Парламент • 22 Мамыр, 2018

Елімізде жанармай тапшылығы жоқ

374 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исим­баеваның төрағалығымен Мәжілісте өткен Үкімет саға­тында Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту мәселелері сөз болды.

Елімізде жанармай тапшылығы жоқ

Импортқа тәуелділіктен құтылар күн жақын

Жиында баяндама жасаған Энергетика министрі Қа­нат Бозымбаев биыл елімізде мұнай өндіру көлемін 87 млн тон­наға жеткізу жоспарланып отырғандығын айтты. Ол мұ­най өндіру көлемі бойынша Теңіз, Қарашығанақ және Қаша­ған кен орындарының басымдықтары туралы айта келе, депу­тат­тардың осы саланың өзге де мәселелерін қамтыған сауалдарына жауап берді.

Үкімет сағатын ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева депутаттар тарапынан мұнай-газ секторын дамыту үшін заңнамалар бойынша толық қолдау көрсетіліп отырғандығын жеткізді.

– Оның айғағы – кен және мұнай-газ саласын реттеудің жаңа тәсілдерін көздейтін Жер қойнауы туралы кодекс қабыл­данғандығы. Сондай-ақ өң­деуші секторға қатысты салық­тық саясаттың өзгеруі өңір­лер­дің әлеуметтік-экономи­калық тұр­ғыдан дамуының муль­типли­ка­тив­тік әсерін айтпағанда, мұнай-газ секторының одан әрі дамуына жа­ңа қарқын беруі тиіс, – деді Мә­жіліс Төрағасының орынбасары.

Ал Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев өз баяндамасында 2017 жылы және биылғы жыл­дың 4 айы ішінде мұнай-газ са­ла­сының секторлары бойынша елеулі өсім байқалғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, мұнайды өңдеу секторында өсімнің драй­вері – Теңіз, Қарашығанақ, Қа­шаған мұнай-газ жобалары болып қалуда. Өткен жылы Қа­шағанның өндірістік игерілу дәрежесіне шығуына байланысты республика бойынша жылдық мұнай өндіру көлемі 86,2 млн тоннаға дейін өскен. Оның ішінде Қашағанның үлесі – 8,3 млн тонна. Ал биылғы жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаға жетеді деп болжанған.

Энергетика министрлігінің болжамына сүйенер болсақ, 2022 жылдан кейін Теңіз кен орнында мұнай өндіру жылына 26-дан 39 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс. Сондай-ақ Қарашығанақ кен орнынан мұнай бұрғылау көлемі артып келеді. Жалпы 2025 жылға қарай елімізде жылына 104 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Бұл сала тікелей инвестиция үшін де тартымды болып қала бермек. Тиісінше, мұнай өнімдеріне ішкі сұранысты қамтамасыз ету деңгейі де жоғарылап келеді.

– Біріншіден, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың аяқталуымен мотор отынындағы импорттық тәуелділік үлесін төмендетті. Бүгін нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілуі бензинге – 90 пайыз, дизель отыны бойынша – 90 пайыз, әуе керосиніне – 58 пайыздан астамды құрады. Осы жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталады. 2018 жылы мұнай өңдеу көлемі 1 млн тоннадан аса жоғарылайды және 16 млн тоннаны құрайды, – деді Энергетика министрі.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы және автоматтандырылуы есебінен 2019 жылы импортқа тәуелділік жойылмақ. Оның үстіне мұнай өңдеу көлемі жылына орташа есеппен 300 мың тоннаға ұлғайтылғалы отыр.

Энергетика министрі бүгінде Кедендік одақ шеңберінде жұ­мыс істеу жағдайларын, фискал­дық режімдегі айырмашылық еске­ріле келе бағаның қатысу­шы елдермен теңдігі бақы­лауға алынғандығын де жет­кіз­ді. Мәселен, қазір Ресей Федера­циясында АИ маркалы бензиннің литрі – 214 теңге болса, біздің елімізде 160 теңгені құрайды. Оған қоса «Global Petroleum» халықаралық агенттігі бензин бағасына байланысты рейтингте елімізді бензиннің бағасы бойынша – 12, дизельдік отын бойынша – 14-орынға орналастырған. Демек, әлемде тек 11 елде ғана жанармай бағасы бізден төмен.

Қ.Бозымбаев өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынатын жаңа мұнай өңдеу зауытының орналасатын жері мен қаржыландыру көзі күз айларында белгілі болатындығын да атап өтті.

Астананы газдандыру жобасы дайын

Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» басымдықтардың бірі Астана қаласы мен еліміздің орталық және сол­түстік өңірлерін газдандыру екендігі бел­гілі. Энергетика министрі бұл жобаның алда­ғы шілде айында басталатындығын жеткізді.

– «Қызылорда – Жезқазған –Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша 1-ші кезең 2019 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады. 1-ші кезеңінің алдын ала құны 267,3 млрд теңгені құрайды. Мен басқаратын жұмыс тобына барлық мүдделі тараптардың құзыреті егжей-тегжейлі бекітілді. Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдігімен магистральдық газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы бойынша жол карталары әзірленді. 1-кезең өзінің бағыты бойынша 171 елді мекенді қамтуы тиіс, – деді Қ.Бозымбаев.

Жиында аталған мәселе бойынша сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов елорданың инфра­құрылымдары газ желісіне қосуға дайын екендігін мәлімдеді.

Жалпы еліміз бойынша бү­гінгі күнге 1320 елді мекен газ­дан­дырылған.

 Қ.Бозымбаевтың айтуынша, осы сұйы­тыл­ған газдың өндірісі де жылма-жыл артып келеді. Қа­зір оның шектік бағасын рет­тей­­тін заң жобасы Мәжілістің қа­рауына бері­ліп, аталған саланы дамытудың жобасы ұсыныл­ған.

Отандық мамандардың үлесі басым

Мұнай-газ химиясы саласында Энер­гетика министрлігі полиэтилен мен полипропилен өндірісін де жолға қоймақ. Бүгінде осы бағыттағы ауқымды жобаларға инвесторлар іздестірілуде.

Өнім демекші, мұнай-газ саласындағы қа­зақ­стандық үлесті арттыру бағытында да кешен­ді шаралар қолға алынған. Мәселен тауар, жұмыс пен қызмет саласындағы мемле­кет­тік қолдау мен талдаулардың нәтижесінде қазақ­стандық үлес соңғы жеті жылда үш есеге кө­бейген. Атап айтқанда, 2011 жылғы 680 млрд теңгеден 2017 жылы 2,1 трлн теңгеге жеткен.

Сонымен қатар қазақстандық жұмыс­шы­лардың да саны өсіп, шетелдік жұмысшылар саны жеті жылда 31 пайызға азайған.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, кен орын­дарын игерушілер отандық тауар, жұмыс пен қызмет көлемін 50 пайыздан төмен­детпеу және жергілікті мамандарды оқыту міндеттеледі. Бұл – шетелдік компаниялардың барлығына ортақ талап.

Болашақта жұмыстан босап қалған аза­мат­­­т­арды теңіз жобаларына, мұнай-химия­лық зауыттар құрылысына жұмылдыру көз­делген.

Осы ретте Үкімет сағатына қатысып, депутаттар сауалына жауап берген Білім және ғылым министрлігінің өкілі мұнай-газ саласында дәл қазір 10 мыңға жуық бос жұмыс орны бар екендігін атап өтті.

Үкімет сағатында депутаттар да аталған саланың жетістіктері мен қатар кемшіліктеріне де, қолға алынатын мәселелерге де назар аударды. Әсіресе Энер­гетика министрі мен өзге де құ­зырлы орган өкілдеріне атал­ған саладағы жобалар аясында қоршаған ортаны қорғау талап­тарын сақтау, көктемгі дала­лық жұмыстар кезінде диқан­дар­ды жеңілдетілген жанар-жағар­маймен қамту, импортты азайту және тағы басқа да өзекті мәсе­лелер бойынша сауалдар берілді.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке арнайы ұсынымдар әзірленбек.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»