Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.
Марапаттау рәсіміне еліміздің әр түкпірінен 20 батыр бала шақырылған болатын. Олар ерлік әрекеттері үшін ешқандай марапат алмаған балалар.
– Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Еліміздің жүрегі – Астана биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында бүгінде Астана тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналды. Астана тек қана еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығы емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің жүрегі саналады, – деді Қалмұханбет Қасымов марапаттау рәсімінде.
– Елорданың туған күні қарсаңында Астанаға еліміздің әр түкпірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз, – деп атап өтті министр.
Қалмұханбет Қасымов барлық балаларға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, қырағы, рухы күшті, ержүрек қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне ағалық тілектестігін жеткізді. Бұдан соң Қ.Қасымов батыр балаларды өз қолымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медальдарымен марапаттап, бағалық сыйлықтар ұсынды.
Салтанатты іс-шара барысында балалар құрметті қарауылдың өнерлерін, әскери оркестрдің орындауында патриоттық және әскери композицияларды тамашалады. Оқушылар сарайына және Астананың көрікті жерлеріне саяхат жасады.