Мәжіліс Төрағасы мақұлданған жаңа заң жобасының қазақстандықтар үшін маңыздылығына тоқтала отырып, құжат Елбасының екінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға септігін тигізетінін, төмен жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгін біз әлеуметтік маңызы зор тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ең бастысы – бұл құжат тікелей Елбасымыздың бес бастамасында айтылған екінші бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Осы өзгерістер жалақысы төмен азаматтарымыздың табысын көбейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз», деді Н.Нығматулин.
Құжатта қарастырылған түзетулер Салық кодексі мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңға енгізілмек. Атап айтқанда, еңбекақысы айына айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспайтын жұмыскерлерге салынатын салық мөлшерлемесі азаяды. Бұл норма 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Осы бастаманың нәтижесінде, елдегі жұмысшылардың кемінде үштен екісінің, яғни екі миллионнан астам адамның жалақысы көбейеді. Оның үстіне, жұмыс берушілерге ауыртпалық салынбайды.
Заң жобасы аясында бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төлеуді енгізу қарастырылған.
Сондай-ақ депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу кезеңін нақтылау, әлеуметтік келісімшартты ұзарту және оның ережелерін өзгерту талаптарын және шартты ақшалай көмекті алушылар санаттарын нақтылау бөлігіне түзету енгізді.
Заң жобасы бойынша балаларды оңалтуды ерте қолға алудың маңыздылығын ескере отырып, аудан орталықтарында мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық, медициналық және педагогикалық түзеу арқылы қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған.
Осы ретте басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедекті, екінші топтағы жалғызілікті мүгедекті және жасына байланысты зейнеткерді, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамды күтіп-бағу кезеңдерін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қосу бойынша қосымша түзетулер енгізді.
Бұдан бөлек, отырыста депутаттар тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, заң жобасының мақсаты – венчурлық қаржыландыруды дамыту үшін құқықтық база құру және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін дамыту. Сонымен қатар венчурлық қызметті қолдаудағы мемлекеттің рөлі күшейтіледі. Инвесторлардың, басқарушы компаниялардың, венчурлық қорлардың өздерінің өкілеттіктерін және міндеттерін жүзеге асырудағы қарым-қатынастарын реттеу үшін жаңа шарттық құралдар енгізіледі.
Сондай-ақ түзетулер индустриялық-инновациялық қызметті қолдау шараларын толықтырып, венчурлық қорларға мемлекеттік қаржыландырудың жаңа тетігіне айналмақ.
Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементі ретінде венчурлық қордың анықтамасы, даму институттары және басқа да ұлттық компаниялар арқылы венчурлық қорлар тарапынан тең қаржыландыру мүмкіндігі, тиімділікті бағалауға негізделген тәсілдерді енгізу мәселелері де қарастырылған.
«Заң жобасын қабылдау арқылы жеке венчурлық капитал нарығын ынталандыру, цифрлы және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйелерін дамыту, нақты сектордың инновациялық белсенділігін арттыру, шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, интеллектуалды ресурстар ағынын көбейту сияқты жұмыстарды атқарамыз», деді ведомство басшысы.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға түсті. Аталған мәселе бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады.
Конституциялық заң жобасында мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесін енгізу қарастырылған. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу ұсынылады. Округтік сайлау комиссиялары таратылады. Сонымен қатар заң жобасының жаңалықтардың бірі сайлаушылар тізімін цифрландыру болып табылады.
«Мәслихат депутаттарын сайлау процесін жетілдіруге байланысты аудандық сайлау комиссияларын жою ұсынылады. Олардың қызметтері мен өкілеттіктері аумақтық сайлау комиссияларына беріледі. Олардың екі мүшесі өздерінің өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырады», деді министр.
Ведомство басшысы ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау қалай жүргізілетінін түсіндірді. Әкімді жергілікті тұрғындар жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасын интеграциялау арқылы сайлаушылардың тізімдерін құрастыру тәртібін қайта қарау ұсынылады.
Сонымен қатар Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі басқару туралы заңдарға, саяси партияларға және мемлекеттік қызметке қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Сонымен аталған заң жобасы депутаттар тарапынан мақұлданды.
Мәжіліс, сондай-ақ діни қызмет және діни бірлестіктерге қатысты заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң жобаларын түзетулермен мақұлдады.
Бүгінгі күні Палата тиісті комитеттердің ұсынысымен агроөнеркәсіптік кешенді реттеу туралы заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылауды жалғастыруға қатысты жұмысты одан әрі жүргізетін болды. Бұдан бөлек, депутаттар Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыс соңында бірқатар депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына сауалдар жолдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»