Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Астанада «Алтын тұғыр – 2018» атты үш томдық әдеби жинағының тұсаукесер салтанаты өтті

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен басып шығарылған «Алтын тұғыр – 2018» атты үш томдық әдеби жинағының тұсаукесер салтанаты өтті. Жинаққа «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауға қатысқан 213 қаламгердің шығармалары поэзия, проза және драма жанрлары бойынша топтастырылған.

Астанада «Алтын тұғыр – 2018» атты үш томдық әдеби жинағының тұсаукесер салтанаты өтті

Жыл сайын қаламгерлерді жаңа шығарма жазуға ынталандырып, демеу болып келе жатқан игі шара өз жемісін бере бастады. Туған жер тақырыбындағы жаңа өлеңдер мен поэмалар дүниеге келіп, оқырмандарға эстетикалық ләззат сыйлап келеді.

«Байқауға қатысушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Шынында да, ауыл тақырыбы бұл маңыздылығы мен жаңалығы көп таусылмайтын тақырып қой. Байқауға қатысушылар өз шығармаларында ауылдың келбетін, бет-бейнесін, ондағы мәдениет пен экономикалық дамуды сипаттап жатады. Сонымен қатар, бұл жинаққа еніп отырған шығармалар үлкен қызығушылық танытуда. Қазіргі уақытта «Ауыл» партиясы өзінің филиалдары арқылы облыстық, аудандық, ауылдық кітапханаларға шығармалар жинағын таратып жатырмыз. Жалпы алғанда, екі жылдан бері біз осы шығармаларды топтастырып, әр 3 жанр бойынша былтыр үш том, биыл үш том жинақ шығардық. Бұл кітаптар әр жыл сайын мың дана тиражбен шығарылады», деді «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Партия төрағасы драматургтер шығармашылығына басымдық берілгенін айтты. «Ауыл» партиясы ауылдың дәстүрлі өмір салтын дәріптеп, ондағы әлеуметтік, рухани мәселелерді көркем шығармалар арқылы көпшілік назарына ұсыну мақсатында 2016 жылдан бері «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауын ұйымдастырып келеді. Әдебиет порталымен бірлесе өткізілетін нәтижесі бойынша «Алтын тұғыр» үш томдық жинағын басып шығару игі дәстүрге айналды.

Жинақтың тұсаукесеріне Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен драматургтер, байқаудың 2017 жылғы жеңімпаздары да қатысты.

«Бүгінгі шараның мәні өте зор. Еліміздегі халықтың тең жартысы ауылда тұрады. Ол бізді азық-түлікпен, ет, сүт және маймен қамтамасыз етіп отырған еңбекқор азаматтар. Осы тұрғыдан, ауылдың «алтын тұғыр» деп аталуы жай ғана сөз тіркесі емес екенін көрсетеді. Партияның мұндай байқауды өткізуі болашақ драматургтер мен прозаиктерді шыңдауға үлкен үлес болып табылады», деді қоғам және мемлекет қайраткері Әділ Ахметов.

«Алтын тұғыр» жинағына енген шығармалармен онлайн танысу мүмкіндігі де қарастырылған. Шығармалардың барлығы Әдебиет порталына орналастырылған. Биыл да жалғасын тапқан байқаудың қорытындысы Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады. Қаламгерлердің ауыл тақырыбындағы тың туындылары қазіргі әдебиетіміздің қорына қомақты үлес болып қосылары сөзсіз.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар