Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Хат қоржын (29.05.2018)

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (29.05.2018)

...жаңалығын жеткізеді

Шәкәрім мұрасы насихатталды

Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ғұлама ойшыл, ақын Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай «Шәкәрім мұрасы – халықтың асыл қазынасы» атты оқырман конференциясын ұйымдастырды.

Шара барысында автоматтандыру бөлімінің қызметкерлері фото-шежіре слайд, бейнематериал ұсынды. «Дана сөздің дарасы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасаған кітапхана қызметкері оқырмандарды Шәкәрім Құдайбердіұлының осы кітапхана қорында жинақталған төл туындылары мен ол туралы жазылған зерттеулер мен естеліктер, арнаулар жазылған кітаптармен таныстырды. Шолуда ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы, артында қалған мол мұрасы туралы айтылды.

Басқосуда Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студеттері Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастарға», «Адамшылық», «Бостандық таңы атты» өлеңдерін оқып, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты әсем әнін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Нұрлыгүл БЕРДІҒАЛИЕВА,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері

 

...пікірін білдіреді

Жаңғыруға барынша үлес қосайық

Біздің еліміздің өнеркәсібі, ғылым, білімі дамып келеді. Осыған тәубе деуіміз керек. Әр адам өзінің Отан алдындағы абыройлы борышын адал атқаруға міндетті. Қариялар өз ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеп, ел бірлігін, Отан тыныштығын сақтауға, тіл, дін, ата дәстүрімізді жаңғыртуға барынша үлес қосайық! Менің ойымша, бұрынғы өткен-кеткен келеңсіз жағдайларды дәріптеу әр жерде белең алып бара жатқан сияқты. Қазіргі зайырлы, азаматтық қоғамда мұның зияны шаш етектен. Қазіргі заман – білім, ғылымның, тіл, дін, дәстүріміздің жаңғырып, дүние жүзіндегі өркендеген елдердің қатарына қосылатын, заманның ағымына ілесетін кезең. Біздің елде өмірдің барлық саласы заңдастырылып, жаңаша қарқынмен дамып келеді. Бұл тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің арқасы.

Енді елді өркендетуге бағытталған ауқымды жобалар іске асса, еліміз мұнан да өркендеп, дүниеге танылып, озық елдердің қатарына қосыламыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел бірлігі, тыныштығы арта берсін!

Мешел ДӘКІС,

еңбек ардагері

Ақмола облысы

 

...дабыл қағады

Судың да сұрауы бар

Көпшілікке белгілі жайт, су – бүкіл тіршіліктің көзі. Сондықтан да дана халқымыз оны өмір нәріне балаған. «Судың да сұрауы бар» деп айтатын да атам қазақ. Демек, ол су сарқылмасын, тоқтамасын, азаймасын деген ниетпен айтылса керек. Ал біз күнделікті өмірде осыны ұға алып жүрміз бе? Бұл жерде біздің айтпағымыз – суды ысырап етпеу, шашып-төкпеу. Ас үйде, жуынатын бөлмеде «су үйге келіп тұр ғой» деген түсінікпен мөлшерден тыс шашып-төгу кездесетінін жоққа шығара аласыз ба?

Биылғы қыс біздің аудан үшін жылдағыдан суық әрі аязды күндері көп болды. Біраз үйлердің су құбырлары екі-үш күн қатып қалып, тұрғындар ауыз судан көп қиыншылық көрді. Әншейінде ауыз суға онша мән бере бермейтін тұрғындар осы жолы оның құны мен қасиетін тереңірек ұғынғандай болды.

Жер шарының төрттен бір бөлігін құрлық алып жатса, төрттен үш бөлігін су алып жатыр екен. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, «Су­дың да сұрауы бар» екендігін ұмытпай, мемлекетіміздің басты тірегі эко­номика болса, оның бір жағын су қоры түзетінін ұмытпай, есте сақ­тап, тіршілік тірегі, өмір нәрі – судың қасиетін бағалай білейік демекпін.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Созақ ауданы

 

...алғыс айтады

Жапондар жақсылық жасады

Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Осы білім ордаларының заманға сай жабдықталуы – бүгінгі күн тұрғысынан үлкен мәнге ие. Елімізде заманға сай күрделі жөндеулерден өтіп жатқан мектептер мен білім ошақтары баршылық. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастығымыз бен бірлігіміздің арқасында Жапон елінің де шарапатын көріп отырған жайымыз бар. Жапон үкіметі «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында елімізге түрлі қажеттіліктерді қамтамасыз ететін қайырымдылық істерін жүзеге асыруда. Қолға алынған бағдарламаның мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың, аурухана, мектеп, тағы басқа әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге және салуға жасалған жобаларына қайтарымсыз қаржылай көмек көрсету. Осы бағдарлама аясында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданының Шахты орта мектебі, «Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі және Мұнайлы ауданының №1 жалпы білім беру орта мектебі грантқа ие болып, мекеменің жылу жүйесін жөндеуге арналған қайтарымсыз қаржы көмегіне қол жеткізіп отыр.

Осындай игі істің себепкері болған Жапон үкіметіне алғыс білдіре отырып, жақсылықтың шарапатын көруіне тілектестігімізді жеткіземіз. Сондай-ақ осы бағдарламаға қатысуға жол көрсетіп, жақсы істердің жаршысы бола білген облыстық білім басқармасына, аудандық білім бөліміне де алғысымызды білдіреміз.

Сәния СӘРКЕНОВА,

№1 жалпы білім беретін орта мектептің директоры

Маңғыстау облысы

 

...әсерімен бөліседі

Тараз тарихымен танысты

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен құрамында 20 ардагер бар топ «Жібек жолы» бағытындағы қасиетті Тараз қаласында саяхатта болып қайтты. Облыстық кеңестің төрағасы топ мүшелерімен кездесіп, рухани жаңғыру үдерісіне орай ұйым­дастырылып отырған бұл сапарға қатысушыларға оң сапар тіледі.

Ардагерлер көне Тараз жеріндегі Қарахан, Дауытбек, Тектұрмас, Айша бибі кесенелерінде, Ақыртас кешенінде болып, тылсым тарих қойнауына үңілді. Тараз қаласындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып салынған нысандармен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Төрткөл керуен сарайының, Жамбыл атындағы руханият орталығының жәдігерлерімен кеңінен танысты.

Топ мүшелеріне «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері ерекше әсер қалдырды. Ардагерлер осындай тағылымды да әсерлі сапар үшін облыстық ардагерлер кеңесіне ризашылық сезімдерін білдірді.

С.МҰХАМБЕТОВ,

Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары