Шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенова, халықаралық куратор Дэвид Эллиот, «Momentum Time-Based» заманауи өнердің коммерциялық емес платформасының директоры Рейчел Ритц-Волох, суретші Алмагүл Меңлібаева, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
«Аталған жобаның басты міндеті – ұлттық сурет өнерін әлемдік қауымдастықтар арасында насихаттай отырып, қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу және даму жолының философиясын, семантикасын кеңінен таныстыру. Жоба аясында ашылатын төрт бірдей көрмеге сексенге жуық суретші қатысады. Алғашқы сурет көрмесі 1 маусым күні Германияның Берлин қаласында ашылмақ», жоба жетекшісі деді Леонид Кочетов. Оның сөзінше, көрмелер Нью-Йорк (АҚШ), Лондон (Ұлыбритания), Берлин (Германия), Сувон (Оңтүстік Корея) сынды қалаларда өтетін болады.
Көрме барысында өнер сарапшыларының қатысуымен заманауи өнердің даму тенденциялары, бүгінгі бейнелеу өнерінің көркем бағыттары мен даралық стильдері турасында арнайы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Тақырыптық мазмұны әр алуан ауқымды жобаны маусым-қазан айы аралығында өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте сөз алған музейдің заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенова жаһандану әлеміндегі ұлттық мәдениеттің орны мен рөлінің маңызды екеніне, ерекшелігіне тоқталды.
«Өтетін көрмелер тақырыптық жағынан үндес. Әр қаладағы іс-шара кезінде шақырылатын суретшілер мен халықаралық қонақтар ауысып отырады. Әр куратор бай тәжірибесімен бөлісе отырып, жабдықталған шеберханаларда шеберлік сабақтарын өткізеді. Арт-резиденцияда өтетін суретшілермен кездесуге негізінен табысты жас суретшілер қатысады. Осы ретте шеберлік сабақтары, лекциялар, воркшоптар сияқты тақырыптық арнайы шаралар өткізіледі», деді Роза Әбенова.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»