Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Османлы мұрағатындағы құнды құжаттар

624 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Ұлттық музейде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Османлы мұрағатындағы құнды құжаттар

Мемлекет басшысының «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырыл­ған маңызды шараның тұсау­ын кесіп, беташар лебіз білдір­ген Түркияның Қазақстан­да­ғы Төтенше және өкілетті ел­шісі Невзат Уянык қазіргі таң­да ел аумағында Елбасы Н.Назар­ба­ев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­лық мақаласы бойынша іске асы­рылып жатқан жұмыстардың ма­ңызы зор екенін тілге тиек етіп, бұл реткі ұйымдастырылып отыр­ған шара да осы үрдістің заңды жалғасы дегенді атап айт­ты. Сонымен қатар елші мыр­за: «Бүгінгі көрме Түркия мен Қазақстан және Орта Азия­ның тарихи қатынастарынан сыр шер­тетін біздің ортақ тари­хы­мыздың ку­әсі», деді.

Түркия елі қай жағынан алсақ та тарихы бай мемлекет. Бас­қ­асын былай қойғанда ХV-ХVІІ ғасырларда Еуропа, Азия, Африка қатарлы үш құр­лық­қа әмірін жүргізген Осман­лы империясы «күллі әлемдік билеуші» ретінде тарихта аты қалды.

Аталмыш шараның тағы бір қонағы Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ежелгі заман тарихына қатыс­ты қытай архиві, жаңа дәуір­ге байланысты ағылшын мұ­ра­ғаты қаншалықты құнды бол­­са, орта ғасыр тарихы үшін Осман­лы мұрағаты соншалықты ма­ңыз­ды дей келе, «Елбасының «Ру­хани жаңғыру», «Тарих тол­қынында», «Мәдени мұра» сынды бағ­­дар­ламаларының барлығында да біздің жадымызды жаңғыртып, тарихи санамызды қалыптастыру мә­селесі көтерілген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл көр­ме­нің тарихымыздағы ақ­таң­­дақ бет­­терді түгендеуде алар орны айрық­ша болатыны анық», деді.

Одан кейін жиналған көп­шілікке көрме экспонаттары жайлы толық мәлімет айтқан Түркия Рес­пуб­ликасы премьер-минис­тр­лігіне қарасты Мем­лекеттік мұрағаттар басқар­масының бас директоры, профессор Угур Үнал мырза, түркиялық мұрағат қоры әлемде жетекші орынға ие екенін алға тартты. Бас мұрағатшының ай­туына қарағанда, аталмыш елдің мемлекеттік мұрағаттар бас­­­қармасы өз ішінен Османлы мұ­­рағаты және Республикалық мұрағат деп екі топқа жіктеледі екен. Ыстанбұл қаласында орна­лас­қан Османлы мұрағатында 95 миллион құжат пен 400 мың жазба-дәптер сақталса, Анкарадағы Республикалық мұ­ра­ғатта 35 миллион құжат пен 95 мың жазба-дәптер сақтаулы тұр.

Османлы мұрағатында импе­рия өмір сүрген дәуірде оның құ­рамында болған 40-тан астам мем­лекеттің тарихына байланыс­ты құжаттар бар. Осы екі мұрағат қорына келіп жұмыс жасайтын шет­елдік зерттеушілер саны ор­та есеппен күніне 200 адамды құ­рай­тын көрінеді.

Бұл реткі елорда төрінде ұйым­­дас­тырылып отырған көр­меге Османлы мемлекеті мен Ор­та Азия хандықтарының қа­рым-қаты­настарын баяндайтын 40 құжат қойылады. Бұлардың бар­­­лығы Османлы мұрағатынан алын­­ған екен. Осылардың кейбі­ре­у­лерін атап айтар болсақ:

– 1808 жылы Османлы мем­лекеті тарапынан Бұхара ұлық­тарына тарту ретінде жолдан­ған кітаптар тізімі;

– 1849 жылғы Ахмет Ясауи те­гінен шыққан паша Ходжа бин Абдуллахтың қажылық мәсе­лесіне байланысты Османлы сұл­тандарына көмек көрсету туралы хаты;

– 1862 жылы Берлин қала­сын­да басылған Түркістан картасы;

– 1877 жылы Бұхаралы қа­жы Оспан әпендінің Бұхара, Ташкент, Қоқан, Самарқан және Хиуа халықтары арасында болған мә­се­лелер жайлы жазбасы;

– 1880 жылы Орта Азия би­леу­шілері тарапынан Сұлтан ІІ Абдулхамидке жолдаған сый-сия­паттар тізімі;

– 1883 жылғы М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» рапортының таныстырылымы;

– 1904 жылы Қашғар-Құлжадан дін үйренуге келіп, Хамиде мектебіне қабылданған шәкірттерге көрсеткен қам­қор­­лығы үшін Сұлтан
ІІ Абдулхамитке жолданған хат, т.б. құжаттар бар екен.


* * *

Осылардың қатарында қазақ тарихына қатысты дүниелер де сақталыпты. Олар ел тарихында әз-Тәуке ханнан кейін 1715-1718 жылдары билік жүргізген Қайып хан мен осы жылдары Османлы мемлекетін басқарған 23-ші сұлтан ІІІ Ахметтің бір-бі­ріне жолдаған хаттары. «Бұл құ­жаттар Қазақстан халқына тұң­ғыш рет ұсынылып отыр», деді Юнус Эмре атындағы түрік мә­дени орталығының еліміздегі өкілі Алмагүл Исина ханым.

Жоғарыдағы қазақ тарихына қатысты құжаттарға тоқталар болсақ:

– 1713 жылы 21 тамызда қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жол­дан­ған ІІІ Ахмет сұлтан хатының көшірмесі;

– 1713 жылы 21 тамызда Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі;

– 1714 жылы 16 қаңтарда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі;

– 1714 жылы 16 қаңтарда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы;

– 1716 жылы 14 желтоқсанда қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі. Бұл хатта Османлы мемлекетінің шынайы дос екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған.

Осы құжаттармен танысып, кей­бір хаттардың мазмұнын қазақ­шалаған зерттеушілердің пі­кірінше Қайып ханның тұсын­да Қазақ хандығы жан-жақ­тан анталаған дұшпандардың талауына түсуге шақ қалып, қиналғандықтан әлемге ықпалын жүргізіп отырған ұлы мемлекет Османлы сұлтандарына өз ұлысының болашағы үшін алаңдап, елші аттандырған дейді.

Мысалы, 1713 жылы 21 тамыз­да ІІІ Ахмет сұлтан қазақ ханы­на жазған хатында «Әділ­дік пен дін­нің қасиетін тұла бойы­на да­рыт­қан, достық һәм тыныш­тық­тың байрағын көтер­ген, мұ­сыл­манның шекарасын қор­ғаушы, білгір текті Қайып Мұхам­мед ханға сәлемім мен жы­лы лебі­зім­ді білдірем. Бұл хат хан­ның таң­даулы елшісі Сейітқұл Баха­дыр арқылы жеткізілді. Достық ле­­біңізбен жазылған хатыңыз оқыл­ды. «Рухтар тізілген бейкүнә сар­­баздар секілді бір-бірлерін та­ныған жағдайда бірігеді және ара­ласады» атты хадисте айтыл­ған­дай танысу, рухани және діни бірлесуді қажет етеді. Сіздің ха­тыңыз да бірлесуімізге негіз бо­лып тұр. Ізгі мақсатпен келген елші­ңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Ел­шіге еліне оралу үшін рұқсат бе­рілді және шапан жабылды. Қо­лы­ңызға хат та елші арқылы сізде жөнелтілді» делініпті.

Аталған көрме мамыр айының 23-іне дейін жалғасады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»