Қазақстандық команданың барлық мүшелерінің атсалысуымен Мигель Анхель Лопес спорттық мансабында алғаш рет италиялық Гранд-турда жалпы есепте жүлделі 3-орынды иемденіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар 24 жастағы Лопес «Джиро-2018» велододасында үздік жас шабандоз классификациясы бойынша ақ жейдені ұтып алды.
– Бұл нәтиже «Астана» командасы үшін де, мен үшін де үлкен жетістік. Соңғы жылдары да, осы жарыс барысында да қолдау көрсеткен командама алғысымды айтқым келеді. Командадағы әріптестеріме, команда қызметкерлеріне, спорттық директорларға, бас менеджеріміз Александр Винокуровке алғысым шексіз! «Джирода» үш апта бойы тер төктік. Жолымыз болмаған сәттер де болды. Сонымен қатар үздік жас шабандоз жейдесін иемденгеніме де қуаныштымын. «Джирода» көздегенім ақ жейде болатын. Екінші мақсатым Топ-5-тік қатарына ену болса, жеңіс тұғырына көтеріліп, жоспарымды артығымен орындағаныма дән ризамын. «Джиро д’Италия» жарысында менің жанкүйерлерім тек Колумбияда ғана емес, Қазақстанда да көп екенін көрдім – деді Мигель Анхель Лопес.
«Тур де Франс» пен «Испания Вуэльтасының» жеңімпазы британдық Крис Фрум «Джиро д’Италия-2018» веложарысының қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Ал былтырғы италиялық Гранд-турдың жеңімпазы голландиялық Том Дюмолен 2-орынды иеленді.
– Биылғы өткен «Джирода» «Астана» тағы бір мәрте өз күшін көрсетті. Гранд-турдың финалдық подиумына Мигель Анхель Лопес сияқты жас шабандоздың көтерілуі – бұл үлкен жетістік. Барлық команда мен Мигель Анхель Лопестің жеткен жетістігіне көңілім толады. Осы додада үш тамаша жарыс аптасын өткіздік. Қорытынды нәтижеміз – Лопестің жүлдегерлер тұғырына көтерілуі мен ақ жейдені иемденгені, сонымен қатар Бильбаоның жалпы есепте 6-нәтижеге қол жеткізгені бізді қуантады. Маусымды жақсы қарқынмен бастадық. Алдағы уақытта да сол қарқынмен жалғастырамыз, – деді бас менеджер Александр Винокуров.
«Астана» командасының тағы бір шабандозы Пельо Бильбаоның да тамаша жетістігін атап өтпесек болмас. Ол өзінің спорттық мансабында «Джиро д’Италия» веложарысының бас классификациясы бойынша алғаш рет 6-орынды иемденді.
«Джироның» финалдық 21-кезеңі Римнің орталық көшелерінде өтті. Пелотон әр айналымы 11,5 шақырым болатын 10 айналымды жүріп өтті. Жаппай спринтпен аяқталған кезеңде ирландиялық шабандоз Сэм Беннетт жеңіске жетті.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»