Суретті түсірген автор
Олардың ішінде атап айтсақ, «Ақшың» сауда орталығының атқарушы директоры Ерлан Жақыпов, Артиллериялық дивизияның әскери қызметшісі Ермек Теңізбаев, №42 орта мектептің мұғалімі Аман Қонысбеков, Р.Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінің ұстазы Самат Кәріпжанов, «Нұрдәулет» балалар бақшасының тәрбиешісі Ернұр Ақпаров, Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсовод жетекшісі Мирас Құсайынов, Шақаман ауылдық округінің бас маманы Данияр Айдарбаев, Абайдың мемлекеттік қорық музейінің ғылыми қызметкері Мейіржан Нұрлановтар бар.
– Біз сайысқа түрлі мамандықта қызмет істеп жүрген сайдың тасындай өр жігіттерімізді шақырып отырмыз, – деді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина. – Алаштың ізбасарлары тек өздерінің ғана мамандықтары емес, басқа да таланттары бар екендіктерін халық алдында көрсете біліп, келер ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген мақсатты ұстандық.
Нар жігіттер әуелі өлеңмен өзін таныстырудан сынға түсті. Сол кезден бастап Ерлан Жақыпов алдыға оза шабатындығын бірден көрсетті. Кең дауысы, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетімен ерекшеленіп, сайысқа қатысып отырғандардан бірден алға шықты. Жеті қазынаның біріне жататын ер қаруын қолдануда тағы да Ерлан Жақыповтың бәсі жоғары болды. Ең мерген ретінде танылған Ерлан Жақыпов бірден 44 ұпай жинады. Одан кейін 41 ұпайды Мейіржан Нұрланов, 38 ұпайды Самат Кәріпжанов еншіледі.
Ұлттық киім киіп шыққан кезде де сайысқа қатысушылардың талғамы кеңінен бағаланды. Гир тасын көтеру, ән салып, ұлттық нақышта би билеу, салт-дәстүрлерді, тарихты жатқа айтып беріп, түсіндіруден «Алаштың нар жігіті» бас бәйгесін Ерлан Жақыпов иеленіп, беліне жеңістің белбеуін тақты.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ