Аралас жекпе-жек әлеміндегі беделі зор ұйымның чемпиондық атағын иеленіп отырған Дамир Исмағұлов 1991 жылдың 3 ақпанында Орынбор облысы Первомай ауданының Ударный ауылында дүниеге келді. Бала кезінен ала доптың сиқырына арбалған оның арманы мықты футболшы болу еді. Алғашқы кездері аяқ алысы жаман болған жоқ. Ауыл мен ауданда өз қатарының алды болып, көпшілік назарына ілікті. Облыс құрамасының сапында Ресейдің аймақтық турнирлерінде өнер көрсетті. Алайда институтта оқып жүрген кезінде аяғынан ауыр жарқат алып, соның салдарынан асқақ арманымен қош айтысуға тура келді.
Спорттың сиқырына бір арбалған адамның осы саладан алшақтап кетуі мүмкін емес қой. Жарақатынан айыққаннан кейін Дамир Орынборда бар үйірмелердің біразының табалдырығынан аттады. Ақыры оның таңдауы аралас жекпе-жекке түсті. Жасы 20-дан асса да, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы, жанкештілігі мен жеңіске деген құштарлығының арқасында биік белестерді бірте-бірте бағындыра бастады.
2014 жылы алғаш рет айқас алаңына шыққан Исмағұлов пермдік Александр Чернышты ұтқанымен, келесі кездесуінде махачкалалық Рамазан Сулебановқа есе жіберді. Ол бұл сәтсіздіктен үлкен сабақ алды. Жаттығу залында аянбай тер төгіп, әр жарысқа ерекше құштарлықпен даярланды. Айқас алаңында барынша сауатты қимылдап, басты қарсыластарын бірінен кейін бірін ығыстыра бастады. Бас-аяғы төрт жылдан аса уақыт аралығында Дамир 17 жекпе-жек өткізіп, 15 рет жеңіске жетті. Осы орайда, бұл тек ірі халықаралық додаларда тіркелген нәтижелер екенін естеріңізге сала кетейік. Одан бөлек, ол түрлі коммерциялық турнирлерге қатысып, сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Мәселен, 2016 жылдың желтоқсан айында Алатау баурайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жекпе-жектен дүбірлі жарыс ұйымдастырылғаны жанкүйерлердің есінде болар. 70 кило салмақта сайысқа түскен Орынбордан келген қандасымыз Темірлан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт және Мұрат Бақтыоразов секілді сайыпқырандарға сан соқтырып, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді.
Сонымен қатар былтырғы жылдың ақпан айында Санкт-Петербургте өткен «М-1 Challenge 74» турнирі барысындағы мына бір оқиға естен кетер емес Айтулы жарыста Дамир Исмағұлов Францияның сақа спортшысы Морган Эроны үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, жекпе-жек аяқталған бетте сөз кезегі жеңімпазға тиді. Микрофонды алған ол: «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «М-1» ұйымының басшыларына өз өтінішімді білдіргім келеді. Рейтингтік бәсекелерге әбден «тойдым». Көп рахмет. Енді чемпиондық тәж үшін таласқым келеді. Маған сондай мүмкіндік беріңіздер. Бұл сәтті бүкіл Орынбор халқы тағатсыздана күтіп отыр. Менің бүкіл Ресей және күллі Қазақстанда да жанкүйерлерімнің қатары қалың. Олар да менің жарқын жеңісімді көруге ерекше құштарлануда», деп ақтарыла сөйлеген еді.
Сөз кезегі қайта жүргізушіге тигенде ол: «Қолымнан микрофонды тартып алғаныңызға қарағанда, көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз...» деп әңгімені әзілмен бастағаны сол еді, қазақтың ұлы бірден: «Бүгін мен сіздің қолыңыздан микрофонды тартып алсам, ертеңгі күні чемпионның беліндегі алтын белбеуді жұлып әкетемін. Оған еш күмәндарыңыз болмасын», деп батыл сөйледі.
Дамир жігіт екен. Сөзінде тұрды. Сол жылдың мамыр айында Орынборда ұйымдастырылған турнирде қазақтың ұлына тән қайсарлық танытқан Исмағұлов Санкт-Петебургтен келген Максим Дивничті бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Одан кейін Дамир тағы екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Бұл бәсекелерде ол бразилиялық Рожерио Карранка мен грузиялық Рауль Татараулиден басым түсті.
Міне, сол Дамир бауырымыз өз атағын үшінші мәрте қорғау үшін 15 маусымда қайта айқас алаңына шығады. Жаттығу жұмыстарының соңғы кезеңін ол Алматы қаласына келіп, Алатау баурайында өткізді. Ал қарсыласы жайында айтар болсақ, 34 жастағы Артем Дамковскийдің де жекпе-жек өнерінде жиған тәжірибесі зор. Ол муай-тай, қоян-қолтық айқас және панкратионнан өткен көптеген халықаралық жарыстарда топ жарған. Осыдан сегіз жыл бұрын Артем бұл күндері жарқын жұлдызға айналып, UFC-де күш сынасып жүрген чешенстандық Майрбек Тайсумовты тізе бүктірді. Осы жеңісінің арқасында ол «М-1» ұйымының алтын белбеуін иеленген еді. Алайда көп ұзамай Беларусь спортшысы сол атағынан айырылып қалды. Осы күнге дейін Дамковский барлығы 32 кездесу өткізіп, 22 мәрте жеңіске жетті.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ