Медицина • 25 Мамыр, 2018

Талбесігің тәрк етілсе...

561 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде әлеуметтік желілердің әлеуметтің көңіл-күйін көрсе­тетін айнаға айналғаны анық. Жуырда исі қазақ атаулы қасиет тұтатын талбесіктің қоқысқа тасталған суреті желіні шарлап, көрген жан жағасын ұстап, сан түрлі пікірлер жазылды.

Талбесігің тәрк етілсе...

«…Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылы­мыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелдің халін түзе!» деп өткен ғасыр­дың басында Мұхтар Әуезов айт­қандай, бүгінде тағы­лым­ды түзеу әлі де өзек­ті­лігін жоймай отыр. Ол уа­қытта қазақ әйелі негізінен ұстаз ұлағатын сіңіріп, мектеп тәлімін алмауынан зардап шексе, қазіргі проблема оқыған, көзі ашық қазақ қыз­дарының тарапынан тууда.

Жақында жаппыұлт­тық ата-аналар жиналысына қа­тысуға барған ана жиналыс өтетін аудитория­ға жақын орналасқан қыз­дар дәретханасына кіріп, қабыр­ғада жазылғанды оқып, қат­ты шошып, Уатсаптағы әйел­­­дер ара­сын­дағы чат­қа жаз­­баны түсіріп салды. «Түні­мен ұйықтай алмадым. Мектепте оқитын қыздары­мыз үлкен әйелдердің бір-біріне қысылып айта алмайтын дүниесін қабырғаға жазып, қандай ләззат алғанымен ортақтасыпты. Сұм­дық екен. Жалпы, мен бұл мектептен баламды алып кетемін деп жүр­генмін. Ал бірақ соны­мен іс біте ме? Бүгін басқа қабат­тар­дағы дәрет­хана­ларды да барып көрдік, оларда да неше түрлі сөздер жазылған. Директор жазуды ақтатып, сылап, бояп тастаймыз дейді. Жарайды, боя­ды дейік, бірақ бұл тәрбиесіз, ұла­ғат­­сыз ұрпақ өсіп келе жатыр деген сөз ғой. Не істейміз? Өткенде үйім­нің самалдығына шығып едім, жас шама­лары 5-6 сынып оқушылары деңгейіндегі кішкентай қыз бен ұл аймаласып тұр. Мектеп директорына сол көргенімді айтсам ол: «Қазір ата-анаға 5-ші сыныптағы қызыңыз үлкен сынып баласымен жүреді, деп айтсаң онда шаруаларыңыз болмасын, бұл біздің ішкі отбасылық ісіміз» деп ты­йып тастайды дейді. Қай жақ­қа бетіміз ауып кетті, не іс­теу­ге болады? Мектептерге барып, қоғам­дық негізде қыздармен тәрбие жұмыс­тарын жүргізуге аралассақ қайтеді?» деп жаны ауыра жазды.

Ал мына бір хатты «Фейсбук» әлеуметтік желі­сіндегі парақшасында журналист Жолымбет Мәкіш жария­лады. Оған алыстан хат келіпті. «Ассаламуғалейкум, аға! Қалыңыз қалай? Сізге бір өтінішім бар еді. Оқыр­ман­дарыңыз көп қой, осыны жария­лап жіберіңізші. Мен сізге Оңтү­стік Кореядан хабарласып тұр­мын. Осы жақта жүргеніме 6 жылдан асты. Корея мен Қазақстанның ара­сын­да визасыз режім ашылғаннан бері, қазақ­тар мұнда көп келіп жатыр. Әсі­ресе қыздарымыз осында келіп алып, шетінен жеңіл жүріске салынып кетті. Жүз емес, мыңдап жүр. Тіпті аэропорттан сутенерлерімен келіп түсіп жатқанын талай рет көрдік. Осы туралы бір пост жазыңызшы. Әке-шешесі, аға-інісі мен жігіттеріміз ай қарап жүр ме, білмеймін. Ұяттан басымызды көтеріп жүре алмай қалдық» деген жазбаға ендігі бір қолданушы төмендегідей пікірін жаз­ған. «Осын­дай жағдай тоқса­нын­шы жылдардың ортасынан басталды. Сол жылдары Дубайға барғанымда толып жүр­ген қазақ қыздарын көргенде намыс­тан жылағым келетін. Қазір жезөк­шелік деген үйреншікті кәсіпке айналды. Бүкіл әлем қазақ қыз­дарын біледі. Бұған ешкім кедер­гі бола қоймас, қандары­на сіңіп кетті. Енді әркім өз баласына өте сақтық­пен қада­ғалау жасап, сақтан­баса басқа амал қалмады ма деймін» десе, «Дəл осындай жағдай Түркияның Анталия, Газиантеп қалаларында да болып жатыр екен. Әке-шешесін турфирмада, не даяшы болып істейміз деп алдайды екен. Қанша адамға жаздым, түк өзгеріс жоқ. Ол жақта жезөкшелік заңдастырылған екен. Ең жаманы əлгі қыздар тұқымы белгісіз бала туып, сонда өмір сүріп жүр екен тайраңдап. Санаға бермесе қиын екен...» дейді.

Желіден алынған тағы бір мысал. Гүлісхан Дома­лай­қызы атты ақын қыз өз п­арақ­шасында қытай аза­ма­­ты­ның етегінен ұс­та­ған қазақ қызы жайында жазып, бейнекөрінісін де жа­риялапты. Онда кілем төселіп ұлт­­тық киім киген қыздарымыз кү­йеу баланы иіліп, қарсы алып, аузы­на дəм тосып əспеттеп, керемет рə­сім жасап жатқаны түсірілген екен. Ал бірақ күйеу жігіт онымызға пыс­­қы­рып та қараған жоқ, ыржиып бір күлді де сүліктей қара көлігіне оты­рып, қайқайып алып тартты. Ұлт­­тық дəстүр, ұлттық киім тəрк еті­ліп қала берді артында. Бірақ ол ертең Қазақ­стан азаматы атанады, өйт­кені алған жары осы елдің азаматы болған­дықтан сол құқықты иеленуге оның да қақысы бар. Арты не болар?..

Бүгінде қазақтың қызы­ның тәр­биесі де, намысы да қоқысқа тасталған бесіктей қадірі де жоқ, қорғаны мен тыйы­мы да жоқ, бетімен кет­кен­діктің бәйгесі болса, сон­дағы жүлдені шаппай бер деп дара иелентіндей күйге түскені жан ауыртар ащы шын­дық. Жатжұрттықтардың арбауына қызы­мыз түссе де намыс оянбайды. Аяқ­тары ауыр, жүкті күйлерінде көз жастарын көл етіп, шетелдік тастап кетіп жатса, оны емес, пəле өз қызымыздан деп шы­ғамыз. Иә, негізі жөні бар, ғасыр­лардан қасиеттелген бесігін тәрк еткен жұрт бол­ғандаймыз.

«Есіктен келіп, төр менікі, ылдидан келіп, өр менікі» дейтіндер қап­тап, ертеңгі күн өз жерімізде аз болып қалып жүрмейік! Қыздарымызға ие болу ұлттық деңгейге шыққандай. 

Парықсыздық пен намыс­сыздықты өлтіріп, қара жер­дің қойнына тапсырып, қонақ сыйлаудан бұрын өзіңді құрметтеуді, бесігіңді түзеп, қыздарымыздың тәрбиесіне қараудың уақытын өткізіп, ұрпақты аздырып алсақ не болмақшы?.. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»