Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Қазақстан құрамасы дзюдодан Қытай Гран Приінен 3 медаль алды

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Хоххотта (Қытай)  дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі басталды. Әлемнің 46 елінен 361 дзюдошы 7 салмақ дәржесеніде бақтарын сынап жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде жеңіл салмақтағы балуандар, атап айтқанда, ерлер -60 кг, -66 кг, әйелдер -48 кг, – 52 кг,  -57 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Қазақстан ұлттық құрамасынан 4 дзюдошы татамиге шығып, үш медаль қоржынға салды, деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.

Қазақстан құрамасы дзюдодан Қытай Гран Приінен 3 медаль алды

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов қарсылас шақ келтрімей, жарыс жеңімпазы атанды. Ол финалда тағы бір отандасаымыз Ғұсман Қырғызбаевты иппонмен жеңді.

Елдос Сметов  алғашқы  белдесуінде  жапондық Юма Ошиманы  қосымша уақытта (голден скор) вазари ұпайымен, екінші айналымда ресейлік Роберт Мшвидобадзені уақытынан  бұрын таза жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда  Бразилия дзюдошысы Пелим Фелипені иппон ұпайымен  ұтып, финалға  шыққан  болатын.

Ал Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жеңіліссіз 3 кездесу өткізді. Ол алғашқы белдесуінде Солтүстік Кореялық Пае Донг Жонгпен кездесіп иппонмен жеңсе, екінші белдесуінде моңғолиялық Ганбад Болдбаатарды, жартылай финалда Амартувшин Дашдавааны уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алған еді.

66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Елдос Жұмақанов ел қоржынына бір қола медалін салды. Ол 5 кездесу өткізіп, тек біреуінде, жартылай финалдық жолдама үшін күресте германиялық Себастян Сейдлге есе жіберді. Ал жұбаныш финалында Абдулла Абдужалиловты вазари ұпайымен жеңіп, қола жүлдені жеңіп алды.

Жарыстың бірінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан  медаль кестесінде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен 2 орында тұр. Әлемдік Гран При кезеңі 27 мамырға дейін жалғасады. Айта кетейік, бүгін, 25 мамыр дзюдодан Токиода өтетін жазғы  Олимпиада ойындарына лицензиялық іріктеу кезеңі басталды. Хоххотта өтіп жатқан Гран При  іріктеу кезеңінің алғашқы турниры болмақ.