Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Қазақстан ғалымдары ойлап тапқан жаңа құрылғы сынақтан өтіп жатыр

846 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында екі түрлі жаңа аспап құрастырылды, деп хабарлады институттың баспасөз қызметі. 

Қазақстан ғалымдары ойлап тапқан жаңа құрылғы сынақтан өтіп жатыр

Жаңа құрылғыны асфальтбетон, бетон және басқа да жол құрылысы материалдарын зерттеу барысында қолдануға болады. Жаңа аспаптар салмақ пен салмақ жылдамдығы, температураның өзгеруіне байланысты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан аймағының климаттық жағдайларын ескере отырып, автомобиль жолдарына түсетін салмақ өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанның оңтүстігінде қауын пісіп жатса, шығысында қар жауып жататындығын ескерсек, зерттеудің жол саласына тигізер пайдасы зор.

Бұл өнертабыс  эксперименттік механика түріне жатады. Эксперимент қорытындыларын жол саласымен қатар, басқа да көптеген өндіріс түрлерінде  қолдануға болады. Ұсынылып отырған жаңа құрылғылар материалдардың созылу кезіндегі механикалық сипаттамасын анықтауға арналған. Сондықтан, осы тектес басқа да зерттеу жұмыстарына пайдалануға болады: циклды, үнемі немесе  сатылап түсетін салмақтан болатын сырғығыштыққа және ұдайы жылдамдық салмағынан болатын өзгерістерге. Кез-келген материалдың созылатындығын ескерсек, бұл аспап арқылы көптеген зерттеулер жүргізіп, қорытынды шығаруға болады. Топырақтың сырғығыштығы өз алдына, биыл Көлсай аумағындағы тау жыныстарының жылжуы осы тектес физикалық құбылыс.

Құрылғылардың бір-бірінен айырмашылығы тек қана зерттелетін заттың  жұмыс температурасына байланысты, яғни ҚҰРЫЛҒЫ-1 зерттеулерді -30 ±1ºС  до +20 ±1ºС температурасында жүргізсе, ҚҰРЫЛҒЫ-2 +20 ±1ºС до +60 ±1ºС температураларында жүргізеді.  Яғни, біреуі ыстық ауа-райына байланысты, екіншісі суық климат жағдайларында пайдаланылатын құрылыс материалдарына сынақ жүргізуге болады деген сөз. Басқа айырмашылығы жоқ, сынақтардың жүргізілуі бірдей. Пайдаланылатын заттың механикалық сипаттамасын анықтап алудың маңыздылығы әлі де жойылған жоқ.

Сондықтан, сырғығыштық пен релаксацияға сынақ жүргізу арқылы тұтқыр серпімді материалдардың механикалық сипатын анықтаудың негізгі әдістемесін қолданамыз.

Асфальтбетон автомобиль жол жамылғысы құрылымының негізгі материалдарының бірі екендігі баршаға мәлім. Асфальтбетонның механикалық сипаты оған түскен күштің әсеріне, жылдамдығы, ұзақтығы, көлемі мен температурасына қатты тәуелді. Нақты жол жағдайында жол жамылғысының асфальтбетонды қабаттарындағы температура қоршаған орта температурасының өзгеруіне, автокөлік доңғалақтарынан түскен салмаққа, олардың ұзақтығы мен жылдамдығына байланысты көлемді шамада өзгеріп тұрады.Оны өздеріңіз де жаздыңкүні асфальтті жолдың қатты қызған бөлігіне көлік доңғалақтарының ізі қалып жатқандығанан да көресіздер. Немесе, қыста қатты аязға шыдамай қақ айырып жатады. Cондықтан, асфальтбетонның механикалық сипатын анықтау барысында жоғарыда аталған факторлар өзгерістерін ескерудің практикалық маңызы зор.

Осы жаңа аспаптар арқылы «ҚазжолҒЗИ» АҚ автомобиль жолдарының жұмыс жағдайына байланысты, жол жамылғысына қолданатын материалдардың төзімділігі анықтауға байланысты қажетті жаңа аспапты ойлап тауып қана қоймай, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын қолыңызға береді.

Бұл аспап институт ғалымдарының, атап айтқанда ҚазжолҒЗИ АҚ президенті, т.ғ.д, профессор  Бағдат Телтаевтың бастамасымен іске асырылуда. Бұл аспап өнертабыс ретінде бағаланып отыр,  өнертабысқа тапсырыс 06.10.2017 жылы  жіберіліп, бүгінгі күні аталған тапсырысқа оң нәтиже берілетіндігі туралы хабарландыру алынды.