Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Меценат шағын орталық ашып берді

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында атымтайлар аз емес. Сондай азаматтардың арқасында өңірімізде соңғы кездері көптеген әлеуметтік нысандар салынып, не жөнделіп жергілікті тұрғындарды қуантып келеді. Сол нысандардың бірі Сандықтау ауданы Спасское ауылындағы «Балдырған» шағын орталығы.

Меценат шағын орталық ашып берді

Ауылдық мектеп ғимара­тының бірінші қабатынан орын теп­кен орталықты жергілікті «Спасское-Агро» ЖШС басшысы Магомед Абуев өз қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіпті. Жергілікті тұрғындар үшін бұл үлкен сый болды. Мектептің бірінші қабатында жүргізілген күрделі жөндеуден кейін ойын алаңы, асхана, кіру жуу орны және балалардың дема­латын бөлмесі пайда болды. Бұрынғы есік, терезелері түге­лімен жаңасына ауыстырылды. Еденге линолеум төселіп, төбесі әдемі жабындымен толық жабылды. Сөйтіп балалар  үшін барынша ыңғайлы орта жасалды. Енді бұл орталықта жиырмаға тарта бала тәрбиеленетін болса, алдыңғы лектегілер мектепке дайындықты бастап та кетті. Статистика деректеріне қара­ғанда, мектепке дейінгі мекеме­лерге барып жүрген балалар өз қатарластарына қарағанда әлде­қайда интеллектуалдық жағынан дамығандығын танытады. 

Балаларына осындай ыңғайлы жағдайдың жасалғандығына әсіресе ата-аналар дән риза. Айта кету керек, аталған шағын орта­лықта балаларды оқытуға кететін шығынның бір бөлігін ЖШС өз мойнына алып отыр. Ал жетіспеген қаржысын ата-аналар өз қалталарынан шығарады. Сонымен қатар барлық керек-жарақ: жиһаз, жамылғылар, ойын­шықтар аудан бюджеті қара­жатына сатып алынды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы