Жаздыгүні тапшанда жатып ұйықтаған рақат қой, шіркін. Алқаракөк аспандағы жұлдыздар жыпырлап, жер бетіне жарық түсіргісі келген мың-сан білте шамдар секілді жымыңдап тұрады. Ауа таза. Дала тыныш.
Көкем бүгін жұмыстан өте кеш келді. Айтуына қарағанда, «аяқ астынан ауданнан бір топ кәмасия сап ете қалған» көрінеді. Содан ба, қазір күндегісінен де қатты қорылдап, бүкіл даланы басына көтеріп жатыр. Ал мен болсам, қаннен-қаперсіз пысылдап ұйқыға кеткен екі інімнің маңдайынан кезек-кезек сипап қойып, түпсіз, тұңғиық тәтті қиялға шомам.
Кенет түнгі тыныштықты селк еткізіп, жақын маңнан бір нәрсе гүрс ете қалды.
– А-а? – деп шошып оянды көкем.
Менде де зәре қалмады. Япыр-ай!.. Бұ не болды екен?! Мылтық па?.. Мылтық болса, түн ішінде оны атып жүрген кім?..
Сәлден соң сықырлап үйдің сыртқы есігі ашылды. Әжем екен.
– Әй, не болды?! – деді тапшанға қарап дауыстап.
– Білмейм, – дедім мен.
Әкем үн қатқан жоқ. Кірпігі айқасып, қайтадан ұйықтап бара жатқандай көрінді.
– Бақша жақта бірдеңе тарс етіп атылды ғой. Барып білсеңдерші...
Көкем қыбырлап орнынан тұра бастады. «Қорылдаса да бәрін естіп жатыр екен ғой», деген ой келді маған.
Қараңғы түнде мәйкісі ағараңдап бақша жаққа қарай кеткен көкем біраздан соң қолына бір жарылған қарбызды ұстап қайтып оралды.
– Мынау екен ғой адамның ұйқысын бұзған, – деді әжеме қарап күңкілдеп.
– Е-е, құдай-ай, қарбыз ба еді... Әбден пісіп, ешкім үзіп алмаған соң, қанасына сыймай тарс етіп атылған да жарықтық.
Қарадан қарап рәсуа болған қарбызға әжемнің жаны ашығандай болды.
– Иә-ә... Атылатын уақытты тапқан екен... – деп көкем қараңғыда аяғына қоңылтаяқ кие салған ескі кәлөшті шешіп, өз орнына барып қайтадан қисая кетті.
Ал әжем болса, әлгі қарбыздың қабығына қарап тамсанып:
– Е-е, Алла, көрсеткеніңе шүкір, – деді ақырын ғана күбірлеп. – Шөл даладан су шығады, ел-жұрт кетпен шауып, бау-бақша егеді, сөйтіп түн ішінде тарсылдап қарбыз атылады деп кім ойлаған. Бұрын бұл Бақыршада бір жұтым суға зар боп, таңдайымыз кеуіп отырушы ек қой... Тоба, тоба-а!..
Әжемнің даусы алқаракөк көрпе жамылып, тып-тыныш, тым-тырыс маужырап жатқан жер бетіндегі тіршілікке алғыс айтып тұрғандай шексіз мейірімге толы еді.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»