Қазақстан • 22 Мамыр, 2018

Көлік инфрақұрылымының тиімділігі артып келеді

3928 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыру – қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі. Оның өзектілігіне ерекше мән берген Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жаңа Еуразиялық инфрақұрылымды дамытуға баса көңіл аударып, Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдаудың жылдық мөлшерін ұлғайтуды тапсырған болатын.

Көлік инфрақұрылымының тиімділігі артып келеді

Осы мақсатта ел Үкіметіне контейнермен тасымалданатын жүкті 2 миллион контейнерге дейін көбейтіп, жолау­шыларды әуе көлігімен тасымалдауды 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыру, сондай-ақ транзиттік тасы­мал­даудан түсетін табысты жылына 5 мил­лиард долларға дейін ұлғайту жүктелді.

Қазіргі таңда осы аталған міндет­терді орындау үшін біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Бағдарламада отандық автожол желілерінің құрылысы мен реконструкциясына басымдық беріледі.

Бүгінде елімізде 5 халықаралық темір жол және 6 автомобиль дәлізі құ­рыл­ды және қарқынды түрде жұмыс іс­тейді. Осы дәліздерді дамыту үшін еура­зиялық көлік дәліздерінің жаңа ар­хи­­тек­турасы құрылуда. Каспий ай­ма­ғы­ның Солтүстік-Оңтүстік және Транскас­пий халықаралық көлік бағыты сияқты дәліздер Қытайдан Еуропаға, Үндістаннан Еуропалық одақ елдеріне және Ресейге жүк тасымалдау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Каспий аймағындағы теңіз порттары Әзербайжанға, Түрікмен­станға, Ресей мен Иранға және одан әрі Таяу Шығысқа қол жеткізуге мүмкіндік туғызады.

Осы орайда тілге тиек етерлік жедел жобалардың бірі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі. Бұл жобаның арқасында Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға дейін жүктер 10-12 күн ішінде жеткізіледі, ал Оңтүстік Теңіз жолы бойымен 45-60 күнде жеткізуге болады.

Темір жол саласында жалпы ұзақты­ғы 112 км «Алматы – Шу» учаскесінде екінші жол желісінің құрылысы 2017 жылдың соңында аяқталды. Жал­пы, жобаны іске асыру учаскенің өт­кізу мүм­кіндігін 3 есеге, қозғалыс жыл­дамдығын 2 есеге арттырды.

Өткен жылдың мамыр айында елордада «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешені пайдалануға берілді. Жаңа вокзал тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал Астанадағы қолданыстағы ескі вокзалмен қоса алғанда тәулігіне 47 мың жолаушыға қызмет көрсетіледі. Бұл елордадағы жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз ететін көрсеткіш.

Бүгінгі таңда Каспий теңізіндегі Құрық портының жаңа темір жол паром терминалы арқылы миллион тонна­дан астам жүк өңделді. Автомобильге ар­нал­ған бөлігін дамыту жалғасуда, жос­пар бойынша құрылыс биылғы жыл­дың соңына дейін аяқталуға тиіс. Нәти­жесінде порттың жылдық жалпы қуаты 6 млн тоннаға дейін жететін болады.

Еліміздің шығысында, Қытаймен шекара маңындағы аумақтағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында 2015 жылы Құрлық портының және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Құрлық портта клиенттерге «бір терезе» қағидаты бойынша көлік-логистика қызметтерінің барлық түрін, оның ішінде кедендік және брокерлік қызмет көрсету мүмкін­діктері қарастырылған.

2017 жылы Астана қаласы әуе­жайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды. Терминал ауданы 47 мың шаршы метрді алып жатыр. Жаңа нысан­ның жолаушылар өткізу мүмкін­дігі жылына 5 млн адамды құрайды. Қолданыстағы бұрынғы терминалдың мүмкіндігі 3,2 млн адамға тең болатын. Яғни терминалдың қазіргі мүмкіндігі жыл сайын бас-аяғы 8,2 млн жолаушы немесе 2525 жолаушы/сағатты құрайды.

Жаңа терминалда LOT Polish Airlines», «WizzAir», «FinnAir», «Air China», «Lufthansa», «Air Arabia» және басқалар сынды шетелдік  17 әуе тасы­мал­даушы компания халықаралық рейстерде қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ Дели, Варшава, Хельсинки, Будапешт, Бейжің, Ереван, Киев, Батуми, Минеральные воды сынды бағыттарға жаңа рейстер ашылды. Қазіргі уақытта халықаралық әуе қатынастарының саны – 96. 2018 жылы Астана қаласынан Вильнюс, Ереван, Ұлан-Батыр, Том, Омбы, Түмен, Челябі бағыттарына халықаралық әуе қатынастарын ашу жоспарлануда. 2019 жылы – Токио мен Сингапурға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йоркке әуе қатынастары ашылу­ға тиіс. Қазіргі уақытта елімізде 15 әуежай Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) санатына сай қызмет атқаруда.

Алдағы уақытта Қазақстан арқылы Қытай-Еуропа бағыты бойынша тран­зит­тік жүк қозғалысы күшейеді деп болжам жасауға болады. Бүгінгі таңда көлік-логистикалық қызметтерде Қытай – Еуропа – Қытай тұрақты контейнерлік желілері ашылып, 15 халықаралық бағыт­та жүк ағынын Қытай (Чэнду, Ухань, Чженджоу, Чунцин, Путиян, Урумчи, Хэфэй, Ланчжоу, Чендоу, Иву, Сиань, Сининг)  мен Еуропа (Дуйсбург, Кутно, Гамбург, Лодзь, Нюрнберг, Ктока, Тилбург, Шатокай, Мадрид, Ма­ла­ше­вич, Антверпен, Тересполь, Пар­дуби­це) негізгі біріктіру пункттері енгізілді.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асырудың стратегиялық мақсаты – контейнерлік тасымалды дамыту. Сол себепті 2011 жылмен салыстырғанда Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік пойыздар көлемі 100 еседен астамға артты. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 2 миллион контейнерге дейін ұлғайту жоспарлануда.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қытай – Еуропа – Қытай бағытын­дағы контейнерлік тасымалдардың көлемі 201 мың контейнерді құрады. Ол 2016 жылғы (104,5 мың контейнер) кезеңмен салыстырғанда 92 %-ға артық. Контейнерлік тасымалдауды одан әрі дамыту үшін бүгінгі күні жылдамдықты арттыру, технологиялық процестерді оңтайландыру, жаңа мультимодальды тасымалдау схемаларын қолдану және автоматтандырылған жүйені енгізу арқылы жеткізу уақытын қысқарту үшін қосымша жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның Жапония, Корея, Вьетнам және басқа да елдерінен әлеуетті жөнелтушілерді тартуға және Еуропадан Азияға кері қайтаруды арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қазір Үкімет кезең-кезеңімен жаңа технологияларды енгізіп, сыртқы және ішкі көліктік-логистикалық орталықтар арасындағы тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз етіп, мультимодальды тасымалдарды жүзеге асыруда. Сонымен қатар  оны тиімді басқару, тасымалдау жылдамдығын арттыру, жоғары сапалы логистикалық қызметтерді ұсыну және одан мемлекетке түсетін табысты ұлғайту көзделген.

Роман СКЛЯР,
Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі