Жиында журналистердің сауалына жауап берген актриса Самал Еслямова алдымен өзінің өмір жолы туралы әңгімелеп берді.«Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Аққайың ауданы Аралағаш ауылында дүниеге келдім. Ешқашан актриса боламын деп ойлаған жоқпын. Бұйрық болар, Петропавлдағы өнер колледжіне түскеннен кейін нағыз қызық басталды. Әр рольдегі адам тағдыры өздігінен иіріп әкетеді. Ары қарай осы салада биіктерден көрінгім келеді», дейді актриса Самал Еслямова. Сондай-ақ ол өзінің әлеуметтік желілерде белсенді емес екенін де түсіндіре кетті, «Ал әлеуметтік желі дегенді ұнатып көрмеппін. Себебі жақындарыммен, достарыммен шынайы өмірде жүздесіп сөйлескенді жақсы көремін».
Самалдың айтуынша, фестивальден соң көптеген ұсыныстар келіп түскен. «Қазірге дейін Сергей Дворцевойдың режиссерлігімен түсірілген «Қызғалдақ» және «Айка» фильмінде ойнадым. «Айка» фильмінің түсірілім жұмыстары кезінде дат режиссері Томас Винтервергтің картинасына түсуге шақырту алдым. Өз картинасын шынайы жасай алатын талғампаз режиссерлармен жұмыс істеген болар едім», дейді Самал Еслямова.
Ая ӨМІРТАЙ,
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»