Акцияның негізгі мақсаты аталған форумды насихаттау, сондай-ақ халықаралық «Жасыл технологиялар» орталығының жұмысын жандандырып, ондағы инвестициялық жобалардың азаматтық сектормен, бизнес және әлеуметтік нысандармен ынтымақтастығын көрсету. Іс-шараға №50 мектеп-лицейінің оқушылары, форум қонақтары, Қазақстанның экологиялық қоғам қайраткерлері, серіктестер қатысты.
Акцияның арнайы қонағы ғарышкер Андриана Марайс болды. Естіп білгеніміздей, Астана экономикалық форумына келген кванттық биология саласының 35 жастағы ғалымы А.Марайс – 2024 жылы Марсқа ұшуды жоспарлаған оңтүстікафрикалық азаматша. Ол әлемдегі 100 адамның бірі, Қызыл планетаға бару және сол жерде адамдық колония құру үшін «One Mars» жобасының қысқа тізіміне кірген бірегей тұлға ретінде қазғарыш мектебінің оқушыларына өте танымал. Акция басталғанға дейін 5-сыныптан Морзе алфавитін оқып, ғарыш саласының негізін үйреніп жатқан, жастайынан ғарышкер болуды армандаған жеткіншектердің сан алуан сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында Адриана Марайс Марсқа біржола кетпекші екендігін мәлімдеді. «Егер жолым болып жатса, қызыл ғаламшарда өмірімнің соңына дейін тұрақтап қалуға ниеттімін. Марста алғашқылардың бірі болып, тіршілік етуді армандаймын», дейді ол.
Әңгіме арасында Марайс ханым Марсқа Байқоңырдан ұшу ойында барын жеткізді. Ол үшін Қазақстанға тағы да сапар шегіп, біздегі ғарыш айлағын жіті зерттеп-зерделемекші екендігін айтты.
– Осы келгенімде Астанаға, жалпы Қазақстанға ғашық болдым. Байқоңырды бұрыннан білетінмін. Енді сол жаққа барғым келеді. Сіздерден бір емес, үш бірдей ғарышкер шыққан. Сондықтан, мүмкіндік болса, Марсқа Байқоңырдан ұшу ойымда бар. Қызыл планетаны зерттеп жүргеніме біраз болды. Онда мұз бар екені анықталды. Яғни су болса, тіршілік бар деген сөз. Сондықтан Марсқа біржола кетіп, сонда өмір сүруді көздеймін», – деді батыр қыз А.Марайс.
Райымбек батыр атындағы мектеп физика-математика бағытына негізделген. Оқушыларға ғарыш әлемі мұнда барынша тереңдетіліп оқытылады. Және бір ерекшелігі – оқу ордасында «жасыл экономика» саясаты сәтті жүзеге асырылған. Мектеп жылуды күннен алады. Арнайы қондырғылар орнатылған. Сондықтан тек Адриана Марайс емес, форумға келген өзге де меймандар осы білім ошағына арнайы ат басын бұрып, мұндағы «жасыл технологиялар» аясындағы тың жетістіктермен танысты.
– Елімізге келген біздің құрметті қонақтарымыз Қазақстандағы осы бағдарламаны өте дұрыс дейді. Өйткені «жасыл экономиканы» халыққа тарату үшін оны көрсету керек. Біздің осындай «жасыл технология» бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымызға олар қазір өздерінің жоғары бағасын беріп отыр», дейді «Жасыл технологиялар» мен инвестициялық жобалар орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Рақымбекова.
Көрмемен танысқан соң меймандар мектеп алдына көшеттер отырғызды. Мектеп директоры Роза Болатаеваның айтуынша ол жер енді «жасыл технологиялар» халықаралық орталығы аллеясы деп аталмақ. «Ағаш егу – әрбір адамның экологиялық мәселеге әлемдік деңгейде атсалысуы деген сөз. Оның басы-қасында жүрген «Жасыл экономика» және G-Global Коалициясымен әлеуметтік серіктес ретінде жұмыс атқарып келеміз. Біздің оқушылар «Жасыл болашақ» атты жобаны қорғап, осы серіктестер арқылы оны әрі қарай іске асыруды жоспарлауда. Болашақта «Жасыл болашақ» жобасымен мектеп ауласында жылыжай орнатуды көздеп отырмыз», дейді Роза Әбіләкімқызы.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»