ІІМ басшысы атап өткендей, жыл сайын табиғи өрт деңгейі айтарлықтай артып келеді. Сонымен қатар, бүгінде өңірлерде орман және дала өрттерінің алдын-алу шаралары басталды.
«Мамыр айының соңына дейін Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге қарайтын ұлттық парктерді, табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды. Балалар лагерлерін тексеруге де ерекше назар аударып отырмыз», — деді Қ. Қасымов.
Орман-дала алқаптары мен демалыс орындарын күн сайын патрульдеу қолға алынған. Осы мақсатта мемлекеттік өрт бақылау, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті полиция қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар құрылуда.
Қазіргі таңда шекаралас аймақтарда бірлесе әрекет ету мәселелері қаралып жатыр. Осыған орай, Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігінің көршілес жатқан бес бөліністерімен тактикалық оқу-жаттығулар өткізу жоспарланған.
Ішкі істер министрі, сондай-ақ, қосымша пысықтауды талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында — өңірлердің автоцистерналармен аз қамтылуы, техниканың ескіруі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердің болуы.
Бұдан өзге, Қ. Қасымов «Семей орманы» резерватындағы кешегі өрттің салдарын жою барысы туралы хабарлады. ІІМ басшысының айтуынша, Семей маңындағы қарағай орманында 21 мамырда сағат 14.30-да өрт шыққан. Өртті сөндіру кезінде 8 бірлік техника және табиғи резерваттан 79 адам тартылған. Сонымен қатар, қосымша 244 адам мен 55 бірлік техника тартылған. Өскеменнен МИ-8 тікұшағы келді. Сағат 21:00-де жалпы күштердің көмегімен өрт толық сөндірілді.
«100 гектар орман өртке оранды, қазіргі кезде өрт сөндірілген, өрттің таралу қаупі жоқ, тергеу тобы өрттің пайда болу себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді Қ. Қасымов.
Сонымен қатар, Қ. Қасымовтың айтуынша, өрттің негізгі себебі — адам факторы, белгіленген ережелер мен шараларды сақтамау.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ұ. Жазылбек өңірлердегі орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық мәселелері жөнінде баяндады.
Осы жылдың өрт қаупі бар маусымында мемлекеттік орман иеленушілердің орман өрттерін жоюға дайындығы туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев баяндады.
Еліміздің мемлекеттік орман қорының (МОҚ) жалпы көлемі 29,8 млн гектарды құрайды. Өрт таралуының негізгі себебі — орман мекемелерінің әлсіз материалдық-техникалық базасы, сондай-ақ өрт бақылау мұнараларының жоқтығы.
2018 жылдың өрт қаупі бар маусымына дайындық кезінде АШМ әзірлік іс-шараларының кешенін өткізді.
ҚР аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, сондай-ақ облыстар әкімдіктерінің орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, АШМ табиғат қорғау мекемелерінің және ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының орман өрттерімен күрес бойынша өзара іс-қимыл жоспарлары келісілді.
А. Евниевтің айтуынша, 244 дана өрт сөндіру автомашинасы жөнделіп, дайындық жағдайына келтірілді, сондай-ақ 460 дана дөңгелекті тракторлар пайдалануға дайын.
«Ғарыш сапары» АҚ–мен бірлесіп орман өрттері мен орман қоры алқаптарына ғарыштық мониторинг жүргізу мәселесі пысықталды.
«Орман өрттерін уақытылы анықтау және жою мақсатында ағымдағы жылы «Қазавиаорманқорғау» РМҚК күшімен республиканың сегіз облысында 8,869 млн гектар алқапта немесе республиканың мемлекеттік орман қоры аумағының 30%-ында авиациямен қарауылдау жүзеге асырылатын болады», — деді А. Евниев.
Ішкі істер және ауыл шаруашылығы министрліктерінің есептерін қарағаннан кейін, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, биыл Қазгидромет болжамына сәйкес республиканың кейбір өңірлерінде жаз мезгілінде ауа температурасы нормадан жоғары болатынын атап өтті. Бұл жағдайлар еліміздің орман және дала аймақтарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне көбірек назар аударуды талап етеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Инвестициялар және даму министрлігіне облыстарының, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесе отырып, табиғатты қорғау және орман мекемелерінің өртке қарсы техникамен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру шараларын қабылдау тапсырылды.
Әкімдіктер мен Ішкі істер министрлігіне балалар сауықтыру лагерлерінің, санаторийлер мен демалыс орындарының өртке қарсы қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару тапсырылды.
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.
Аталған мәселе бойынша үйлестіру жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеевке тапсырылды.