Бүгінде аталмыш нысан туристерді қабылдауға ашық. Токамак ҚТМ жобасы Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты экспонаты болды. Қазақстандық материалтану Токамагы (ҚТМ) елде ғылым мен технологияны дамыту және ғылыми-инженерлік салаларда жоғары білікті кадрларын дайындау мақсатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен құрылған. Алдағы уақытта Қазақстанның балалары Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық пен полигон өткен өлкеге келе алады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдегі болашақ ғалымдар мен дарынды балалар қазақстандық материалтану Токамагымен (ҚТМ) таныса алады.
-Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы филиалының Саяси бюро отырысында айтылды,-деді ШҚО баспасөз қызметінің мамандары,-күн тәртібіне сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы Курчатов қаласы мен Зайсан және Ұлан аудандарының әкімдері баяндама жасады. Аталған барлық өңірлерде бұқараны рухани жаңғырту бағытында қыруар іс атқарылып, межеге алынған міндеттер легі жетерлік. Мәселен, Ұлан ауданының әкімі жазда 1719 бала Шымкент – Сайрам - Түркістан – Таразда, сондай-ақ, Катон-Қарағай Ұлттық паркінде болып, елдегі киелі жерлерді араламақ. Бұдан бөлек Елорда – Астанаға апару жоспары бар. Ал Курчатов қаласы «Жас физик-2018» жазғы мектебін ұйымдастырып отыр. Алайда филиал төрағасы - облыс әкімі Даниал Ахметов қолда «гауһар тас» - Токамак (ҚТМ) пен Ұлттық Ядролық Орталық тұрғанда Курчатов жобалар шеңберін кеңейту қажеттігін нықтады.
– Әлемде бар-жоғы екі Токамак бар. Оның біреуі қайда? Курчатовта. 4 ядролық реактор мен полигон тұр,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-олай болса, Шығыс Қазақстан мен бүкіл еліміздің балалары Токамактың не екенін білуі үшін не істеу қажеттігін қарастырайық. Олар Кеңес Одағынан қалған мұраның қатыгездік қаруы екенін және оны бейбітшілік жолда қолданудың дұрыстығын түсінсін. Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған тарихи шешімнің маңыздылығын ұғынсын. Осы ретте арнайы бағдарлама дайындауды тапсырамын. Бүкіл Қазақстанның балалары келіп, Токамак тәжірибесімен танысуы қажет. Ядролық орталыққа, полигон өткен аймаққа экскурсияға барып, бүгінгі келісімдер туралы ақпаратпен қамтылсын.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
СЕМЕЙ