Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды

1783 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылында белгілі суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды.

Суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды

Фото: Рафхат ХАЛЕЛОВ

Мәскеудегі Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтында (ГИТИС) және Ленинград театр, музыка және кинематография институтында білім алған ерекше талантты өнер иесі Сәкен Ғұмаров дәл осы Жалпақтал ауылындағы халық театрында еңбек жолын бастаған екен. Сан қырлы өнері бар тұлға театр сахнасында да еңбек етті, Орал телестудиясында бас режиссер болды. Энциклопедиялық білімі бар талант иесі советтік цензураның қалыбына сыймай, көп теперіш көргені де рас. Ерекше мәнерде, сәби стилінде салған суреттерін де көрермен тек СССР күйреген соң мойындай бастаған екен. Алғашқы туындылары 1950 жылдардың ортасында салынса да, Сәкен Ғұмаровтың тұңғыш жеке көрмесі 1990 жылы Киев қаласында өтіпті. Содан кейін ғана Мәскеу, Будапешт, Алматы қалаларында туындылары халық назарына ұсынылып, суретшілік даңқы шыға бастады. Өмір бойы тар пәтерде тұрып, шығармашылық қарымын толық таныта алмаған қылқалам шеберіне Орал қаласында жеке шеберхана берілді. Бірақ суретші 1995 жылы 58 жасында өмірден өтті, шеберхана үйі Сәкен Ғұмаров мұражайына айналды.

Дүниетанымы терең, өмірге өзіндік көзқарасы бар Сәкен Ғұмаров сөзге де шешен еді, қазақша, орысша өте шебер сөйлейтін, өлеңдері поэзия тарландарының өзін таңғалдыратын. Қысқа ғұмырында СССР Журналистер Одағының, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі атынып, талай қырын мойындатып кетті. Оның картиналарының тақырыбы да қызық: «Түркілер», «Бағзы заман түркілері», «Аспани әуез», «Бестиарий», «Қанағаттың ақ күні», «Ақ қаз», «Бастар мен денелер» картиналары мен циклдері көрген жанды тылсым әлемге тартатын. Көркемсуреттің қазақстандық поставангардизм бағытының негізін салып кеткен суретшінің өнеріне куә болған адамның бей-жай қалатыны сирек.

Қабырғада қанша сурет ілінген!

Дал боламын түсіне алмай бірін мен.

Шарасыздық шырмап алған санамды,

Сезіледі демімдегі дірілден.

«Адам деген алты аяқты болама?

Үшбұрыш бас - үйлеспейді жобаға».

Осы ойлармен ұзақ қарап тұрамын,

Тығырыққа тіреліп сан жорамал.

Тажал түсіп келе жатыр ғарыштан,

Құбыжықтар бір-бірімен алысқан.

Бұраңдайды айдаһардың құйрығы,

Кеуде жағы - жалы құлаш арыстан!

Анау аспан, осы мына жер үсті,

Неге сонша бір-бірімен керісті.

Алауыздық адамдарды аздырып,

Ібілістер тойлап жатыр жеңісті...

Бір суретте - шыңырау мен қия-шың,

Шыңырауға салған қыран ұясын?!

Қия-шыңға өрмелеген жыланға,

Биіктікті қалай ғана қиясың.

Адам неге ойға бәрін жыяды?

Бір басына солар қалай сыяды?

Түсінбесем, түсінбей-ақ қояйын,

Ғажап бірақ Ғұмаровтың қиялы!

Мойын бұрмай қылығына тасырдың,

Сәкен аға, сен өнерге бас ұрдың.

Суреттерің бет-бейнесі сияқты,

Қан құстырған жиырмасыншы ғасырдың

Адамдар аз заманамен бір үні,

Көп нәрселер ойлантпайды тіріні.

Ғұмыры ұзақ іс тындырам деп жүріп,

Қысқа болды Ғұмаровтық ғұмыры... – дейді ақын Айтқали Нәріков қылқалам шеберіне арнаған өлеңінде.

Өмірден ерте кеткен Сәкен Ғұмаровтың өнерін насихаттауда досы Мерғат Ахметов пен Виктор Киянский көп еңбек сіңіргенін айту керек. Сәкен Ғұмаров атындағы қор құрып, суретшінің шығармашылығына арналған жинақтар шығарды. Жалпақталдағы ерекше әсем ескерткіштің ашылуына да мұрындық болды. Суретшінің шашы дудырап отырған шабытты шағын елімізге белгілі мүсінші Нұрлан Далбай жасаса, оның қаржысын техника ғылымдарының докторы, академик Талан Оразғалиев көтеріп алыпты. Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында қойылған Сәкен Ғұмаров ескерткіші де әдеттегідей биік тұғырда, қол жетпес жерде емес, қадімгі саябақта тұратын орындықта «отыр». Кез келген адам суретші Сәкеннің жанында отырып сырласуға, бірге суретке түсуге болатындай жасалған. Әдемі шешім, әсем бейне.

Жалпақталдағы суретші ескерткіші салтанатпен ашылып, Сәкен Ғұмаровқа арналған «Ғарыш мінезді адам» қысқаметражды фильм көрсетілген соң, шаралар соңы «Сәкен Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жалпақтал Мәдениет үйінің фойесінде С.Ғұмаров музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті оқушылардың «Әсемдік әлеміне саяхат» атты көрмесі қойылды. Бұл Қазталов ауданында қазақ сурет өнерінің жұлдызы жарқыраған ерекше күн болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы