Қазақстан • 01 Маусым, 2018

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан нәтижелер бар - Дәурен Абаев

1284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта өткен парламенттік тыңдау барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландырудың алғашқы нәтижелері туралы айтты.


«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан нәтижелер бар - Дәурен Абаев

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасын әзірледі. Бағдарлама бес негізгі бағыттан тұрады: эконмика салаларын цифрландыру; цифрлық мемлекетке көшу; цифрлық Жібек Жолын жүзеге асыру; адами капиталды дамыту; инновациялық экожүйені құру. Жалпы алғанда, жүзеге асырылатын жобалардың толық экономикалық әсері 2025 жылы 2 трлн теңгеге жуық құрайды деген болжам бар. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында ҚР Президентінің жанынан Цифрландыруды енгізу мәселесі жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның алғашқы отырысында бағдарламаға байланысты мемлекеттік органдардың үш айда атқарған жұмысы қарастырылды. Атап айтқанда, бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау осы комиссияның құзырында», - деп тоқталды министр.

Сонымен қатар, цифрландыру кеңселері де құрылды. Қазіргі уақытта министрліктер мен әкімдіктерде жалпы саны 36 кеңсе орналасқан. Осыларға ұқсас кеңселер квазимемлекеттік сектор компанияларында да бар.

«Қазір біз атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерін көре бастадық. Мысалы, электрондық сауданы дамытуға ынталандыратын және электрондық сауда субъектілерінің  санын арттыратын өзгертулер Салық кодексіне енгізілді. Отандық ақпараттық технология саласын дамыту мақсатында арнайы жол картасы бекітілді. Еліміздегі цифрландырудың сараптамалық бағасын беру ұсыныстарын әзірлеу үшін халықаралық сарапшылар кеңесі құрылды. Отандық ІТ-нарықпен жоспарлы жұмыс жүргізіледі. Әр тоқсан сайын ІТ-компания өкілдерімен кездесулер өтіп тұрады», -деп нақтылады Дәурен Абаев. Оның сөзіне қарағанда, «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы бойынша жүзеге асқан нәтижелер бар. Олар - электрондық коммерция және қолма қол ақшасыз төлемдер. «Қазпошта» АҚ Астана мен Алматы қалаларында мамандандырылған электронды коммерция орталықтарын ашуы. Бұл - жеткізу мерзімін қысқарту мен тауарларды жеңілдету қызметтерін жетілдіру арқылы интернет сауданы дамытуға ықпал етеді. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру аясында әкімшілік кедергілер мен қағаз құжат айналымын жоюға көмектесетін тәсілдер қабылданды. Бұдан бөлек, министр жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашу жоспарда бар екенін жеткізді.

«2018 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда электронды еңбек биржасы өнеркәсіптік қолданысқа енгізілді. Бұл мемлекеттік сектор жүйелеріне кіру рұқсатын ашудың көмегімен іске асқан алғашқы жоба. Қазір 38 мың жұмыс беруші, 45 еңбекпен қамту агенттіктері, 5 бұқаралық ақпарат құралдары мен 5 онлайн алаң жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, электронды биржа азаматтардың жұмысқа орналасу үрдісін жылдамдатады. Бүгінде электронды биржада 32 мыңнан астам бос жұмыс орны, 69 мыңнан астам резюме бар, 75 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасқан», - деп түйді Абаев.