Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана елордамыздың 20 жылдығына орай «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік шара қарсаңында «Әлем астаналарының шежіресі» атты халықаралық кітап көрмесін өткізді.
Айтулы шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ Басқарма төрағасы, Дархан Қыдырәлі және Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева, сонымен қатар бірқатар ТМД және әлем елдері ұлттық кітапханаларының жетекшілері, Қазақстанның ұлттық және аймақтық кітапханалары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, мемлекеттік мәдениет, білім және ғылым институттарының жауапты қызметкерлері, кітапханашылар қатысты.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы шараға алыс-жақыннан келген барлық қонақтарды Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, алғысын айтты. «Бұл бәрімізге айтулы мереке. Осы мереке аясында өтіп жатқан «Әлем астаналарының шежіресі» атты халықаралық кітап көрмесінің орны бөлек. Рухани жаңғыру бүгінгі таңда еліміздің алға қойған бірінші мақсаты деуге болады. Осыны ұйымдастырған Ұлттық кітапханаға, Қазақстан Жазушылар одағына және өзге де атсалысқан ұйымдарға рақмет айтамын», деді ол.
Елорданың іргетасын бірге қаласқан ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Астананың алғаш құрылған кездегі жағдайын еске алып, оның бүгінгі бет-бейнесіне тоқтала келе: «Мен Астананы мақтан тұтамын, оны әрқайсымыз қастерлеп, мәпелеп сүюіміз керек. Бүгінгі шара сондай бір танымдық, мәдени, рухани ауқымды шара болды. Жастар осыны жанымен сезініп, пайдаға жаратса игі», деді.
Сондай-ақ Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин де сөз сөйлеп: «Ең алдымен барлықтарыңызды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келіп тұр. Бұл барша қазақ үшін ғана емес, Қазақстандағы барлық халықтар үшін де айтулы мереке. Осы аз уақыттың ішінде Астана Қазақстанның жаңа орталығы ретінде бекіп, барлық халық мақтанатындай деңгейде дамыды. Астана дамудың жақсы үлгісін көрсетіп келеді. Себебі экономикада да, әлеуметтік дамуда да, қаржы жағынан да Астана алда келеді және бұл қала халықаралық келіссөздер алаңына айналды. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның дамуына қомақты үлес қоса алатын жетістік деуге болады. Мен Ресейдің де Астананың дамуына үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Экономика мен бизнес, мәдениет салалары бойынша да екі мемлекет арасында достық байланыс нығая бермек», деді. Сонымен бірге өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, «Әлем астаналарының шежіресі» атты халықаралық көрмені өткізу мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда іргелі факторлар саналатын мәдени, ғылыми және білім беру байланыстарын нығайту үшін өте маңызды екенін айтты.
Көрме аясында Ұлттық академиялық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі «Қазақстан астаналарының тарихы туралы сирек кітаптар» көрмесін дайындады. Көрмеде 1920 жылдан 1950 жылға дейін Орынбор, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Мәскеу қалаларында жарық көрген 100-ден астам ерекше кітаптар, мерзімді басылымдар, Қазақстан астаналары тарихының жекелеген кезеңдері көрсетілді.
Іс-шараны жүзеге асыру барысында әлемнің ірі кітапханалары Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап астаналарды көшірудің әлемдік хроникасы туралы, әлем елдерінің тарихын анықтауға үлес қосқан шығармалар мен еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысы бар жазба мұралар туралы мол мағлұмат беретін сирек басылымдар мен фотоколлекциялардан құралатын деректі көрмелер ұйымдастырды.
Көрмеде Италияның Амброзиана кітапханасының құнды үш қолжазбасының көшірмелері ұсынылды. Олар: Леонардо да Винчидің басты көмекшілері – Ренессанс дәуірінің ұлы математигі Лука Пачолидің «De Divina Proportione», Симон Мартинидің миниатюралары бар IV-V ғасырдағы ежелгі грек кодексі «Ильяс-Пикта», Франческо Петрарканың Вергилия жұмыстары бар қолжазбасы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған көрме – тарихи мұраны насихаттауға бағытталған және Қазақстанның мәдени және тарихи құндылықтарының халықаралық маңызын арттыратын ірі мәдени-имидждік жоба екенін айғақтады.
Көрме аясында әнші Бағдат Сәмединова «Астанаға сәлем» әнін шырқаса, жапон елінің әншісі Риоко Мичида Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әнін орындады. Риоко Мичиданың айтуынша, ол 2016 жылы Хиросимаға ресми сапармен барған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында осы «Заман-ай» әнін жапон тілінде шырқап берген екен.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»