Осы орайда Елбасы бастамасымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының атқарар рөлі үлкен. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру мақсатындағы «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттап, облыс әкімінің дипломы мен қаржылай сыйлығын табыс етті.
Байқаудың облыстық кезеңіне аудан, қаладан 38 отбасы ұсынылған. Комиссия отырысында олардың 30-ы іріктеліп, жеңімпаздары анықталды. Сегіз отбасының құжаттары сәйкес келмегені себепті, байқауға қатыстырылмапты. Осы үздіктердің арасынан бас жүлдеге лайықты деп танылған Қазығұрт ауданынан келген Мұхтар Момынов пен мақтаралдық Сапаралы Серікбаев жанұялары мерейлі отбасы атанып, 1 000 000 теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Яғни қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға оңтүстікқазақстандық екі отбасы жолдама алды. Сондай-ақ, ұлттық байқаудың облыстық қорытынды кезеңіне қатысқан барлық 28 отбасыға облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Алғыс хаты мен 200 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.
Еркін ДОСЫМБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы