Әдебиет • 30 Мамыр, 2018

Біздің кінәміз...

1074 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баяғыда-а, бала күнімізде біздің үй шөлейт даланың бір түкпіріндегі Бақырша деген ауылға көшіп барды. Бара сала абыр-сабыр боп, жүк түсіріп жүргенде айналаға көз салып қарауға да мұршамыз болмапты.

Біздің кінәміз...

Ертеңіне таң ата жеңешем Монтайдан алып келген көк сиы­рымызды падаға қосып, өріске шығарып жіберген екен. Түс мезгілінде таңдайы кеуіп, әбден қаталап шөлдеп, есік алдында ентігіп тұрғанын бір-ақ көрдік. Екі көзі тұманданып, сыртқа шыққан кісіге мөлие қарап «Мө-ө-ө!» деп мөңіреп су сұрайды.

Сөйтсек Бақырша әлімсақтан бері сусыз отырған алақандай ауыл екен. Жаңа ғана танысқан көршілеріміз «Күнара Шағыр жақтан су әкелетін жалғыз «водавоз» бар еді, сол құрымағыр, бұ­зылып қалған ба, немене, екі-үш күннен бері төбесін көр­сетпеді ғой!» деп отыр. 

Әдеттегідей шай-суларын үнемдеп, өздеріне әзер жеткізіп отырған сол үйлерден әуелде «Жал­ғыз сиырымыз бар еді, бір шелек су бере тұрмас па екен­сіздер?» деп сұрауға да ұялдық. Ал көк сиыр болса, біресе есіктен, біресе терезеден сығалап қайта-қайта мө­ңіреп жүр. Біраздан соң тіпті екі көзінен сорғалап жас та ағып кетті.

Біз үйде әрең шыдап, ішіміз­ден тынып отырмыз. Енді болмаса, көк сиырға қосылып, өзіміз де жылап жіберетін сияқтымыз. Себебі оған апарып бере қоятын су жоқ...

Сол күні байғұс сиырдың шөлін қалай қандырғанымызды қазір ұмытып қалыппын. Бірақ көзінен жас парлап, мөңіреп жылағаны әлі күнге шейін есімде.

Содан бастап ол ауылдан алыс­­қа ұзап жайылмайтын бол­ды. Таң бозынан табынға қосып, падашыға ықтияттап тап­сырып-ақ жібереміз. Бірақ күн көк­жиектен арқан бойы көтерілмей жатып ауылға қашып келеді де, айналадағы қора-қопсыны тінтіп, айналшықтап жүріп алады.

Ондай кезде жеңешем бізге «Әй, үйде құр босқа қарап отыр­ғанша анау сиырды ауыл шетіне айдап шығып, өздерің жайып келіңдер», дейді. Сонсоң бір таяқ­ты қолымызға ала салып, «Өк әй, өк!» деп қуа жөнелеміз.

Бірақ ол да оңайлықпен ырық­қа көнбей, әрі-бері бұлта­лақтап үйге қарай қашады. Сонда оның көзінен «Естеріңде ме, әнеугүні Жапатастың етегіне дейін жайылып барып, шөлдеп қайтқанымда бір тамшы су тауып бере алмап едіңдер ғой. Енді қайтіп барам? Жо-жоқ, одан да өлгенім артық!» деген сөзді оқығандай боламыз.

Көп өтпей-ақ біздің көк сиыр әлгі ауылдағы ең бір сұ­ғанақ, ұятсыз, ұры сиырға ай­налып шыға келді. Кімнің аула­сының есігі ашық қ­алса, сол үй­ге кіріп барып, суын ішіп, дас­тар­қанға орап қойған нандарын жеп, қаптағы ұны мен күрішін төгіп-ша­­шып, ойрандап ке­тетін болды.

Оған әрине, та­би­ғат­пен бірге біз де өзімізді кінәлі сезінетінбіз.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»