Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды

488 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы үшін Өзбекстанмен шекаралас болу эконо­миканың барлық салаларында екіжақты қаты­настар­ды дамытуға үлкен мүмкіндіктер беруде. Күні кеше Шымкент­те өткен Қазақстан-Өзбек­стан бизнес-форумы­ның мақсаты да іскерлік қарым-қатынасты дамыту. 

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды

Өзбекстан Республикасы Орталық Азиядағы Қазақстан­ның негізгі страте­гия­лық әріп­тес­терінің бірі. Өткен жылы екі­жақты сауданың көлемі 30 пайыз­ға артып, 2 миллиард АҚШ дол­ларын құрады. Ағымдағы жыл­дың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда ай­налым өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 50 па­йызға артқан. Биыл сауда айна­лымын, екі ел президенттері тап­сыр­масы бойынша, 3 мил­лиард АҚШ долларына дейін, ал 2020 жылға қарай 5 миллиард АҚШ дол­ларына дейін ұл­ғайту көз­де­луде. Бұл орайда оң­түс­тік өңі­­рі айтарлықтай үлес қосуда. Мы­­салы, өткен жылдың қоры­тын­­­дысы бойынша екі елдің тауар ай­налымы 11,7 пайызға арт­ты. Ал осы жылдың соңғы үш айы­ның көрсет­кіші бойынша ОҚО мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 125,7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен Өзбекстанға 73,1 млн АҚШ доллары болатын өнім экспортталса, ол жақтан бізге 52,5 млн АҚШ доллары көле­міндегі тауар импортталған. Екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, Қазақ­стан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Өзбек­стан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров, Өзбекстан сауда-өнер­кәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен қос елдің 400-ден астам кәсіпкері қатысқан форумда Оңтүс­тік Қазақстан облысының әкімі Жан­сейіт Түй­ме­баев басқосу бауыр­лас ел­дер­дің сауда-экономи­калық ын­­ты­мақтастығының артуына мүм­­кін­дік беретінін атап өтті. «Қазақстан мен Өзбекстан – өз­дерінің тәуелсіздік­терін нығай­тып, болашаққа батыл қадам жа­сап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дип­ломатиялық қаты­нас­тары өза­ра сенімге негіз­де­ле отырып дамыды. Бұл бағыт­тағы жұмыстар бүгін­де жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда. Сондықтан да қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Бүгінгі іс-шара осы айтылған мін­деттерді жүзеге асыруда сеп­тігін тигізері анық. Бұл өзара ынтымақтастыққа және екі ел а­расындағы берік бауырластық қатынастарды орнатуға бағыт­тал­ған тағы бір қадам», деді облыс әкімі. Ал Өзбекстан сау­да-өнеркәсіп палата­сының тө­ра­ғасы Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіп­керлері мен өзбекстандық бизнесмен­дер ара­сында сауда-экономика­лық байланыс нығая түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ форум бары­сын­да қазір­гі уақытта шекара бо­­йын­дағы ынты­мақтастық халықара­­­лық орталы­ғын құру туралы мәселе қаралып жат­қаны мәлім етілді. Форумның басты идея­лары­­ның бірі өнімдерді ең ірі әлем­­дік нарықта, соның ішінде Қытай мен ЕАЭО-да бірлесіп шы­­ғару екенін айтқан ОҚО Кәсіп­­кер­лер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров аймақ­тық ын­ты­мақтастық форумын тұ­рақ­­ты негізде өткізу туралы ұсы­­ны­сын жеткізді. Бұл ұсыныс Өзбек­стан тарапынан қолдау тапты. Бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жа­йында ынтымақтастықты да­мы­ту, экспорт пен импорт бо­­йын­­ша үшінші елдерге кіру жайы да форумға қатысушылар та­л­­қы­­­лауы­нан тыс қалған жоқ. Іскер­­лік кеңестің бірінші кез­десуі де осы форум барысында ал­­ғаш рет өткізілді. Екі ел кәсіп­­кер­­­лерініӊ қатысуымен В2В фор­­­­­матында келіссөздер жүрі­гі­зі­­­ліп, бірқатар бағытта іскер­лік әріп­­­­тес­­тікті дамыту мақса­тын­­да екі­жақты құжат­тарға қол қойылды.

Екі ел арасындағы ынтымақ­тас­­тық кәсіпкерлерге мол мүм­кіндік беруде. Ташкентте дәрі-дәрмек шығара­тын «Dentafilgrup» ком­паниясы өз өнімдерін Гру­зия, Қырғызстан, Тәжікстан ел­деріне экспорттап келеді. Компанияның өндіріс жөніндегі директоры Ш.Усмановтың айтуынша, Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы экспорт көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік жасап отыр. «Бүгінгі форумда бір­қатар қазақстандық компаниялармен келісім жасадық. Жалпы, біздің кәсіпорын дәрі-дәр­мектің 100-ден астам түрін шығарады, 400-ге жуық қыз­мет­­керіміз бар. Шикізат, яғни дәрілік өсімдіктердің өз жері­міз­де өсірілуі өнімнің сапасына оң әсерін тигізуде. Бағаның қол­жетімді болуына, өнімнің сапа­сына ерекше назар аударамыз», дейді Ш.Усманов. Оңтүстік­қазақстандық кәсіпкер­лер де көршілермен қарым-қатынасты нығайта түсуге мүдделі. «Біз Өзбек­­станмен көптен бері тығыз байланыста жұмыс істеп келе­міз. Ал бүгін бір компаниямен 30 млн АҚШ доллары­на және екінші бірімен 10 млн долларға өз өнімімізді жеткізуге келі­сім жасадық», дейді «Феррум-Втор» ЖШС-ның басқарушы директоры Б.Альтеев. Ал бизнес-форумға Астанадан келген «Қазақ­стан­ның май-тоңмай одағы» қауым­дас­тығының презид­енті К.Невзоров­тың айтуынша, Өзбек­станда тәтті тағамдар, май-тоң­майд­ың тап­шылығы байқа­лады. «Сон­дықтан бізге нарық­та орын жет­кілікті және өнім­д­еріміз сұранысқа ие бола­тын басқа елдерге шығуға мүм­­кін­дік бар. Бүгінгі форумда біз көр­ші ел нарығындағы өз орнымызды нығайтып және кеңейтуді жоспарлап отырмыз»,  дейді К.Невзоров. 

Облыста аграрлық секторда клас­терлік қанатқақты өндіріс құрудың бар­лық мүмкіндіктері бар. Тоқыма клас­­­терін дамыту­да фармацевтика, тамақ өндірісін­де де қос ел кәсіпкер­лерінің бірлесе атқаратын жобалары табыс­ты болары анық. Туризмді дамыту бойынша да форумға қатысушылар өз ұсыныс­тарын жеткізді. Оңтүстікте болған туристердің көрші елге сапарлауына немесе керісінше оңтүстікке келуіне мүмкіндік жасау аса қиын емес. Жалпы, қаты­сушылар ауқымды идея­ларға жол ашқан форум өз нәти­жесін беретініне сенімді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»