Медицина • 07 Маусым, 2018

Көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға тұңғыш рет операция жасалды

1582 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ретинобластома дей­тін балаларда сирек кез­десетін, тұқым қуа­лай­тын көз іші қатерлі ісігі бар. Жыл сайын елімізде ретинобластомаға шал­дыққан 20-25 бала табылады. Айтпағымыз, Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда бірінші рет отандық Педиатрия орталығында көз іші қа­терлі ісігіне шалдыққан 4 балаға ота жасалды.

Көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға тұңғыш рет операция жасалды

– Қазақстанда емдеудің стан­дартты тәсілі көзді алып тастау еді. Өмір бойы көз протезін киіп жүру психоло­гиялық тұрғыдан, тіпті қай жағынан алсаң да бала үшін де, ата-ана үшін де өте ауыр. Сондықтан ата-аналардың көпшілігі көзді сақтап қалу үшін шетелдерге жүгінуде. Мәселен, Ресейде бұл отаны жасату үшін 350 мың рубль қажет болса, Үндістан мен Швейцарияда 60-70 мың АҚШ доллары тұрады. Соңғы 10 жылда әлем бойынша ретино­бластоманы емдеу өзгерген. Көп­теген елдерде көзді алып тас­тау әдісі азаюда. Көз іші қа­терлі ісігі – ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы әді­сін енгізу және дамыту Қазақ­стан азаматтарының өз отанында анатомиялық және функ­­циялық орган ретінде көз­де­рін сақтай отырып, жоғары мамандандырылған тегін көмек алуына мүмкіндік береді», деді «Қазақ көз ауру­лары ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Марат Сүлей­менов.

Сонымен бұрын-соңды елі­мізде жасалмаған бірегей ота Ресей мамандарының қаты­суы­мен «Ретинобластомаға шал­­ды­ққан науқастарды жедел ем­деу» атты шеберлік дәрісі аясын­да жүзеге асты. Осылайша тұңғыш рет ор­та­лықта жатқан 4 балаға се­лективті интраартериалды химиотерапия (СИАХТ) жүр­гізіліп, ота жасалды.

Балаларда кездесетін көз іші ісігінің арасында ретиноблас­тома 90 пайызды құрайды және жоғары қатерлілігімен сипатталады. Жыл сайын әлемде рети­нобластоманың 8100 жа­ңа жағдайы анық­талады, оның ішінде 570-810 жағдай нәрестелерде кез­деседі. Ретино­блас­тома көз алмасының бәрін ісік тін­дерімен басып, көру жүй­кесіне, көз ұясына, миға өсіп шығатын агрессивтілігімен си­патталады. Ісік тек көру қабілетінен айыру түрінде ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар метастаздың және басқа органдарда да екін­ші қатерлі ісіктің дамуы сал­дарынан өлім-жітімнің жоғары­лығымен де қауіпті.

Мұндай ерекше күрделі ота күнде жасалына бермейді. Біре­гей шеберлік сабағын өткізіп, СИАХТ операциясын жасау үшін Мәскеудегі Н.Н.Блохин атын­дағы Онкологиялық ұлт­тық медициналық зерттеу орта­лығының дәрігерлері – ангиохирург Игорь Трофимов пен анес­тезиолог Леонид Мартынов арнайы шақырылған. Санаулы ғана елдерде енгізілген отаны ресейліктермен бірге отандық Педиатрия орталығының онколог, офтальмолог, анестезиолог дәрігерлері және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу инс­титутының офтальмолог дәрігерлері бірігіп өткізді.

Операцияның ерекшелігі де осында, елімізде енгізіліп отырған көз іші қатерлі ісігі – ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы озық әдісін енгізу балалардың көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Айтулы шараға орай өт­кен баспасөз мәслихатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева «Қазақ­станда көз іші қатерлі ісігі анықталған балалар 2015 жылдан бері біздің ғылы­ми орталықта ем алады. Ретино­бластома – балаларда сирек кез­десетін, тұқым қуалайтын көз іші қатерлі ісігі. Жыл са­йын елімізде ретинобластомаға шал­дыққан 20-25 бала (алғаш рет ауырған) тіркеледі. Бұл кесел көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда анықталуда. Бұл аурудың түрі барлық қа­терлі ісіктердің 4 пайызын құ­райды. Жиілігі 14 мың – 20 мың тірі туған нәрестеге шаққанда 1 жағдайдан кез­десуде. Соңғы жылдары енгі­зілген жаңа емдеу тәсілдері мен диагностикалаудың арқа­сында балалардың өмірі ұзар­тылуда. Мамандарымыз Гер­мания, Австрия сынды елдерден тағылымдамалардан өтіп жүр. Сондай-ақ шетелдік мамандардың қатысуымен түр­­лі шеберлік-сыныптарын өткізіп отырамыз.

Орталықта 2015 жылдан бастап лазеркоагуляция және интравитреалды химиотерапия тәрізді жергілікті емдеу әдістері белсенді қолданылып келеді. Сонымен қатар екінші қайта­ланған ісік тәрізді кеш асқы­нулардың дамуын төмендету үшін тәуекелге бейімделген ем жүргізуге мүмкіндік бе­ре­­тін IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халық­ара­­лық жіктелімге сәйкес гисто­логиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге іске асуда.

2017 жылдан бастап көз алма­сын энуклеациядан кейін өсіп келе жатқан баланың бет сүйегінің косметикалық ақауын төмендетуге мүмкіндік беретін көз импланттарын қолдану бас­талды. Біздің алдымызда тұр­ған келесі қадам – соңғы 10 жыл­да АҚШ-та қолданылып, баланың өмірін ғана сақтап қоймай, 95 пайызға дейін көзді де сақтауға мүмкіндік беретін органсақтаушы емнің озық әдісін енгізу болып отыр. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілгелі отырған жаңа технология – селективті интраартериалды химиотерапия ондаған науқас балаларға көздерін сақтап қалу­ға мүмкіндік береді», деді.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты аталған технологияны Қазақстанда енгізуге бастама көтеріп отыр. Сонымен қатар оны кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекке қосуға ұсынуда. 2016 жылы Retinoblastoma Registry неміс хаттамасы негі­зінде ретинобластоманы диагнос­тикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы бе­кітілген және бұл хаттама биыл жаңа органсақтаушы технологияның енгізілуіне бай­ланысты қайта қаралуда. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткеннен кейін СИАХТ әдісі балалар онкологиялық қызметі мен интервенциялық хирургия шоғырландырылған және ретинобластомаға шалдыққан барлық балаға негізгі ем жасалынатын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының практикасына енгізілетін болады.

Мәскеулік дәрігерлер көздің қатерлі ісігін емдеу Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығында 2011 жылы енгізілгенін айтады.

– Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық орталық ретинобластоманы емдеу бо­йынша айналысатын Ресейдегі жалғыз орталық. 5 жылдан бері бұл мәселеге біз ерекше назар аударып келеміз. Жылына орталықта 120-дан астам ота жасалады. Операцияны жасау 1-1,5 жарым сағат уақытты алады және дайындығы бар. Препарат басқа органдарға нұқсан келтірмей, ошаққа дәл жіберіледі, – дейді ресейлік дәрігер-ангиохирург Игорь Тро­фимов.

Бірегей отаны жасауға «Ас­қар Жакулин атындағы қайы­­рымдылық қоры» да қолдау көр­сеткенін атап өту парыз.

Алдағы маусым айынан бас­тап біздің мамандар бұл отаны өздері жасай бастайды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ