Оуэнсті көпшілік «Жүгіру жолағының дарабозы», «Қара оқ» деп атайтын. Америкалық танымал спринтердің спорттық ғұмырының аяқталғанына 70 жылға жуықтап, ал өзінің өмірден өткеніне 38 жыл толса да, ол әлемнің ең үздік спортшыларының бірі болып қала бермек. 1935 жылы 45 минуттың ішінде 6 әлемдік рекорд орнатса, араға бір жыл салып Берлиндегі Олимпия ойындарында тұңғыш рет спорттың төрт түрінен: 100 метр, 200 метр және 4×100 метрге жүгіруден, сонымен қатар ұзындыққа секіруден чемпион атанды. Бір қарағанға, аңыз адамға айналу үшін осы жетістіктердің өзі-ақ жеткілікті. Бірақ Оуэнсті тарих нәсілшілдікке Берлинде тұрып соққы берген спортшы ретінде де біледі.
Джеймс Кливленд алты жасында аға-әпкелерімен бірге 7 шақырым қашықта орналасқан мектепке барамын деп шешеді. Үлкендерден қалып қоймас үшін оған үнемі жүгіруге тура келетін. Бірақ мәжбүрлі жүгірістің арқасында біз білетін спортшы өзінің ерекше қабілетін аңғара бастайды.
Сол мектеп, нақтырағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болмағанда, Джесси де бауырлары тәрізді қара жұмысқа білек сыбана кірісіп кетер ме еді. Чарли Рилей бұл баланың дене тұрпатына бірден назар аударады. Оған қоса желдей ескен жылдамдығы, ширақ қимыл-қозғалысы тағы бар. Сондықтан мұғалім Джессиге жеңіл атлетикамен айналысуға кеңес береді. Жеңіс те көп күттірген жоқ: алдымен мектеп арасындағы жарыстар, сонан соң колледж біріншіліктері, артынша елдің орталық-батысы түгел жиналатын ірі турнирлер.
Небәрі 15 жасында Оуэнс 10 метрді 10,8 секундта бағындырып, ұзындықта 7 метрге оп-оңай секіретін. Алайда дарынға спорт мектептері назар аударуға асыққан жоқ. Бұл, әрине біздің кейіпкердің сырт келбетіне байланысты. Мұны Джессидің өзі де жақсы түсінді. Сондықтан ол тек өз күшіне ғана сенуге, қандай қиындық кездессе де қасқайып қарсы тұруға тырысты. Бұл туралы ол өз кітабында былай деп жазады: «Бастауыш сыныптардан бастап-ақ әр күнім жаттығусыз өткен емес. Әкем жалшы болды, ал мен жетістікке жеткім келді, білім алсам дедім. Мақсатыма жетуге жүгіру көмектесті. Жүгіру мені адам секілді өмір сүруге үйретті».
Оуэнс 1936 жылғы Олимпия ойындарында да жеңіске жететіндігін аңғарта бастады. Бапкерлері артқан үмітті арқалап Джесси жаттығу мен жарысқа қатысу үшін Калифорнияға аттанды. Ол жақта өзіне беймәлім болып келген жаңа өмірге тап болды – байлық, киножұлдыздар, жанкүйерлер мен ақша. Көзін ашқалы мұндайды көрмеген жігітті таңсық дүние есінен тандыра жаздады. Жүгіру жолағында жеңілістің қандай болатындығын да Оуэнс Калифорнияда білді. Көпшілікке керегі де сол емес пе, басылымдар бірінен соң бірі басты үміткерді жолдан тайдыратын қарсыластар туралы жазып жатты.
Бұлай жалғаса берсе құрдымға кететін күннің алыс еместігін түсінген Джесси Огайоға оралып, Берлиндегі Олимпия ойындарына тыңғылықты жаттығуға кірісті. Көп ұзамай бабына еніп, ірі халықаралық турнирлерде қайта топ жара бастады. Енді қарсыластардың бәрі қапы қалып, Германия астанасында да атой салатын күн алыс еместей көрінген. Алайда оны кезекті кедергі күтіп тұрды. Ресми Берлинді антисемитизм мен ұлтаралық араздыққа ұмтылуда деп айыптаған қозғалыс мүшелері АҚШ спортшылары Олимпиададан бас тартуы керек деп пікір айтты. Қатарда басты арманынан бас тартқан Оуэнс те бар. Әдетте қаранәсілділердің пікіріне құлақ аспайтын қоғам бұл жолы Джессидің жұртшылықтың алдында айтқан сөздерін қызу талқылауға кірісті.
Дегенмен бойкот мәселесі де басылды. Ал АҚШ үкіметінің Германияға аттандырған комиссиясы Еуропадан қуанышты хабармен оралып, «Біз қалай да Олимпиадаға қатысуымыз керек, немістердің дайындығы өте жақсы, олар араздық тудыратын әрекетке жол бермейді» деп ойын ортаға салады. Кейіннен белгілі болғандай, комиссия мүшелігіне енген жалғыз Эвери Брандейдж о бастан-ақ рейхтің бастамасын қолдаушылар қатарында болған екен. Брандейждің сөзінің жаны да бар еді. Шынымен де Германия билігі ойындар барысында миллиондаған спорт жанкүйерінің алдында беделін жоғалтқысы келген жоқ. Әрі жергілікті спортшылардың АҚШ-тан келген қонақтардың тас-талқанын шығаратындығына сенді.
Олимпия ойындарының да көздегені сол – ақ нәсілділердің, арийлік атлеттердің өзгелерден үстемдігін дәлелдеу. Бастапқыда жергілікті спортшыларды ғана арнайы марапаттап жатқан Гитлерге Халықаралық Олимпиада комитеті ескерту жасағанда ол: «Сіздер мен қаранәсілділердің қолын қысып суретке түседі деп ойлайсыздар ма?! Ешқашан!» деп жауап береді. Сондықтан фюрер жеңімпаздарды арнайы қабылдаудан біржола бас тартты. Тиісінше 100 метрге жүгіруде екі немісті артқа қалдырған Джессидің алтынын да мойындағысы келген жоқ. Шамасы Гитлер Джессидің жеңісінде тағы бір неміс Ади Дасслердің еңбегі барын да сол сәтте білмесе керек. Бұлай дейтініміз, «Адидас» компаниясының негізін қалаған Дасслер жарыс алдында америкалыққа арнайы дайындаған спорттық аяқ киімін табыстаған.
Жүгіруде кеткен есе ұзындыққа секіруде қайтарылуы тиіс болатын. Жоспар бойынша Луц Лонг фюрердің де, жергілікті жанкүйердің де үмітті ақтауы керек еді. Соңғы мүмкіндігінде Луц 7 метр 87 сантиметрге бір-ақ секірді. Олимпиада рекорды! Гитлердің ойындағысы орындалуға кедергі жоқтай көрінген, бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Тағы да Джесси «кінәлі». Америкалыққа бағынғаны – 8 метр 6 сантиметр. Ашуға булыққан Гитлер орнынан атып тұрып, стадионнан шығып кетті. Лонг болса күміс медальді қанағат тұтқанымен қоймай, Оуэнсті бірінші болып құттықтап, қолынан жетектеген күйі стадионды айнала жүгіреді. Келесі күні Оуэнс 200 метрде алдына жан салмады. Бұл жолы жұрт орындарынан тұрып қол соқты. Джесси Берлинде жоспардан тыс тағы бір алтынға қол жеткізді. Осылайша Оуэнс Берлинде Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы атанды.
Джесси АҚШ-қа келген соң өмірі түбейгейлі өзгеретініне сенді. Ал қатал қоғам баз-баяғы қалпымен қара нәсілді жігітті батыр деп тануға дайын болмай шықты. Тіпті олимпиадашыларды арнайы қабылдаған Рузвельт Оуэнсті Ақ үйге шақырмақ түгілі, құттықтау хатын жолдауды да орынсыз деп тапты.
Ал жұрттың есіне оның бір кездері Берлинде жасаған ерлігі 50-жылдары ғана түсті. Бұл – халықтың нәсілшілдік дертінен біртін-біртін айыға бастаған кезі. Ал 1976 жылы Оуэнсті Джеральд Форд Ақ үйде арнайы қабылдап, Бостандық медалін табыстады. Араға төрт жыл салып, 1980 жылдың 31 наурызында 67 жасқа толуына бірнеше ай қалғанда өкпе қатерлі ісігінен аңыз атлет бақилыққа аттанды.
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист