Кеше Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІІІ сессиясы өтіп, күн тәртібінде облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысы қаралды. Осы арада сәл шегініс жасап, кеше яғни сейсенбіде жұмыс күнінің алғашқы сағатында Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХІХ сессиясы өткенін айта кетелік. Сессияда облыс орталығы тұрғындарының саны бір миллионға жетуіне байланысты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы ұсыныс депутаттардың қолдауына ие болды. Сөйтіп халық қалаулылары қала әкімдігімен бірлесе тарихи құжатқа қол қойды. Бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылды. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев қала тұрғындарының 1 миллионға жетуімен құттықтап, республикалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымкентті миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, қала еліміздегі миллион халқы бар үш мегаполистің біріне айналды. Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орталық Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Ж.Түймебаев.
Иә, Шымкенттің миллионер қаланың қатарына қосылу мүмкіндігі мол екенін Елбасы бірнеше жыл бұрын айтқан болатын. Ал өткен жылы Оңтүстікке сапары барысында Мемлекет басшысы Шымкент қаласының даму жоспарымен, жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент Сити» іскерлік және тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысқан. Сол сапарында Елбасы Оңтүстік өңірі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келе жатқанын айта келе, облыс орталығы Шымкент қаласының дамуына да мемлекет тарапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуде екенін атап өтті.
Халқы миллионға жететін күннің алыс еместігі де айтылды сол жолы. Жалпы, Шымкент соңғы бесжылдықта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу мен жаңғырудың жаңа кезеңін өткеруде. Қаланың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы шеңберінде атқарылған іс аз емес. Қала аумағы кеңейіп, шаһарға 40-тан астам елді мекен қосылғалы бері жұмыс ауқымы да айтарлықтай артты. Бас жоспарға сәйкес, қала шекарасы 3 есеге ұлғайды.
Иә, Шымкентке қатысты жақсы жаңалықты да бірінші болып Елбасы жария етті. Мамырда өткен Challenges Summit-2018 форумының жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қалалардың дамуы туралы сөз қозғады. Инвестиция үшін күресетін ең жақсы ақыл-ойлар, технологиялар және оған барлық қажетті жағдайларды жасайтын мегаполистер дәуірі туатынын атап өтті. «Бізде бұрын миллиондаған халқы бар бір ғана қала болатын. Ол Алматы. Ал қазір оның қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Енді еліміздің үш қаласында халық миллионға жетті. Бұл процесс жалғасатын болады. Сондықтан да Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу тосыннан қолға алынып отырған жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетелік, Шымкентте ғана емес, аудандарда да демографиялық өсім жоғары. Осы орайда, биылғы ақпанда Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдары аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдер қабылдаған да болатын.
Күн тәртібіне қойылған Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру жөніндегі ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияны қорытындылаған облыс әкімі қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді. «Мұны біз Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз. Аталған мәселе бойынша Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ құрамымен бірлесе бөлудің экономикалық тиімділігіне, оның облыстың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жан-жақты талданды. Жалпы 2017 жылдың қорытындысымен Шымкент қаласы халқының өсімі 39 мың адамды құрады, оның ішінде көші-қон есебінен 18 мың адаммен толықты», деді өңір басшысы. Жылдан жылға қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің динамикалық өсімі байқалады. Инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі де жоғары. Бұл орайда облыс әкімі аталған көрсеткіштер Шымкент қаласының ерекше мәртебесін бекітуге толық мүмкіндік беретінін айтып өтті. «Қалаға ерекше мәртебе берілген жағдайда, қала бюджетінің кірістері 72,1 млрд теңгеге, субвенция 13,4 млрд теңге көлемінде болжамдануда. Алдын ала есептеулерге сәйкес, Шымкент қаласының жергілікті бюджеті 2025 жылға дейін субвенциялық болып қала береді. Қаланың штаты 229 бірлікке өсетін болады», – деді Ж.Түймебаев.
Айта кетелік, тарихи деректерге жүгінсек, 1932 жылы Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған. Яғни, 1932 жылғы 10 наурыз облыстың құрылған күні болып есептеледі. Ал 1938 жылы облыс тағы да әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырады: оның құрамынан алғашқыда Қызылорда облысы, одан соң 1939 жылы Жамбыл облысы бөлініп шықты. 1962 жылы орталығы Шымкент болып, Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылды. Оның құрамына Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстары енді. 1964 жылдың желтоқсанында «өлке» жойылып, Шымкент облысы атын сақтап қала берді. 1992 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес қаулысымен оған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы аты қайтарылды.
Облыс орталығының Түркістанға көшірілуіне байланысты қала аумағындағы 12 елді мекен Кентау қаласының құрамына өтетін болады. Сондай-ақ ОҚО аумағынан Шымкент қаласы жеке шығарылмақ. Сонымен жергілікті мәслихат пен атқарушы органның бірлескен шешімі заң шеңберінде тиісті орындарға жолданады. Яғни оңтүстікқазақстандықтар ендігі шешімді елордадан күтеді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»