Іс-әрекетті зерттеу (Action Research) және сабақты зерттеу (Lesson Study) шеңберінде екінші рет ұйымдастырылған конференцияға 100-ден аса мұғалім қатысып, іс-тәжірибе алмасты.
Конференцияның басты мақсаты – мұғалімдердің сабақты зерттеуіне қатысты пікір алмасу алаңын құру, өз тәжірибесінде зерттеу жүргізіп жүрген ұстаздарға ары қарай даму үшін жағдай жасау. Өзектілігі күн санап артып келе жатқан конференцияға былтыр 80 мұғалім қатысса, биыл 100-ден аса мұғалім қатысуға қызығушылық білдірді, дейді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.
Өлке мұғалімдерінің басын қосқан жиында мектеп директоры Ермек Пайзов, іс әрекетті зерттеу тәжірибесі зияткерлік мектеп мұғалімдерінің тәжірибесін шыңдауға оң ықпалын тигізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, сабақты зерттеумен айналысқан ұстаздар саны күн санап артып келеді.
2016 жылы мектебіміздегі математика пәні мұғалімі Дублиндегі «European Conference on Educational Research” дүниежүзілік конференциясына қатысып, өз тәжірибесімен бөліссе, 2017 жылы бұл конференцияға Данияға барып, мектебімізден 3 мұғалім қатысып келді. Ал биыл, бұл жиынға қатысуға мектебімізден 18 зерттеу жұмысы жіберіліп, соның 7-еуі іріктеуден өтіп, шақырту алды, деді Ермек Пайзов.
Оның сөзінше, шақырту алған мұғалімдер 2018 жылдың қыркүйегінде Италиядағы Бользано қаласына барып, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтармен тәжірибе алмасады, өз зерттеулерімен бөліседі.
Мектеп директоры мұндай конференцияға басқа да мектептерден мұғалімдердің қатыстыру мақсатында ұйымдастырылып жатқандығын ерекше айтып өтті.
Конференция «Оқу және оқыту», «Саралап оқыту және бағалау», «Мұғалімнің көшбасшылығы және зерттеушілік» секцияларынан тұрды. Облыстағы жалпы білім беру мектептерінен жиналған ұстаздар да өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстар айтылды. Айта кету керек, Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығының тәжірибелі тренерлері ұстаздар алдында өзекті тақырыпты қозғап, көп көмек берді.
- 2014 жылы деңгейлік курстан өткен болатынмын. Сол уақыттан бері сабақты зерттеу үрдісіне қатысып жүрмін. Сабақты және баланың іс-әрекетін зерттеу жақсы нәтиже берпді деп айта аламын. Өйткені, өзім сабақ беретін сыныптардағы балалардың деңгейін, олардың даму бағыттары анықталып, жақсы нәтиже көрсетті. Зерттеуімді әлі де жалғастырамын, себебі бұл – бала мен мұғалім еңбегінің көрінісі, дейді Бейнеу гимназиясындағы химия-биология пәні мұғалімі Айгүл Қилыбаева.
Конференцияға соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы