Кездесудің мақсаты – шекаралас елдер мен көршілес өңірлер арасындағы ынтымақтастықты және серіктестікті нығайту бойынша нақты іс-шараларды жоспарлау.
Бұдан кейін қырғыз ағайындар Тараз қаласындағы «Достық» үйіне келіп, Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесін тамашалады. Сонымен қатар аяқ-киім, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының жасалу жолдарымен танысты. Ал мұндағы құрылыс заттары, энергоүнемді шамдардың ауқымды ассортименті, былғары, сүт және шұжық өнімдері келушілердің назарын өзіне аударды.
Жалпы, Жамбыл және Талас облыстарына көптеген игіліктің, сонымен қатар кейбір мәселенің де ортақ екені жасырын емес. Және де екі ел арасындағы достық қарым-қатынас күн санап артып келеді. Бұл жайында қос облыс басшылары бас қосқан жиында айтылды. Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңірдегі туризм саласының дамуы мен көне Әулиеатаның киелі орындары жөнінде сөз қозғап, Жамбыл және Талас облыстарының бүгінгі қарым-қатынасы жаңа жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.
Өз сөзінде Талас мемлекеттік университетінің ректоры Айбек Үпенов аталған жоғары оқу орнында 15 мамандық бойынша білім алып жүрген 3 мың студенттің жүзден астамы жамбылдық жастар екеніне тоқталды.
Негізінен Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына қажетті судың 80 пайызға жуығы қырғыз елінен келеді. Аталған жиында Талас өзені туралы мемлекетаралық су бөлісу бойынша бекітілген кестеге сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы су ресурстарын әділ бөлу, Қазақстандағы ауылшаруашылық өнеркәсіптері үшін Кож және Райс каналдары бойынша суару уақытында үзіліссіз су берумен қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланды. Бұл ретте Талас облыстық мемлекеттік су шаруашылығы мекемесінің басшысы Болат Батырқұлов Жамбыл жеріне қажетті судың өз мөлшерінде бөлініп жатқанын айтты.
Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Қырғыз Республикасы Үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілі Марат Мұраталиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұнда ауыл шаруашылығы мен су бөлісу туралы мемлекетаралық мәселелер жүйеленген. Сондай-ақ құжатта Жамбыл облысынан сиыр етін импорттауға квота бөлу, Жамбыл облысына Талас облысынан жеміс-көкөністердің ерте пісетін өнімдерін жылыжайға жеткізуге көмектесу, Талас облысына бидай, ұн және ет өнімдерін тасымалдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, Жамбыл өңіріне ерте көктемдік шаруашылық өнімдерінің түрлерін жеткізу бағытындағы жұмыстар да қамтылған. Сонымен қатар болашақта қос облыс арасындағы туризмді дамыту мәселесінде екі өңірдің туризм басқармаларының басшылары арасында да келісімдер жасалды.
Сапардың іскерлік бөлігі аяқталған соң «Баласағұн» орталық концерт залында «Бірлігіміз жарасқан!» атты Жамбыл облысы мен Талас облысы көркемөнерпаздарының қатысуымен фестиваль өтті. Мұнда қазақ пен қырғыздың әйгілі өнер қайраткерлерінің шығармалары орындалып, көпшіліктің көңілінен шықты. Ал бұдан кейін қырғыз ағайындар Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерімен танысты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы