– Қазіргі жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы заңдылық. Осы орайда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болмақ, – деп мәслихаттың беташар сөзін бастаған өңір басшысы әрі қарай бағдарлама аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтар болсақ, өткен жылы бағдарлама аясында облыста 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 79 жоба жүзеге асыпты. Соның бірі – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында облыс аумағында орналасқан 12 нысан жалпыұлттық тізімге, 35 нысан өңірлік маңызға ие ескерткіштер қатарына қосылса, интерактивті картаға әртүрлі деңгейдегі 150 ескерткіш қамтылыпты.
Жоғарыдағы жалпыұлттық маңызға ие болған нысандар қатарында: Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ және ежелгі тарихи орындар: Жанкент, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Қорқыт ата, Бегім ана, Оқшы ата, Хорасан, Қылышты кешен-кесенелері мен Жанқожа, Бұқарбай батырлар мазары еніпті.
Осылардың ішінде Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені мен оның жанынан ашылған этноауылға келушілер көп. Өткен жылы нысанды тамашалау үшін 15 мың адам ат басын бұрған.
Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жаңадан «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңаланыпты. Өңірлік мәні басым «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты кіші бағдарламалар әзірленіп, жол картасы негізінде 81 жоба жүзеге асырылыпты. Биыл осындай мақсатқа облыстық бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілер есебінен 22 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарда бар екен.
Өңір үшін тағы бір басты жаңалық Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» кафедрасы ашылып, ол жерде «Мәңгілік Ел және ұлттық дәстүр», «Өркениеттің негіздері» атты арнайы пәндер оқытылуда.
Мұның сыртында, орта арнаулы білім беру мекемелеріне арналған қазақ тілінде «Өлкетану» атты оқулық әзірленіп, оның сараптамадан өткен соңғы нұсқасы баспа өндірісіне жолданса, облыс орталығындағы «Дарын» қосымша білім беру мектебі жанынан физика-математика мектеп-интернатын ашу үшін ұйымдастыру-дайындық жұмыстары жүргізілуде екен.
Соңғы төрт жылдан бері аймақта халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық- музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналып, бұл мәдени шараға Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Түркия, Қытай және еліміз өнерпаздары қатысып, жыл өткен сайын фестиваль ауқымы кеңейіп келеді.
– «Сыр елі – жыр елі» дейтіндей болашақта облыс орталығында заманауи деңгейде жарақталған жыраулар мектебі «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жыршылық дәстүрді насихаттайтын боламыз, оған ел көлеміндегі барлық талантты жастарды тартуды ойлап отырмыз, – дейді Қырымбек Елеуұлы.
Сондай-ақ алдағы күндері облыстың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін фотоальбом жарық көрмек. Бұл жинаққа АҚШ пен Еуропа елдері архивтерінен алынған Сыр өңірінің тарихына қатысты тың деректер тұңғыш рет жарияланбақ.
Өңірде «Туған жер» жобасын сәтті жүргізу үшін былтыр кәсіпорындар мен жергілікті әкімдік арасында өзара әріптестік туралы меморандумдар жасалып, нәтижесінде меценаттар есебінен білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын жаңартуға, балалар ойын алаңдарын, аллеялар мен скверлер салуға 6 млрд теңгеден астам қаржы тартылыпты.
Аймақтың білім саласында да жаңалық жетерлік. Қазіргі таңда қызылордалық 452 түлек келісімге сәйкес Ресей Федерациясы үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің беделді жоғары оқу орындарында инженерлік білім алып жатыр. «Қызылорда – осындай білім беруді ұйымдастырып отырған еліміздегі бірден-бір облыс», дейді өңір басшысы.
Бұл іс әрі қарай да жалғаса бермек. Биылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша қызылордалықтар үшін арнайы 20 грант бөлсе, Татарстан басшысы жыл сайын 20 жасты өз елінің есебінен Иннополис университетінде ақпараттық және цифрлы технологиялар бойынша оқытуды қолдап отыр. Бұған қоса, 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды бала жыл сайын облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.
Қысқасы, Сыр елінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруа ұшан-теңіз. Десек те облыс басшылығы Жоғарғы сотпен бірлесіп, өңірлік дауларды сотсыз шешу мақсатында «Сотсыз татуласу орталығын» құру туралы қанатқақты жобаны қолға алыпты...
– Ең бастысы, бізде қандай да жұмысты нәтижелі жүзеге асыратын мүмкіндік бар. Осыны терең ұғынған жағдайда ғана біз Елбасының халық игілігі үшін қойып отырған міндеттерін абыроймен атқара аламыз, – деп жиынды қорытындылады өңір басшысы.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»