Әлем • 07 Маусым, 2018

Басқа басылымдардан: ШЫҰ неге әлем назарын аударып отыр?

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: ШЫҰ неге әлем назарын аударып отыр?

ШЫҰ неге әлем назарын аударып отыр?

Маусымның 9-10 күндері Циндаода Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтеді. Жиынға әлем назар аударып отыр. Xinhua агенттігі осы мәселенің себебіне үңіліп көрген екен.

Агенттіктің айтуынша, саммиттің халықаралық қоғамдастық назарын аударуының бірінші себебі – ұйымның кеңейтілуі. Естеріңізде болса, былтыр Астанада өткен саммитте ұйымға Пәкістан мен Үндістан қосылған болатын. Сонымен қатар ШЫҰ-да 4 бақылаушы мемлекет және 6 диалогтық әріптес бар.

Xinhua агенттігі аймақтық ауқымы, халқының көп­тігі және экономикалық әлеуетінің артуы нә­ти­жесінде ШЫҰ әлемде ықпалды ұйымға айналып келе жатқанына тоқталады. Оның өз себебі бар. Қытай мен Үндістанның өзінде бүкіл әлем халқының жартысына жуығы мекендейді. Сон­дай-ақ сегіз мемлекет Еуразия құрлығының 60 пайы­зын алып жатыр. Әлемдік ішкі жалпы өнім кө­ле­мінің 20 пайызы да осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі.

Агенттіктің жазуынша екінші мәселе – ұйымның жаһандық әріптестікке қосатын үлесіне байланыс-
ты. ШЫҰ құрылғалы бері әрдайым аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті басты назарға алып келеді. Бұдан бөлек, ынтымақтастық аясын кеңейтіп, терроризм, экстре­мизм және сепаратизммен күресуде де әріптестік орнатуға мән береді.

Ұйым аясы кеңейгеннен кейін мүше мемлекеттер аймақтағы халықтың күткенін ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың да пікірін ескереді. Бұл мәселе де әлем назарын саммитке бұратыны анық.

Гватемала жанартаудан қауіптенеді

Гватемала билігі Фуего вулканының қайта күшеюі мүмкін екенін айтып, халықты абай болуға ша­қырды. Соңғы деректер бойынша, жанартау атқы­лауынан зардап шеккендер саны артып, 75 адам қаза тауып, 200-ге жуық адам із-түзсіз жоғалған.

Елдегі Сейсмология, жанартау және метеорология институты апта басында вулканның қаупі әлі сейілмегенін мәлімдеп, эвакуациялық жұмыстарды тез­детуге және құтқарушыларды көптеп тартуға үн­деді.

Өткен жексенбіде Гватемаладағы Фуего вулканы қайта оянған болатын. Кратерден атқылаған ыстық лава мен түтін 10 шақырым биікке жетіп, аймақтың біраз бөлігі күл астында қалған. Жанартаудан а­т­қы­ла­ған ыстық лавалар таяу маңдағы елді мекен тұр­ғындарына орасан зиян келтірді. Алғашқы деректер бойынша, қайтыс болғандар саны елуге жуық­таған еді. Бірақ кейінірек қаза тапқандар саны арта түсті.

Елдегі Төтенше жағдайлар агенттігі CONRED-тің мәліметіне қарағанда, қайтыс болғандар саны 75-ке жетуі мүмкін. Рейтер агенттігіне сұхбат берген институт директоры Эдди Санчес жағдай өте күрделі екенін айтты. Қазір мыңдаған тұрғын қауіпті аймақтан көшіріліп жатыр.

Жалпы, Гватемалада 34 ояу вулкан бар. Фуего – соның бірі. Жанартау бұған дейін де бірнеше рет атқылаған болатын. Соңғы рет 2015 жылғы 8 ақпанда Фуего бір сілкініп алған еді. Оның маңында ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасына кірген Антигуа қаласы орналасқан.

Жүргізуші куәлігін алған тұңғыш әйел

Сауд Арабиясы тұңғыш рет әйел адамдарға жүргізуші куәлігін табыстады. Аталған шара 24 маусымда елдегі нәзік жандылардың көлік жүргізуіне рұқсат беруіне орайласып отыр.

Ел астанасы Эр-Риядтағы көлік қозғалысы департаментінде он әйел жүргізуші куәлігін алды. Euronews арнасының мәліметіне сүйенсек, олардың бәрінде басқа мемлекеттің жүргізуші куәлігі болған. Өз елінде тұңғыш рет мұндай мәртебеге ие болған әйелдер өздерінің жаңа құжатын қуанышпен әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.

Сауд Арабиясы билігі таратқан видеода әйел­де­рдің жаңа құжатын қалай алғаны, түрлі бақы­лау­лардан өткені көрсетілген.

Адам құқығы мәселесін қозғайтын Amnesty International ұйымы бұл әрекетті құптағанымен, кейінгі кезде елде әйел құқығы үшін күрес­­кен бірқатар адамның қамауға алынғанына алаңдаушылық білдірді.

Бұған дейін Сауд Арабиясы әйел затына «темір тұлпарды» тізгіндеуге шектеу қойған болатын. Соған сәйкес, әр отбасы әйелдер үшін жеке жүргізуші жалдауға мәжбүр. Алайда былтыр ел королі Сальман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд шектеулердің заңдық күшін жоятын жарлық шығарған еді. Бұдан бөлек, әйелдерге киноға, стадионға баруға рұқсат етілді.

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»