«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, мұндай ауқымда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жыр мерекесіне өз елімізден бөлек, Ресей мен Моңғолиядан, Қырғызстан мен Қарақалпақстаннан әдейілеп келген жыршылар мен жыраулар қатысты. Мереке шымылдығы Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртістері әзірлеген сахналық көрініспен ашылды.
Өнерсүйер қауым елімізге танымал Алмас Алматов, Ерболат Шалдыбеков, Баянғали Әлімжанов, Майра Сәрсенбаева, Марат Сүгірбай, Бидас Рүстембеков, Фархат Оразов, Демеубай Жолымбетов, Шаттық Уатқан, Қазыбек Әдікей, Армат Исламғалиев, Амандық Көмеков сынды жыршылардың өнеріне куә болды.
Басқа елдерден келген Айдын Құрмановтың (Ресей), Айпері Құлбаеваның (Қырғызстан), Ринат Тәжібаевтың (Қарақалпақстан), Авирмед Балдандорждың (Моңғолия) орындауындағы жырлар да көпшілікті өзіндік өрнектерімен, ерекше әуезімен баурап алды.
Фестивальдің алғашқы күнінде өнерпаздар облыстың Бұқар жырау ауданында болып, ұлы жыраудың ескерткішіне тағзым етті. Аудан орталығы Ботақара кентінің мәдениет үйінде жергілікті халыққа концерт қойды.
Ал екінші күні Қарағанды қаласындағы Станиславский атындағы драма театрында көпшілік жыраулар сайысын тамашалады. Әсем өнерді әр қиырда дәріптеп жүрген жыршылардың өнеріне тәнті болған Арқа жұрты бір серпіліп қалды.
Фестиваль аясында сонымен қатар Тәттімбет атындағы ұлт аспаптары академиялық оркестрі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік және халықаралық байқаулардың лауреаты Н.Темірбеков өнер көрсетті.
Фестиваль қорытындысына барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы