10 Желтоқсан, 2011

Астананың аркасы – азаттықтың арқасы

962 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Осы мақаланы ойластырғалы біраз болып еді. Бұдан бірер  ай бұрын Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен жолық­қанбыз.  Әдебиетке, өнерге жақын жүретін азамат елор­дадағы жаңалықтарды әңгімелей келіп, бір өтініш айтқан. Әкімдердің өтініші тапсырма типтес болып келеді ғой. Иманғали Нұр­ғалиұлы сонда: «Президенттің бастамасымен тағы бір үлкен шаруаны қолға алып жатырмыз. Астанада Салтанат аркасы орнатылады. Нұрсұлтан Әбішұлы арканың идеясын да өзі айтып, орнына дейін өзі ұсынды. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Конкурс  жеңімпазы анық­талып, құрылыс басталып та кетті. Бұйыртса, Салтанат аркасы салтанатымызды артты­ра­тын бірегей ғима­рат­қа айналады   деп отырмыз. Біраз елде болып, осындай ар­ка­лардың талайын көріп жүрсіз ғой. Со­ларды әңгімелеп, жалпы осындай аркалар орнатудың идеясын оқырманға тү­сіндіріп, біздегі Салтанат аркасының қадір-қасиетін көр­се­тетіндей бір дүние жазуға болар ма еді?», деген. Содан бер­гі уақытта қандай тапсырманы да тастай етіп тын­ды­ратын Тасмағамбетов талай шаруаның басын қайырып тас­тапты. Осыдан бірнеше  күн бұрын біз мүсінші Мұрат Мансұровтың шақыруымен арка орнатылып жат­қан жерге арнайы барып, ғимаратпен жан-жақты таныса алдық. Жұмыстың негізінен аяқталып қалғанын осы дүй­сенбіде түсірілген мына фотодан көріп те отырсыздар. Жа­қында Елбасымыздың өзі ашатын Салтанат аркасының жай-жапсарын ерте бастан жазып, оқырманның әуестігін ке­мітпей-ақ қояйық. Қазірше тек өзіміздің алғашқы аркамызды әлемнің біраз елдеріндегі осындай аркалармен сал­ғастыра келіп, ең бастысы – Астанада Салтанат арка­сын орнатудың қандай қажеттіліктен туындағанын айтып, дәл бүгінгі нөмірге шұғыл мақала жазуға бекіндік. Неге бүгінгі нөмірге? Бүгін – ел өміріндегі белесті күндердің бірі. Осыдан дәл 14 жыл бұрын, 1997 жылғы 10 желтоқсанда Астанадағы Елбасы Резиденциясының Күмбезді залында республика Парламенті мен Үкіметінің бірлескен салтанатты мәжілісі болды. Сол салтанатты мәжі­лісте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 жел­тоқ­саннан бастап мемлекетіміздің астанасы болып ресми түрде жарияланатынын сал­танатты жағдайда мәлімдеді. «Бұдан былай және ғасырдан ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжыл­дықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» делінді сол күні Президент, Премьер-Министр, Парламенттің қос палатасының төраға­лары қол қойған Үндеуде. Салған беттен айтарымыз мынау: Астанадағы бұл ғимарат (біздің білуімізде Салтанат аркасы Тәуелсіздік күні ашылады) адамзаттың арғы-бергідегі архитектура өнерінің классикалық үлгілері негізінде тұрғызылып жатыр. Солай болуға да тиісті. Дүние жүзінің біраз қалаларындағы аркалардың суреттерін салыстырып қарау үшін әдейі қоса беріп те отырмыз. Осы тұрғыдан қарағанда ин­тернет беттерінде шығып жатқан пі­кір­лердің ішіндегі «Арка деген басқа­ларда да бар ғой. Біз неге оларда жоқты жасамаймыз?» деген сияқты сөздердің кездесіп қалатыны қынжылтады. Кешегі келмеске кеткен кеңестік қоғамның тү­біне жеткен қателік адамзат жасаған нәр­селерді жасамай, ел тағдырын экспе­риментке айналдыру болғанын ұмытпасақ екен. Салтанат аркасы деп атаулы оқиғалар құрметіне тұрғызылатын монументті арка­лық қақпаларды айтады. Салтанат арка­сын тұрғызу салты атам заманнан келе жатыр. Бұл өзі латынның arcus – доға, иін, иілім деген сөзінен шыққан атау. Қабырға немесе тірек аралықтарын ұштастыратын иін. Арка атаулының бірінші белгісі – П әрпінің сұлбасымен салынуы. Қызық болғанда, «арка» сөзі үн­дес­тігі жағынан да, мағынасы жағынан да кәдімгі қазақтың «арқасынан» онша алыс емес. Сүйеніш, қорғаныш, тірек тұрғысындағы «арқа таянышты» айтсақ та, тірегіші бар орындықты «арқалы орындық» дейтінімізді айтсақ та, үйдің төбесіне көлденең салынатын білеу, бел ағашты да, бесіктің екі басын көтеріп тұратын қондырғыны да «арқалық» дейтінімізді айтсақ та, айналып келгенде екі араны қосып тұратын құрылғыны еске аламыз. Қазақтың «арқа таңды», «арқа тұтты», «арқа тіреді» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерінің бәрінің де тірелері – бір нәрсеге тірек болу. Арка алдымен Шығыс сәулет өне­рінде қолданылған көрінеді. Оның себебі көлденең төселетін өте ұзын ағаш түр­лерінің ежелгі Шығыс елдерінде өспе­ген­дігі екен. Арка арқылы жалғастыру бізде Баба ата кентіндегі медреседе, Айша бибі күмбезінде, Ахмет Иассауи кесенесінде кеңінен пайдаланылғанын өзі­міз де көріп жүрміз. Аркалар әуелде Ежел­­­гі Римде салтанатты рәсімдер өткізу, же­ңімпаз императорлар жорықтан кейін енетін қақпа үшін тұрғызылған. Ғылыми кітаптар Траянның салтанат аркасы Ал­жирдің Тимгада қаласында, Каракалланың салтанат аркасы Ма­рок­коның Волюбилис каласында, Марк Аврелийдің салтанат аркасы Ливияның Триполи қаласында әлі күнге тұрғанын айтады. Біз оларды көре алған жоқпыз. Өзіміз көргендерімізді арқау етіп әңгімелесек те біраз жайдан хабардар боларсыз деп шамалаймыз. Римге барған туристердің бәрі дерлік Тит аркасын көрмей қайтпайды. Олай болатынының бір себебі – Тит аркасы Рим форумына жақын жерде тұр. Арка­ның биіктігі 15,4 метр, ені 13,5 метр. Қасбеттің (фасад) төрт бұрышында мәр­мәрдан қашалған төрт қанатты Виктория бейнеленген. Виктория – жеңіс құдайы. Черчилльдің қос саусағын шошайтып көрсететін атақты жеңіс ишарасы – V – Виктория атауының басқы әрпі бола­ты­ны сондықтан. Аралықтың екі бұры­шын­да әсемдігі қайран қалдыратын екі бедербейне – барельеф. Оның бірінде төрт ат көсем жегілген қос доңғалақты квадригамен құйғытып бара жатқан император Титті көресіз. Келесі барельефте – Иерусалимді жеңіп оралған император әскерінің салтанатты шеруі. Бұл арка біздің дәуірімізге дейінгі 81 жылы өмір­ден өткен император Титтің құрметіне тұрғызылған. Римнің сол заманда көр­кемдік тұрғыда шарықтауының шыңы – Константин аркасы. Ол император Константиннің 315 жылы Максенцийді жеңуінің үш жылдығын атап өту үшін орнатылған. Максенций ақтық шайқаста шегіне жүріп Тибр өзеніне батып кеткен болатын. Бүкіл әлемнің сәулетшілері үшін осы ғимарат үйренерлік үздік үлгі ретінде ұстанылады. Константин арка­сының мәрмәр мүсіндерінің мінсіздігі қайран қалдырарлықтай. Лондонда, Берлинде, Мәскеуде, Санкт-Петербургте небір тамаша салта­нат­ты аркалар бар. Мәскеудің Кутузов проспектіндегі («даңғылды» өзіміз­де-ақ қолдана берейікші) салтанатты арка, Санкт-Петер­бургтегі Нарва салтанат қақ­пасы сияқты сәулет ескерткіштері орыс қаруының ұлылығын айшықтап тұр. Лондондағы Адмиралтейство арка­сы­ның ортаңғы аралы­ғы тек коро­ле­ва­ның күймесіне ғана ашы­латыны да оның қадір-қасиетін арттыра түседі. Тұманды Альбион астанасындағы Веллингтон ар­ка­сының ең тамаша тұсы – мүсінші Адриан Джонстың қолынан шыққан Жеңіс құдайының төрт атты арба жеккен күймедегі келбеті. Берлиндегі Бранденбург қақпасы – Пруссия им­периясының символы. Аркалардың көкесі әлем астанасы деп әспеттелетін Парижде. Ең ғажабы мынау. Париждегі атақты үш арка бір сызықтың бойында, атқан оқтай түзу орналастырылған. Луврға тақау тұстағы Әткеншек аркасына жақын барып қа­расаңыз оның аралығынан алыста тағы екі арка менмұндалап тұрады. Әткеншек аркасы 1806-1808 жылдарда Наполеон жеңістерінің құрметіне тұрғызылған. Ол арка шағындау. Әлемдегі арка атау­лы­ның ең әйгілісі, әрине, Париждегі Салтанат аркасы. Бұл арка Римдегі Константин аркасынан екі есе үлкен: биіктігі 50 метр, ені 45 метр. Онсыз да алып арка дөңестеу жерде орналасқандықтан алыс­тан асқақтап көрінеді. Арканың орны тіпті ғажап: дәл сол жерге 12 көше жан-жақтан түйіседі! Қақпабағаналар (пилондар) бедербейнелермен көмкерілген. Батыс қасбеттегі «Еріктілердің жорыққа шығуы. 1792 жыл» деп аталатын бедербейне өте әсерлі. Қақпабағананың сол жақ бетіндегі «Наполеон салтанаты» ата­латын бедербейне біршама акаде­мия­лық сипатта орындалған. Жоғарыдағы жатаған қабырғаның таңбабедерінде (кар­туш, мұны кей сөздіктерде мәнер­қа­лып деп те алып жүр) Наполеонның Еуропа мен Азия құрлықтарындағы 30 ұлы шайқасының аттары ойылып жазылған. Қарап тұрғанда французша ұқпасаңыз да жаңағы 30 шайқас тасқа тізіліп түскенін көргенде селт етпей қала алмайсыз. Наполеонның ұлы қолбасшылығына да, француз солдаттарының ерлігін ардақ­таған елдікке де соншалықты сүйсінесіз. Энциклопедиялық сөздіктердің қай-қайсысын қарап отырсаңыз да салтанат аркалары айрықша атаулы оқиғалардың, көбіне нақты шайқастардағы жеңістер­дің құрметіне тұрғызылатынын айтады. Әдетте солай. Дегенмен, кейінгі заман бұл ұғымға да жаңаша мән-мағына беріп келе жатыр. Соның ең бір айшықты дәлелі – Париждегі Дефанс Үлкен ар­касы. Оны көргендер Парижге барған біздегі ағайындардың арасында көп те емес. Көп те емес болатыны біз Париж десе көбіне классикалық мәнердегі ғимараттарды ойға аламыз, бара қалсақ алдымен Марс алаңын, мүгедектер үйін, Париж Құдайанасы соборын, Сакре-Кёрді, Луврды, Гранд-операны, Версальді, Фонтенблонды тамашалаймыз да қайтамыз. 1997 жылы сөйткелі тұрған жерімізден атақты домбырашы марқұм Қаршыға Ахмедияров, әйгілі әнші ШаҺмардан Әбілев үшеуімізді Оралбай Әбдікәрімов ағамыз: «Сендер Дефансты көрмесеңдер бүгінгі Парижді көрме­ген­дерің» деп тұрып, Булон орманы арқылы қаланың жаңа аудандары жаққа бастап барған болатын. Сонда сезінгенбіз француз ақыл-ойының осы заманғы сипатын. Дефанс ауданында дат сәулетшісі Йохан Отто фон Шпрексеннің жобасымен тұрғызылған бұл арканың биіктігі ... 105 метр. Төрт қанаттағы төрт лифт әп-сәтте арканың үстіне алады да шығады. Сонда тұрып бұл арка да түптеп келгенде француз халқының жеңісінің құрметіне тұрғызылғанын түсінесіз. Ол қандай жеңіс дерсіз? Ол жеңіс – экономиканың әлемдік бәсекесінде шыдас беру жеңісі, ғылым мен технологиядағы табыстар жеңісі, мәдениет пен өнердегі таланттар жеңісі, салондар сайысындағы сұлулық жеңісі... Жалғастыра беру еркіңізде. Міне, біз Астанадағы Салтанат арка­сының түпкі тұжырымдамасына енді жақындап келе жатырмыз. Бұл арқылы «Салтанат аркалары нақты соғыстағы немесе нақты шайқастағы жеңістің құрметіне тұрғызылады. Мұндай арка тұрғызатындай біз кіммен соғысыппыз, қай жерде жеңіске жетіппіз?» дейтін керауыздыққа да жауап бергелі отырмыз. Ойпырмай, интернетте дәл солай соғып жатқан сойқандар да табылады. Астанадағы Салтанат аркасы аса атаулы оқиғаның құрметіне де, халқы­мыздың аса айтулы жеңісінің құрметіне де тұрғызылуда. Ол қандай аса атаулы оқиға? Мыңжылдықтар межесінде, ғасырлар тоғысында халқымыздың сандаған ға­сыр­ларға созылған ұлы көші діттеген жеріне жетті. Этностың межелі мекенге қазық қағуы толықтай тиянақталды. Қа­зақ өз жеріне түпкілікті ие болды. Сенбейсіз бе? Қазақ өз жеріне ең бері қой­ғанда 1991 жылы ие болған дейсіз бе? Олай емес. Сөз жүзінде солай, іс жүзінде олай емес. Неге? Негесі сол, дәл 1991 жылы-ақ КСРО-ның кетіп бара жатқан Президентінің өзі Қазақстанның теріскейіндегі бес облыстың жері Ресейге тиесілі еді дегендей бірдеңені бықсытқан бо­латын. Біз тәуелсіздігімізді жариялаған­нан кейін-ақ сол тұста эмиграциядан Ресейдегілер жаңа туған пайғамбардай көріп күтіп алған Солженицын «Ре­сей­дің көсегесін қайтсек көгертеміз?» деген салақұлаш еңбегінде қазақтар малдың соңында жүріп, малының тұяғы тиген жердің бәрін менікі дей берген деп сан­дырақтаған болатын. Сол сөздерге елірмеленіп, біресе Оралда, біресе Петропавлда казактар көтеріліп, оларға ше­кара­ның арғы жағынан дем берушілер, желіктірушілер шығып, оған Мемлекеттік Дума қосыла жаздап, Жириновский деген сабаз Ресей теледидары арқылы бірнеше күн қатарынан Қазақстанға тікелей аумақтық талап қоятын, империя­лық, ұлы державалық саясатты қайта қоз­дыратын арандатушылық мәлімдеме­ле­р жасап, оған біздің Сыртқы істер министрлігіміз: «Ресеймен Достық, ын­ты­мақтастық және өзара көмек туралы шарт жасасқан егемен Қазақстанға мұндай күйе жағу мемлекеттік теледидардан айтылып келеді және мұның әлі күнге дейін Ресей Федерациясының ресми топтары тарапынан қандай да бір айыпталып немесе қарсылық білдірілмей отырғандығы назар аудартады» деп мәлімдеме таратып жатқан болатын. Астана ауыстыру туралы шешім сондай кезде қабылданған. «Біз Алатаудың баурайына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы солай бол­ды» деген сөзді Нұрсұлтан Назарбаев сондай кезде айтқан. Ымға түсінбеген дымға түсінбейтіннің керін келтіріп, ақыры айтқызып тынғанбыз. Кеше, 9 желтоқсанда біз Астанадағы Ұлттық кітапханада «Егемен Қазақстан­ның» бетінде жарық көрген мақалалар­дан, сұхбаттардан, өлең-жырлардан құ­рас­тырылған «Тәуелсіздік» атты көлемді жинақтың тұсаукесерін өткіздік. Рәсімді жүргізе отырып, әңгіменің орайында осыдан он жеті жыл бұрынғы бір жайды еске алуға тура келді. 1994 жылы жазда Қостанайда Биағаңның – Бейімбет Май­линнің 100 жылдығы аталды. Дәл соның алдында ғана Парламент Президент ұсынысын қолдап, астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қа­былдаған еді. Қостанайға барған күннің кешінде қонақүйде алматылық қалам­герлермен бас қосып қалдық. Кілең ығай мен сығайдың әңгімесінің басты тақырыбы – астананың ауысатындығы. Сөздің орайы келгенде мен бір әзіл әңгіме бастадым. Ойдан қиыстырып айтып жатырмын ғой. «Ақмолада біздің тілді керемет меңгерген, меңгергені сондай қазақша, қазақша ғана емес баяғы жыраулық дәстүрде өлең шығаратын бір ұлты өзге ақын бар екен. Тілімізді мең­гер­генмен, рухы бізге атымен жат екен. Сол осы күндерде біздің Президентке қарсы сөй­лейтін бір толғау шығарыпты. Бастап­қы екі жолын ғана есімде сақтап қалып­пын», дедім. «Иә, иә, айтып жібер» деп жатыр жұрт. «Ақ­мо­ланы алғаны, Арқаға қолды салғаны» деп басталады» дей бергенім сол еді, біраз жұрт күліп, біраз жұрт әзілмен сол сарында жалғастырып әкетті. Рымғали ағаның (Нұрғали): «Ол толғауды мен де естігенмін. Әрі қарай: «Есілді келіп ал­ға­ны, етекке қолды салғаны. Қараөткелді алғаны, қабырғалы халық болғаны» дейді жаңағы ақының» дегені есімде қалып қойыпты. Бұл сөзге түсіндірме жасап жату артық болар. Аса атаулы оқиға, жоғарыда айтқа­ны­мыздай, мыңжылдықтар межесінде, ғасырлар тоғысында халқымыздың сан­даған ғасырларға созылған ұлы көшінің діттеген жеріне жетіп, қазақ этносының межелі мекенге қазық қағуы толықтай тиянақталуы десек, халқымыздың аса айтулы жеңісі деп нені айтамыз? Енді соған келейік. Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккендегі табыстарымызды тізгенде ел­таң­­бамызды, әнұранымызды, туымыз­ды белгілегенімізді айта беретініміз бар. Әрине, олардың мәні үлкен. Олар – елдігіміздің символ­дары. Олар – бойтұмардай қастерлейтін құнды­лық­тарымыз. Сонымен бірге олар­дың тәуелсіздігін жариялаған елдер­дің бәрінде болуға тиісті, тіпті міндетті атрибуттар екенін де ескермеудің тағы жөні жоқ. Шын­туайтында, біз тәуелсіз­дігіміздің өзімізге берген мүмкіндігін қай тұрғыда ерекше пайдаландық десек, өз тағды­ры­мызды өзіміз шешетін елге айналғанымыз алдымен неден көрінді десек, өз астана­мыздың орнын өзіміз таңдаудан көрінді дейтін жөніміз бар. Ал тәуелсіз мемлекет ретіндегі қуатымыз неден танылды десек,  алдымен аз жылдың аясын­да Астанадай қала тұр­ғыза алуымыздан танылды дейтін жөніміз бар. Бас-аяғы он бес жылдың ішінде осындай қала салған елдің қолынан енді бәрі де келеріне күмән қалмауға тиіс. Арқа төсінде алтын алқадай жарқы­рап, жылдан-жылға жайнап өсіп келе жатқан әрі жас қала, әрі бас қала Астана – Елбасының ерен ерлігі. Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяны жападан жалғыз көтерді, тікелей жеке басының беделіне басып тұрып, тіпті одан да ашық айтсақ – тізеге салып тұрып шешім қабыл­даттырды, көшті де өзі бастады, құры­лысты да өзі басқарды. Астанамызды Алатау аясындағы ару қала Алматыдан Арқадағы аязды Ақ­молаға ауыстыру жөнінде шешім қабыл­дағанда Президент жаңа елорда салудың экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан талай пайда берерін ойлаумен қатар, бұл қадамның геосаяси тұрғыдағы артықшы­лығын да қамдастырған болатын. Бұл өте алыстан ойластырылған қадам еді. Астана ауыстырыла салысымен біздің солтүстік өңірлеріміздің төңірегіндегі суық сөздің де, сыпсың сөздің де сап тыйылғаны сондықтан. Қазақстанның еуразиялық мемлекет ретінде ел аста­насын орталыққа көшіруі біздің сыртқы саясатымыздың көп векторлы сипатына да сай келетін. Астана – Тәуелсіздігіміздің сұлу символы. Астана біздің ұлттық сана­мызды шын мәніндегі мемлекеттілік биігіне, егемендік патриотизм деңгейіне көтерді, ұлтымызды ұйыта түсті, барлық этностарды төңірегіне топтастырды. Астананы салу арқылы біз өз күшімізге сене түстік, әлемнің ұлы мемлекеттерімен бір қатарда тұруға деген ұмтылы­сымызды арттыра түстік. Азаттығы­мыздың асқақ айбынына айналған Астана біздің қолымыздан ұлы істер келетінін көрсетті. Тәубе дейік, ағайын. Бүгінде бізде бәрі бар. Көгімізде тәуелсіздігіміздің көк байрағы желбіреп тұр, ел ортасында ел­діктің ең еңселі ескерткіші – арайлы Ас­танамыз тұр, сол елорданың төрінде асқақтап Ақордамыз тұр, тұғыры биік Тәуелсіздік сарайымыз тұр. Қазақстан тұлпарының ер-тұрманы толық түген­делді деген осы болады. Етек-жеңді жиып, ел болды деген осы болады. Біз ел болдық. Біз мемлекет құрдық. Президент ауық-ауық атап айтып, қадап көрсетіп отыратын осынау қып-қысқа, қарапайым ғана сөйлемдерде ға­жайып мән-мағына жатыр. Ел болдық, мемлекет құрдық дегенде біз егемендік алғанымызды, тәуелсіздік жариялағанымызды ғана айтпаймыз. Аты тәуелсіз де заты тәуелді мемлекеттер де толып жатыр жер бетінде. Біз ел болдық дегенде еңсесі биік елдер қатарына қосылғанымызды айтамыз, біз мемлекет құрдық дегенде сол мемлекетімізбен мына жұмыр Жердің төсіне мы­ғым тұрғанымызды айтамыз. Неге бұлай айтамыз? Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі­нің тәй-тәй басқан шағынан-ақ алысқа да, жақынға да, Шығысқа да, Батысқа да бірдей қарап, барша елдермен тату көршілік, тығыз ынтымақтастық, жемісті ықпалдастық саясатын жүргізіп, әлем­дік қоғамдастықтан экономикасы қуат­ты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде өз орнын ойып тұрып алғандықтан айтамыз. Қазақ елі егемендіктің елең-алаңын­да-ақ адамзат тарихында бұрын-соңды бол­маған қадамға барып, қолына өзі түсіп тұрған тажал құралынан – атом қаруынан өз еркімен бас тартқандықтан, сөйтіп ядросыз әлем құруды бастап беру арқылы бүкіл Жер жүзіне бейбіт­ші­лік­тің, ізгіліктің, жақсылықтың, парасаттың үйренерлік үздік үлгісін келісті көрсет­кендіктен айтамыз. «Бұл елде жұрт та көп, ұлт та көп, тіл де көп, дін де көп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында халықтардың қыр­қысуы, діндердің тіресуі алдымен осыларда басталады» деп талай сая­сатшы сәуегейсіп, болашаққа бал ашы­сып жатқан тұста сан нәсілдің басын қо­сып, татулықтың туын тігіп, елдік ұра­ны­мен ұйысып, ұлтаралық, тіларалық, дінаралық жарасым мен келісімнің бүкіл әлем алға тұтатындай айшықты мы­салына айналғандықтан айтамыз. Бір кезде ортақ отанымыз болған Одақ тарап, сексен жылдайғы кеңестік ке­зеңде қалыптасқан шаруашылық бай­ланыстарының бәрі бырт-бырт үзіліп, шаңырағының быт-шыты шыққан шақта шикізатын өткізетін жер таба алмай, алты ай бойы айлық бере алмай, бар тап­қан-таянғанын зейнетақыға да, шәкірта­қыға да жеткізе алмай жүрген жүдеу жыл­дарды бастан кешкен ел бүгінде әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығаратын елге, халықаралық резерві 60 миллиард долларға жуық қар­жыны құрайтын елге, орташа айлық жалақысы 80 мың теңгеге дейін артқан елге, ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде 110 елдің арасынан 50-ші орынға шыққан елге айналғандықтан айтамыз. Баяғы хандықтарымыздың кезінде де, кешегі империялардың тұсында да жүз­деген жылдар бойы шешілмей келген, шешілмегені былай тұрсын ірі держава­лардың алауыздығынан ауық-ауық шиеленісіп кетіп, қарулы қанды қақтығыстарға да ұрындырып отырған ең бір шетін мәселені – шекара мәсе­лесін айналасы он бес жылдың ішінде түбегейлі шешіп, бір кезде әбден бы­ты­сып біткендей көрінетін түйінді абай­лаған ақылмен, салқын сабырмен тарқа­туға қол жеткізген, енді балаларының балаларының балалары ел шетіне алаңдамай өмір сүретіндей, өз елі өлең төсегінде алшаң басып жүретіндей ел болғандықтан айтамыз. Тәуелсіздік туын тіккеніне жиырма жыл да толмай жатып, қазақша айтқан­да, айды аспанға шығарған, бүкіл Орта­лық Азиядан бірінші болып, бүкіл Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы ара­сынан бірінші болып, бүкіл түркі әле­мі­нен бірінші болып, бүкіл мұсылман жұр­тынан бірінші болып, бүкіл Азия құрлы­ғынан бірінші болып әлемдегі аса абы­ройлы, биік беделді ұйымға – Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткізген ел болғандықтан айтамыз. Жаңа біз Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­на табысты төрағалық еткенін айттық. Осы арқылы біздің еліміз өз тарихының жаңа бір белесіне көтерілді. Абыроймен көтерілді. Енді біз әлем саясатының сырттай бақылаушысы емеспіз. Енді біз әлем саясатының қатардағы қатысу­шысы емеспіз. Енді біз әлем саясатын қалыптастыратын, айқындайтын елдер­дің қатарына қосылдық. Біздің елорда­мыз Астана кәрі құрлықтың көкейкесті мәселелерін қарап, маңызды шешімдер қабылдаған Хельсинки, Париж, Будапешт, Лиссабон, Ыстамбұл сияқты қала­лардың қатарына қосылды. Біз табысты төрағалықпен де тоқтап қалған жоқпыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 11 жыл­дан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін шақыруға қол жеткіздік. Тәу­елсіздік сарайында 56 елдің басшылары бас қосып, екі күн бойы әлемнің қауіпсіз дамуының, демократиялық жолмен өр­кендеуінің аса маңызды мәселелерін талқылады. Саммит нәтижесінде Астана Декларациясы қабылданды. Астана Саммиті Қазақстанның, қазақтың абыройын жер жаһанға жайды. Басқасын айтпай-ақ, тек осы оқиғаны ел тарихында, халық жадында қалдыру үшін-ақ Астанада Салтанат аркасын тұрғызуға болар еді. Нұрсұлтан Назарбаев елдігіміз, мемлекеттілігіміз үшін жиырма жылда жа­сау­ға болатынның бәрін жасады. Ең бастысы, біз экономикасы қуатты, сая­саты тұрақты, сөздің толық мағына­сында іргелі мемлекет құра алдық. Бәрі де салыстыру арқылы білінеді. Салыстырып көрейікші. 1994 жылы бізде әр адамға шаққан­дағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан келетін. Бүгін ше? Бүгін сол көр­сет­кіш 12 еседен асып, әр адамға 9 мың дол­лардан келіп отыр. Президент Қазақстан халқына биылғы Жолдауында тәуелсіз­дік тарихының алғашқы жиырма жы­лын­да ішкі жалпы өнімнің көлемі Оң­түстік Кореяда 3 есе, Малайзияда 2 есе, Сингапурда 4 есе, Венгрияда 5 есе, Польшада 4 есе өскенін айтқан еді. Ал бізде 12 есе! Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің жиырма жылында мұн­дай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізіп көрмеген екен. Президентіміз осы жақында ғана, «Нұр Отан» партиясының ХІV съезінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі бойынша біз, басқа көршілерімізді айтпағанның өзін­де, Украинадан 2 еседен астамға асып түскенімізді, Шығыс Еуропаның бір­қа­тар елдерінің алдында тұрғанымызды айтты. Бағасын білген жанға бұл – бәріміз бағындырған асқар биік. Бұл жеңіс пе? Сөз жоқ, жеңіс. Ел­діктің жеңісі. Біз, ақ-адалын айтқанда, өзгелермен бірге егемендікке қол жеткізген кезде тәуелсіз мемлекет құра алсақ та, ел қатарлы тұра алсақ та тәубе, тәубе дейтіндей жағдайда едік. Шүкір, ондай болған жоқ. Ел екенбіз. Рухы күшті, жігерлі жұрт екенбіз. Басқалар істегенді біз де істеп, басқалар тындырған шаруаларды біз де тындыра алады екенбіз. Тіпті талай­лардан артық істеп, артық тындыра алады екенбіз. Оған алдымен өзіміздің көзіміз жетті. Одан кейін өзгелердің кө­зін жеткіздік. Тіл-аузымыз тасқа. Тәуелсіздік тойына осы­лай, асқақ абыроймен келіп отырмыз. Бұл салтанат па? Сөз жоқ, салтанат. Елдіктің салтанаты. Астананың аркасы – Азаттықтың арқасы. Арқадағы арка Алашты арқаланды­рып тұрсын! Сауытбек АБДРАХМАНОВ.