Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Қазақстандағы жұмыспен қамту орталықтарының қызметі бағаланды

504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандастарымыз жұмыс іздеген кезде кімнің көмегіне жүгінеді? Достары мен таныстарының немесе рекрутингтік агенттіктер мен жұмыспен қамту орталықтарының көмегіне арқа сүйері анық.

Қазақстандағы жұмыспен қамту орталықтарының қызметі бағаланды

Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік рекрутинг тиімді жұмыс жасап отыр ма? «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасының әлеуметтанушылары мен сарапшылары осы сұрақтың жауабын іздеді. Жұмыспен қамту орталықтарының кәсіби жарамдылығы толығымен тексеруден өтіп, енді оларды түбегейлі жаңа өзгерістер күтіп тұр. Тіпті нақты өзгерістер заң деңгейінде қарастырылып қойылған.

Қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығы (ЦИОМ) жұмыспен қамту орталықтарының клиенттері арасында сауалнама жүргізсе, «К-BAGDAR» Халықаралық қоғамдық қоры орталықтардың ішкі қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне зерттеу жасады.

 Жұрт жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс табуға болатынын әдетте өз туыстарынан, достарынан, яки көршілерінен біліп жатады. Ең бастысы, мұнда көбіне көп қиын жағдайда жүрген адамдар келеді. Орталықтың көмегіне жүгінген клиенттердің 2,5 пайызында ғана материалдық қиыншылықтар болмайды екен. Мұнда келетіндердің жартысының ақшасы тек азық-түлікке ғана жетеді. Ал киім сатып алу, коммуналдық қызметтерді төлеу олардың қалтасына үлкен салмақ түсіреді. Жастық шақ пен кемел жас та – жұмыспен қамту орталықтарына келетін клиенттердің басындағы басты қайғы: тәжірибесі жоқ болғандықтан, жастар жұмыс таба алмай жүрген болса, 40-тан асқандардың жасы үлкен және қажетті білім деңгейі болмағандықтан, нәпақасын таба алмай олар да дал.

Жұмыспен қамту орталықтары осындай қиын жағдайға түскендерге көмектесе ала ма? Жүргізілген зерттеу көрсеткендей, көмектеседі екен. Сауалнамаға қатысқандардың 83 пайызы жұмыспен қамту орталықтарында оларға нақты қолдау көрсетілді деп жауап берген. Олардың кейбіреуі жаңа кәсіпті меңгеріп шықса (21%),  кейбіреуіне тұрақты жұмыс табылған (20%) немесе әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған (13%). Қалғаны қоғамдық жұмыстармен айналысып жүр (13%).  Жалпы алғанда, жұмыспен қамту орталықтарының көмегіне жүгінгендердің 70,2 пайызы мемлекеттік қызметтерге «бес» деген бағасын берген. Жұмыс берушілердің 38 пайызы жұмыспен қамту орталықтары қажетті мамандықтар бойынша жұмысшыларды тауып беруге көмектескенін айтқан. Олар осында қызметкерлерді іріктеу және жұмысшыларды тегін кәсіби оқытудан өткізу жөнінде кеңес ала алған. Техникалық базаның әлсіздігі, қызметкерлерге артылған жұмыстың көптігі сынды ішкі қажеттіліктерге қарамастан, жұмыспен қамту орталықтары өз жұмысын адал атқарып отыр. Ал мүмкіндіктерді кеңейту олардың еңбегін бұдан да жақсы етуге жағдай жасамақ.

2018 жылдың 16 сәуірінде халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселесі жөніндегі заңнамаға түзетулер қабылданды. Енді жұмыспен қамту орталықтары тиімді түрде жұмыс жасай алады. Орталықтардың ұйымдық-құқықтық құрылымы өзгеріп, енді олар заңды тұлға мәртебесіне ие болады, демек өз жұмысының нәтижесін көтеруге мүдделі болып, ұсынатын қызмет түрлерін кеңейте алады. Жұмыспен қамту орталықтары проактивтік форматта жұмыс жасап, уақыт талабынан оза қызмет ететін болады.

Сондай-ақ, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жекеменшік рекрутингтік агенттіктер де тартылады, қызметтердің бір бөлігі аутсорсингке оларға беріледі. Жұмыспен қамту жүйесіне жекеменшік агенттіктерді қосу да заңнама жүзінде реттеледі. Осы тұста жұмыспен қамту орталықтары жекеменшік агенттіктермен бәсекеге түсе алады. Ал бірыңғай электрондық биржа рекрутерлердің барлығы үшін олардың мәртебесіне қарамастан қолжетімді болатын оңтайлы құралға айналады. Осылайша нарық қатысушыларының барлығында ортақ мақсат және теңдей мүмкіндіктер пайда болады.

«Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында бүкіл еліміздегі жұмыспен қамту орталықтарының және ауылдық округтер әкімдіктерінің қажеттіліктері мен әлеуетіне биыл бағалау жүргізіліп бітеді. Бағалау қорытындысы бойынша олардың әлеуетін көтеруге арналған жоспар дайындалып, оған сәйкес жұмыспен қамту орталықтары қажетті материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етіліп, қызметкерлер біліктілікті көтеру курстарынан өтеді. Осы шаралар жұмыспен қамту ісімен айналысып отырған мемлекеттік қызметтердің жұмыс сапасын көтеруге жағдай жасамақ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Адам құқығы – басты назарда

Ата заң • Бүгін, 15:35