабақтарын өткізіп, астаналық өнерпаз өрен­­дердің аяқ алыстарын бай­қады. БМКИ-дің ең да­рынды сту­дент­терінен құрылған театр ұжымы астаналық көрермендерге «Евгений Онегин», «Жоқ жерден шық­қан шу», «Сөйлейтін мылқау» атты спектакльдерін ұсынды.

Жақсы дәстүр келешекте де жарасымды жалғасын тапса нұр үстіне нұр.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»