Біз ғана емес, бізден бұрынғылар да бүркітшілердің тірлігін әуес көріп, қызығып қарайды екен. Себебі, ол жай ғана аңшылық емес, ата-бабадан қалған өнер ғой.
Ал саятшылық дегеніңіз, табиғат пен адам арасындағы түйсікпен сезіп, жүрекпен ұғатын достық сапары. Сондықтан да ұлы Абайдың: «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын әйгілі өлеңіндегі таңғажайып сурет көңіліңізді ғана емес, қаныңызды да толқытып, тебірентіп, шымырлата жөнеледі.
Ол тұрмақ, жайшылықта кездесе қалған бүркітшінің де әңгімесін көпке дейін ұмыта алмай, тап бір өзіңіз саятшылық құрып қайтқандай сергіп, айналаңыздағы жұртқа айтқыңыз келіп, тіліңіз қышып-ақ тұрады.
Міне бұл да сондай қызық әңгімелердің бірі еді. Ал тыңдайық, жамағат.
– Жасы тоқсанға келсе де аттан түспей, саятшылық құрған Машан Уәлиұлы деген атамыз болды, – деп бастады бүркітші әңгімесін.
Бірде інісі Зейнулла екеуі тауға, түлкі аулауға барыпты. Машан атамыз дабыл қағып, айқайлап түз тағыларын үркітетін көрінеді. Зейнулла болса қолына бүркітін ұстап, айналаны биіктен шолып тұрыпты.
Бір кезде қыран төмен қарай шүйіле жөнеледі. Ағып барып, әп-сәтте аппақ қардың бетімен зымырап бара жатқан қызыл түлкіні ұмар-жұмар етіп, шеңгеліне алып, қона кетеді. Артынша астындағы атын екпіндетіп Машан қария да жақындап қалған екен. Келе сала ерден қарғып түсіп, со бойы қалшиып тұра қалады.
Қыр жақтан шауып келе жатқан Зейнулла айғайлап: «Оу, ұмтылсаңызшы! Ұмтылсаңызшы! Түлкі бүркіттің аяғын шайнап тастайтын болды ғой», деп жанұшырады.
Бірақ әншейінде түлкіні сойылмен бір соғып, қыранды ажыратып ала қоятын қария бұл жолы селт етпейді. Тікесінен тік тұрған қалпы қозғалмайды.
Содан не керек, Зекең қыранды өзі ажыратып алған соң Машекеңнің жанына келеді. Сөйтсе, аттан қарғып түсе беремін дегенде қарияның шалбарының ауы ердің басына ілініп қалып, не істерін білмей салбырап тұрған кезі екен ғой!..
Бүркітші әңгімесін аяқтап, бізге қарап жымиып отыр. Біз де басымызды шайқап, езу артқан боламыз. Бірақ іштей: «Алла жарылқап, тоқсан жас бере қалса, атқа мініп, түлкі ауламақ түгілі, есік алдына шығудың өзі мұң болып қала ма!» деген бір ой мазалайды.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»