Биыл ғана жарақатынан айыққан Елдос Сметов боз кілемге оралған бетте өзінің мықтылығын қайта дәлелдеді. Наурызда Екатеринбургтегі Гранд Слам және күні кеше ғана Хоххотта өткен Гран-при турнирлеріне қатысып, бұл бәсекелердің екеуінде де қарсылас шақ келтірмеді. Соның нәтижесінде әлемдік рейтингтегі жағдайын ол әжептәуір жақсартты. Десек те бүгінгі таңда Қазақстанның дзюдошылары арасында ең үздік көрсеткіш Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі. Соңғы кездері халықаралық додаларда ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізіп жүрген алматылық өрен 60 кило салмақтағы балуандар арасында қазіргі кезде 7-орынға орнықты.
66 кило салмақта күш сынасып жүрген жерлестеріміздің арасында Елдос Жұмахановтың шабысы ширақ. Былтырғы жылдың соңында Санкт-Петербургте күміс және биыл Хоххотта қола алған ол 10-орынды иеленуде. Осы салмақтағы жас өрен Ерлан Серікжанов 41-сатыға жайғасты. 73 кило салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Жансай Смағұлов 9-орынды еншілесе, 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев 12-сатыға табан тіреп тұр. 100 кило салмақ дәрежесінде Виктор Демьяненко 38-орынды иемденсе, Максим Раков 48-сатыға тұрақтады. Міне, қазіргі кезде «ТОП-50» дзюдошылар қатарына еніп отырған отандастарымыз осылар. Өкінішке қарай, 73 және +100 кило салмақтағы өрендеріміздің аяқалысы тым нашар.
Қыздар арасында Қазақстанның балуандары ішінде ең үздік көрсеткіш Отгонцецег Галбадрахқа тиесілі. 48 кило салмақ дәрежесінде ол 7-орынды олжалауда. Бірақ Олимпия ойындарының қола жүлдегері былтырғы жылдың желтоқсан айынан бері бірде-бір жарыста бой көрсетпегенін айта кетуге тиіспіз. Есесіне соның алдында өзі қатысқан турнирлердің барлығынан Отгонцецег олжалы оралған болатын.
Сонымен қатар «ТОП-50» балуанның санатына Севара Нышанбаева (57 кило, 24-орын), Гүлжан Исанова (+78 кило, 28-орын), Әлбина Аменкелдиева (78 кило, 31-орын), Зарина Раифова (78 кило, 34-орын), Мариям Ордабаева (63 кило, 42-орын) және Зере Бектасқызы (70 кило, 47-орын) сынды жерлестеріміз еніп отыр.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ