Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Қы­зыл­үй ауылының алғашқы кірпіші қалан­ғанына 105 жыл толды

771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының Исатай ауданында Қызылүй деп аталатын ауыл бар. 1913 жылы ірге­сі қаланған елді мекен Нарын құ­мының қақпасы саналады. Бір кездері ферма орталығы бол­ған Қызылүй тоқсаныншы жыл­дардың тоқырауынан тыс қалмады.

Қы­зыл­үй ауылының алғашқы кірпіші қалан­ғанына 105 жыл толды

Бірақ ата кәсібіне адал жұрт ауылдан үдере көшкен жоқ. Төсінде төрт түлігін өргі­зіп, өрісін кеңейтті. Биыл Қы­зыл­үйдің алғашқы кірпіші қалан­ғанына 105 жыл толды. Осыған орай Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының «Ту­ған жер» жобасы аясында Тұ­щы­құдық ауылдық округі әкім­шілігінің ұйым­дастыруымен «Қызылүй – құтты мекенім» атты шара өтті.

Құм төсіндегі ауылға арнайы стелла-белгі орнатылып, таза ауыз су құбыры мен су тарату има­раты пайдалануға берілді. Салтанатты шарада елді мекеннің өткен жолы мен алдағы бағдары сөз болып, бір топ ауыл шаруа­шылығы ардагерлері, шаруа қожалықтарының иелері марапатталды. Ата кәсіпті меңгеріп, әке жолын жалғастырған шаруагерлерге Құрмет грамотасы тапсырылды.

Шағын ауылдағы тойда «Ән – жырым, саған, туған жер» атты концерттік бағдарлама, балуандар белдесуі, қой көтеру, арқан тар­тыс, жаяу жарыс секілді спорт­тық жарыстар да жоғары дең­гей­де ұйым­дастырылды. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер де салта­наттың сәнін келтірді. 21 шақы­рымдық аламан бәйгеге 15 сәйгүлік қатысып, 1-ші орынды Мең­діғұл Аққуатовтың жүйрік тұл­пары жеңіп алды. Жергілікті кә­сіп­керлер жәрмеңкеге өнім­дерін шығарды.

– Өңірде ауыл шаруашы­лығы­ның қалыптасып, өркендеуіне еңбек сіңірген аға ұрпақты құр­мет­теу, ауыл жастарын еңбек дәс­түрін жалғастыруға тәрбие­леу мақсатында осы шараны ұйым­дастырдық, – дейді ауылдық округ әкімі Мәди Өтеғалиев. – Қызыл­үйдің әлі де көр­кейе берері кәміл, қазір табиғи газ жеткізудің алғышарттары жасалуда, жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үй құрылысы көбейді.

Туған жер төсіндегі мейрам­ға осы ауылдан түлеп ұшқан, бүгін­де еліміздің түкпір-түкпірінде ең­бек етіп жүрген жерлестер де келді. Дала еңбеккерлеріне ерек­­ше мереке сыйлаған Қызыл­үйдегі шара жастардың ай астында алтыбақан теуіп, ойын-сауық бағдарламаларына қатысуымен тәмамдалды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ