– Біз Қытай елінің салт-дәстүріне, тіліне, мәдениетіне, тарихына қызығушылық танытқан жас достарымызды мереке қарсаңында құттықтаймыз, – деді Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің Уақытша сенімді уәкілі Лю Цзянпин.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова білім саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. «Зияткерлік мектептердің көптеген түлектері Қытайдың беделді жоғары оқу орнында оқып жатыр. Жақында ғана зияткерлік мектептердің делегациясы жұмыс сапарымен Бейжің және Шанхай қалаларында болып келді. Іссапар нәтижесінде меморандумға қол қою жоспарлануда», деді К.Шәмшидинова.
Қазіргі таңда Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 80-нен астам оқушы қытай тілін оқып үйренуде. Тіл үйренудегі өз жетістіктерін оқушылар «Пекин палас» бес жұлдызды қонақ үйінің үлкен залында көрсетті. Балалар «Менің жүрегімдегі ай», «Лотостар өскен бөгеттегі ай жарығы» сияқты қытайдың халық әндерін нақышына келтіре орындады. Домбырашылар төгілте орындаған «Сарыарқа» күйі мерекені ұйымдастырушыларға жасалған керемет музыкалық сый болды.
Конфуций институтының балалар тобы көрсеткен у-шу жаттығуы, Елшілік кеңесшісі Чэн Ле жүргізген каллиграфиядан шеберлік сағаты, «Күріш таяқшалары» атты би, астаналық кадеттердің танымал «Катюша» әнін қытай тілінде орындауы балалар мерекесіндегі қытайлық реңді арттыра түсті.
«Егемен-ақпарат»