Қазақстан делегациясы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастарымыздың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Келіссөздер барысында еліміздің өкілдері Қытайда қос азаматтық үшін ұсталған қазақтардың істерін әділ қарау және оларды босату мәселесін қозғады. Бұдан бөлек, жиынға қатысушы тараптар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында тұратын қазақтардың мәселесін оңтайлы шешуге уағдаласты.
Осындай екіжақты келісімдер аталған саладағы қордаланған мәселелердің шешімін табуға айтарлықтай серпін беруде.
Мәселен, соңғы уақытта Қытайда тұратын қазақтардың түрлі қиыншылықтарға тап болғаны туралы ақпарат кеңінен таралғаны белгілі. Сондай-ақ 2018 жылғы 29 мамырда Бейжіңде көші-қон заңнамасын бұзғаны және Қытай аумағында заңсыз жүргені үшін қазақстандық қарт әйел және оның ұлы ұсталғаны жөнінде жаңалық тарады. Осы оқиғаға байланысты Сыртқы істер министрлігі мен елшілік қызметкерлері Қытай құқық қорғау органдарымен хабарласып, әбжілдік танытты.
Кейіннен анықталған мәлімет бойынша, 91 жастағы кейуана көші-қон заңнамасын бұзғаны және ҚХР аумағында заңсыз болғаны үшін ұсталған екен. Еліміздің дипломатиялық қызметкерлері қытайлық әріптестерімен тығыз байланыс орната отырып, ұсталған азаматтардың елге оралуына қатысты келіссөздер жүргізді. Ақыры, оларды Қытай азаматтығынан айыру және Қазақстанға қайтару туралы мәмілеге қол жеткізілді.
Қытайда Райхан әжей мен оның ұлынан басқа да бірқатар қазақстандық азамат тұтқындалған болатын. Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, еліміз тарапы азаматтарымыздың елге оралуына жағдай жасау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Ведомство басшысы шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқығы әрдайым қорғалатынын жеткізді.
«Шетелдегі Қазақстан азаматтарының мүддесіне байланысты барлық жұмыстарды назарға алып, қол қусырып отырғанымыз жоқ. Күн сайын осы мәселелермен жұмыс істейміз. Келіссөздердің, Қытаймен арада қол жеткізілген уағдаластықтардың қорытындысында тұтқындалған 12 азаматымыздың 9-ы босатылды. Қалған үш азаматымызға қатысты тыңғылықты жұмыстар жүріп жатыр», деп түсіндірді Қ.Әбдірахманов.
Қандастарымыз Сыртқы істер министрлігінің еңбегін жоғары бағалап отыр. Мәселен, Қазақстанға 1993 жылы қоныс аударған Нұржол Табиғат есімді азамат Райхан әжейдің оқиғасында министрліктің жедел әрі табысты әрекет еткенін айтады. Оның пікірінше, Сыртқы істер министрлігі осы мәселеде дипломатиялық қабілетінің қарымын паш етті.
Райхан әжей өз кезегінде азаматтарға қолдау көрсеткен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдағы елшілік қызметкерлеріне алғыс айтып, бейнеүндеу жариялады. Бейнежазбада қария Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ақжарма батасын беріп, қиын-қыстау шақта көмек көрсеткен еліміздің дипломатиялық қызметіне ризашылығын жеткізді. 91 жастағы кейуана 2005 жылы елге оралып, Қазақстан азаматтығын алған екен. Алайда заңнан хабары аз болғандықтан, Қытай паспортын қоса ұстап жүрген көрінеді. Былтыр әжей Қытайға туыстарына барып, бір жылдай сонда тұрақтап қалыпты. Ал 2018 жылғы 29 мамырда Бейжің қаласының сақшылары оны және ұлын елдегі көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін қамауға алған.
«Сол күні Қазақстанның Бейжің қаласындағы елшілігіне көмек сұрап хабарластық. Бізге қазақстандық консулдық қызметкерлер тарапынан дереу көмек көрсетілді. Екі азаматтықтың біреуін таңдау мәселесі туындады. Сөйтіп 2018 жылғы 28 мамырда мен және балам Қазақстан азаматтығын сақтап қалып, Қытай азаматтығынан бас тарттық. Еліміздің дипломатиялық қызметкерлері тиісті көмек көрсетіп, бізді далада қалдырған жоқ. Елге қайтуыма атсалысқан, мендей қарияны далада қалдырмай көмек қолын созған қызметкерге рахмет айтамын. Осындай азаматтарды өсірген қазақ еліне, министр мырзаға алғысым шексіз. Өмір жасыңыз ұзақ болсын!» деп ағынан жарылды Райхан әжей.
Райхан әжейдің оқиғасының оңтайлы шешілуі екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Әйтпесе мұндай мәселенің оң шешімін табу оңай шаруа емес.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»