Қазақстан • 26 Мамыр, 2018

«Тоғызқұмалақ» мобильді қосымшасының авторы арнайы марапатқа ие болды

1352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының Президенті Алихан Байменов «Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынның мобильдік қосымшасын әзірлеген Ернар Шамбаевты зияткерлік ойындарды дамытуға қосқан үлесі  үшін құрмет белгісімен марапаттады. 

«Тоғызқұмалақ» мобильді қосымшасының авторы арнайы марапатқа ие болды

Бағдарламашы Ернар Шамбаев тоғызқұмалақ  ойынының «Android» және «Windows» операциялық жүйелеріне арналған қосымшасын әзірлеген. Мобильдік қосымша зияткерлік ойындардың әуесқойлары арасында қысқа уақытта танымал болды және компьютерлік бағдарламалар арасында өтетін әлем чемпионаттарында 4 рет жеңімпаз аталған. Осы мобильді қосымшаны әзірлеу үшін Ернар 10 жыл уақыт жұмсаған.

Дүниежүзілік «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті Алихан Байменов: «Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – жастарды тәрбиелеудің тиімді құралы, ол логикалық ойлауды, жігер мен табандылық сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.  Біздің дәстүрлі ойынымыз қазіргі заманның талапына сай болып, жастардың бүгінгі қажеттіліктерін қанағаттандыратынына қуаныштымын.  Казірдің өзінде мобильді қосымшаны қолданып, турнирлер өткізілуде. Тоғызқұмалақтың мобильді нұсқасы ойынға деген қызығушылықты одан әрі арттыратынына сенімдімін», - деп мәлімдеді. 

Ернар Шамбаев компьютерлік лингвистиканы шетелде оқыған. Сондай-ақ, ол қазақ тіліндегі мәтіндерді кириллицадан жаңа латын графикасына айналдыруға мүмкіндік беретін «Жаңа қазақ»  қосымшасының авторы болып табылады. 

Тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Германия, Чехия, Франция, Швейцария және тіпті Колумбия сияқты әлемнің көптеген елдерінде де танымал. Қазақстанда тоғызқұмалақпен екі жүз мыңнан астам адам шұғылданады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше