Тарих • 31 Мамыр, 2018

Ғалым-ұстаз Сәдуақас Ғылмани туралы естелік

2134 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сәдуақас Ғылмани – ғасырға жуық ғұмырын Аямпаз Алла сөзін дәріптеп, адам баласын ақиқат жолына шақыруға сарп еткен ғалым-ұстаз. Оның қолжазбалары ойыңды рухани құндылығымен, тарихи маңыздылығымен бірден бау­рап алады. Ақылыңа сәуле қонып, талабың тасып, құдды бір қымбат қазынаға жолыққандай күй кешесіз. 

Ғалым-ұстаз Сәдуақас Ғылмани туралы естелік

Бар мәселенің бүгін пайда болмағанына, Ғылмани заманында да болғанына және ғалымның осы мәселелер туралы ой білдіріп, пікір қосып отырғанына куә боласыз. Өкі­­нішке қарай ғалымның қолжазба мұралары бүгінге дейін толыққанды зерттеліп, нақты ғылыми жүйеге түспеген. Біз осы орайда С.Ғылманидің мол мұрасын талдап, жарық көрмеген қолжазбаларының мазмұнын танытуды мақсат тұттық.

1. Сәдуақас Ғылмани қолжазбасы: «Құран аудармасы». Қайраткер ға­лымның мұрағатындағы маңызды бір қолжазба «Құран аудармасы». Сіл­темеге сүйене отырып, сарап­тасақ, «Құран аудармасы» деп аталатын қалың қолжазба бірнеше кітапты қамтиды екен. Қолжазбадағы «Құран туралы» жазылған беттің екінші жағында «Тафсир жайы» жазылған. Ал қолжазбадағы «Құран Кәрім» тарауында «Құран – қиямет күніне шейін Мұхаммед (с.а.у.) үшін мәңгілік мұғжиза...» деп басталып, Ислам дініндегі Құранның маңызы жайлы айта келіп, «Құранның Ислам діні дұшпандарына орны», «Құран қалай ендірілген?», «Құранды бөліп-бөліп ендірудің хикметі», «Құранды жиып, басын қосу қалай болды?» деген тақырыптарға топтастырған. Әрі қарай адамзатқа рухани азық болар, ұғынғанды айқын жолға салар, мәңгілік мәні жойылмайтын қасиетті Құран сөзін аударып, мағынасын тәпсірлеп түсіндіріпті.

Құран тәпсірінде «Фатиха» сүре­сі, «Бақара» сүресі, «Әли-Имран», «Әл-Анғам» сүрелері және қысқа сүре­лер қамтылған. Әдетте «Фатиха» сүре­сін «Беташар сүре» деу жиі кез­деседі. С.Ғылмани «Кітап бас сүресі» деп бастап, төмендегіше тәпсір­лепті: «Бұл сүре – Құранның ана­сы. «Екі рет болған», «Жеті аят», тағы басқа да аттармен де атал­ған...». Әрі қарай бірнеше мағы­на­лары берілген. С.Ғылмани «Бисмиллаһир рахманир рахим» сөзін «Зор Рахымды, Аямпаз зат Аллаһтың атымен (оқимын)» деп аударған. Одан әрі  «Барлық мақтаулар, бүкіл әлемдердің Тәрбиешісі. Мол Есіркеп, Аяушы болған Аллаһтікі (1) Зор Рақымды, Аяушы, Есіркеуші – Ол (2)» деп жалғасады. Аяттағы «Раб­бил а’аламинді» – әлемдердің «Иесі, Патшасы, Жаратушысы» деп аудару бұрыннан бар. Осындағы «Рабб» сөзінің негізгі мағынасын ғұла­малар «Тәрбие беруші, асықпай Тәр­бие­леуші мәнін білдіреді» деген. Осы мағынаны негізге ала отырып, С.Ғыл­мани өз тәпсірінде «Тәрбиеші» мәнін жиі қолданған. Бұлар – қазақша тәп­сір кітаптарында бұрын кезікпеген тың қолданыстар. Ал «Рабб» сөзі діни мағы­насында тек Жалғыз Аллаға лайық. Тілдік мағынада изафеттік тіркес­терде қолданылады.

Қолжазбадағы «Құран туралы» жазыл­ған парақтың екінші бетіндегі «Тафсир жайында»: «Құранды тафсир қылу жайы», «Тафсир ғылымы деп қандай ғылымды айтады?» деген сұрақ­тар қарастырылған. С.Ғылмани «Тафсирші болған кісіге он бес ғы­лымды (фәнді) білуді ғұламалар лазым деп айтқан. Осы он бес түр­лі ғылымды білмеген адамның таф­сирі иғтибардан (назардан) тыс қала­ды, бәлки» деп, тәпсір жасауға жауапкершілікпен қарау керектігін қатаң ескертеді. «Хадис жайы» деген тақырыптағы зерттеуінде хадис ілімінің маңызына тоқталады. Әрі қарай «Хадистер сандары жайлы», «Хадисті ойдан шығару жайы», «Хадистің иснаді жайы» деп өрбиді. Қалың қолжазбаның қатпарлы беттерінен әлі талай мәлімет табылары анық.

Ал «Арабша-қазақша» (1946-1966 жж.) түсіндірме сөздігі сынды іргелі еңбек жиырма жыл хатталып, қырық алты жыл сақталыпты. Ондағы талданып отырған сөздің араб тіліндегі қолданылу аясын айқындай кету үшін мысал ретінде мақал-мәтелдер, Құран аяттары мен хадистер келтірілген.

2. С.Ғылмани: «Сөз иесіне тие ме, жайы?» Дін ілімінің тереңіне сүң­гіп, тұнығын көздеген С.Ғылмани 1970 жылы «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты еңбек жа­зады. Бұл қолжазбаны кезінде «Кітабымнан кейінгі кездесулер» деген мақала жазған М.Тоғжігітов: «Ша­буылға алдымен Алматы меші­тінің имамы Сәдуақас Ғылмани шық­ты. Ол анау мынау емес, аз да бол­са машинкаға басылған жетпіс бес бет қағаз жазды», деп сынаған. Бұл мақаланың дерегі жуырда С.Ғыл­мани мұрағатын реттегенімізде табыл­ды. Кеңес өкіметі кезіндегі жеке басына жасалған қысымнан қаймықпай М.Тоғжігітовтің аталған мақаласына жауап жазған екен. Алдағы зерттеу­лерге жөн сілтер болу үшін, жазба мәтінінен үзінді келтірдік. «Сөз иесіне тие ме, жайы. Тоқжігітов Мұқатай жолдас өзі Шы­ғыс Қазақстанның облыстық газетінің Өскемен қаласында қызмет қылып тұратын бұл жолдас Павлодар облыстық «Қызыл тудың» 1971 жылғы 27 апрель сейсенбі күнгі 87-нөмірінде «Кітабымнан кейінгі кездесулер» деген мақала жазып, оны 1-2-3-4 кездесулер деп төрт бөлім қылып жіктепті.

Бұл жолдас өз облысынан асып, басқа облыстар баспасөзіне жазудағы мақсаты, әрине, әр облысқа осы сөзі мен өзін танытпақ екен иісінен аңқып білініп тұрыпты. Бұл жолдас мен «Құран туралы ақиқаттар» деген кітабымды жазып, бастырып, діндарлардан, әсіресе молдалардан кітапқа шабуылды күтіп тұрдым деген. Күтіп тұруыма қарай шабуылға бірінші кездескенім деп менің атымды көрсетіп, соның шабуылына кездестім» деп айтатын сөзін жалғаған. Әрине, менің сексеннен асқан жасым ішінде осы сөйлеген сөздей сөз естіп де көрмеген болғандықтан, менің ұжданым бұған шыдап қала алмай, қолыма қалам алдым. Әрбір сөз бөліміне барлығында дерлік шындықты көрсетіп Құранға жапқан жала, өтіріктерді айтып, жауап жаздым. Орнына қарап «дін не» деп, солай айтқан кісіге ат қойып, айдар тақты... Мен соны бүкпей атап жазып отырдым. Қысқасы, өзі де айтыпты ғой. Дінге сенбеген «кәпір, дінсіз депті» деп, әрине, дедім. Нендей ғалым философтар Тоғжігітов жолдас сөзіндей сөйлей алмайды. Абай сықылды кемеңгер «Күн-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі; Ақылдың жетпегені арман емес, Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын» десе. Ғылыммен атағы шыққан ғалымдар «әйтеуір бір күш бар» деп тұрса...» деп жалғасады. Мақаланың соңына: «Мен, әрине, Тоғжігітов жолдасқа тойтарма жазғанда мойындайды деп жазбадым.

Таза ұждан, толық ғылым иелері Құранның ақиқат екенін көрсін деп жаздым» деп жазыпты. Бұны Абайша айтқанда «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» дегені болар деп түйдік. Әдетінше «Ғылманұлы. 1972 жылы, Март айы» деп қолтаңба қойып, араға ай салып, 1972 жылы 24 сәуір күні дүниеден озған. Ғұлама «Құран рас, Алланың сөзі дүр ол» деп танытқан хакім Абайға жүгініп, Құран Кәрімдей кемел де келісті дүниені көкірегі ояу, иманы кәміл кісі ғана ұғатынын көзін жұмғанша ұрпаққа ұғындырумен өтіпті.

3. С.Ғылманидің діни кітаптардан аудармалары. Жалпы, С.Ғылмани мұрағатындағы қолжазбаларды бір мақалада толық саралап, сипаттауға сыймас. Сондықтан  кітап мазмұнына сай сараптап, С.Ғылманидің өз сөзімен беруді жөн санадық. Бұл аударманың алғашқы бетіне «Құран мен хадиспен амал қылуда ұйықтап қалғандарды оятатын кітап» Фикх негіздері пәнінен» Авторы шейх Мухаммад бин Али Санусси. 1965 ж./ 1385 һ.», деп жазылған. Ал кітап мазмұнын өлеңмен:

Дүние бір бау-бақша қалың бір ну

Сарқырап тасты жарып ағады су.

Бір жағы сондай болса қызғылық­ты

Бір жағы қурап жатқан болып құп-­қу

Мал-бала, мақсат-арман тұрағы жоқ

Түбінде бәрі қайғы бизар қылу.

Өткендерден ғибрат алмайсың ба?

Сен де өтесің таппайсың тұ­рақ қылу. Аударушыдан(С.Ғ.)» деп ­өрнектепті. Келесі аударма Мах­муд Шалтуттан. Ондағы жазуда: «Құранды тәпсір қылғанда әділ-шын болған жол. Қаһирада жамиғ әл-Азһар шайхисы Махмуд Шалтут хафизинің «Ислам, мемлекеттердің байланыстары (Бейбітшілік де, соғыс та)» деген кітапшасын аудару» депті. Кітап «Құранды тәпсір қылғанда әділді болған жол», «Ислам дініне үндеудің табиғаты», «Соғыс аяттар» бастылып», «Кешірім аяттарын соғыс аяттарына салыстыру байланысы», «Соғыс тәртібі туралы аяттар», «Соғыс уақытында болған істерді Құран үкімдеріне салыстыру» деген тақырыптарды қамтиды.

«Педагогика ғылмиа және педагогика амалиа» деп аталған қолжазбаға: «Ислам ілімінің ең ірі педгогтерінің бірі Марқұм Хасан Тауфиқ Мысридің «Педагогика» кітабының тәржімасы...» деп жазылған. Алғы сөзінде «Әд-дин вәл-әдәб» журналына (1906-1908 – 1913-1917 жж)» тәржімалап шы­ғаруға шешім қабылданды». Ахмеджан Мұстафа» делінген. С.Ғылмани қол­жазбаларының қай-қайсысы да зерделей үңіліп, тереңнен талдауды қажет етеді. Себебі «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталып жүрген қолжазба тәпсірден аударма болып шықты. Сан түрлі тақырыптағы мазмұнды оқып, қолжазбаның мәнін ұғу қиын. Тиянақты зерттеуді талап етеді.

Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, С.Ғылмани мұрасы ғылыми айналым­ға түсе бастағанын байқаймыз. Бұ­ған бас­тамашы боп жүрген Дихан Қам­забек­ұлының «Садуақас Ғылмани шы­ғармалары» атты кітабын шыға­рып, елорда төрінде алғаш рет дін қайраткеріне арнап ғылыми конференция ұйымдастырған ерен еңбе­гін марқұм Әмина Сәдуақасқызы жиі есіне алып отыратын. Жалпы, С.Ғыл­манидің әдебиетке қосқан үлесін Дихан Қамзабекұлынан асырып айту қиын.

Өмірдің қазанында құрыштай қай­нап өтсе де, сөз қадірін білер қауымға С.Ғылмани мол мұра қалдырыпты. Ал­ғаш­қы бетіне «Әрбір тілгер адам­дардың сөздерінің жинағы» деп жазылған қалың қолжазбаны ғылыми библиографиялық көрсеткіш деуге келеді. Бұл қолжазбаны «Заманы­мызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» деген атпен белгілі ғалым Әшірбек Мүминов жинақтап шы­ғарды. Кеңестік кезеңнің өзінде тео­логиялық зерделі зерттеулерді дү­ниеге әкелген С.Ғылмани осынау рухани мол мұрасын Әмина Сәдуа­қасқызына қалдыратынын өсиет етіп­ті. Марқұм Әмина Сәдуақасқызы әке мұрасын көз қарашығындай 44 жыл сақтаған. Бірде маған: «Кезінде Ұлттық кітапхана қорына өткізбек болғам, неге екенін, тапсырар сәтте бас тарттым. Ендігі, өзіңе аманат, қарғам», деді.

Дина ЖАНДОСОВА,

дінтанушы