Аталған көрме мен сайыс Астананың 20 жылдығы мен «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қорының 20 жылдығына арналған.
Көрменің ашылуында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов айтқандай, ел Президенті сомдаған бүгінгі Астана жай ғана елорда, мегаполис емес, бүгінгі Астана республиканың киелі құндылығы, бейбітшілік қаласы. «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қорын таланттарға қамқоршы қоғамдық қор деп атар едім. Өйткені Елбасымыз жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында көзделген бәсекеге қабілеттілігі дамыған мемлекет болуды болашақта іске асыратын алдыңғы қатарлы жастарымыз. Міне, бүгінгі көрмеміз – осындай игі істердің айғағы іспеттес», деді ол.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ғайша Сыздықова қордың 20 жыл бұрын Президенттің бастамасымен ашылғанын атап өтті.
«Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» көрмесіне қор филиалдары мен студенттердің, Алматы қаласындағы №1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің төрт жүзден астам жұмысы ұсынылған. Жас жеткіншектер шығармаларын кескіндеме, коллаж, мозайка, шыныға жазу, квиллинг,
батик секілді түрлі аралас, көркем және қолданбалы техникаларда орындаған. Байқауға ұсынылған жұмыстарға Елбасы кітапханасының қызметкерлері, Астана қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебінің өнертанушылары баға берді. Осының нәтижесінде 3-18 жас аралығындағы балалардың 140 туындысы таңдалып алынған. Шара барысында еңбектері үздік деп танылған жас суретшілер әртүрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Жас суретшілердің айтуынша, шығармашылық жұмыстары олардың ішкі жан дүниесін, өмірге деген көзқарастарын бейнелеп, еліміздегі бірлік пен келісімді, бас қаламыз Астанаға деген мақтаныш сезімін суреттейді.
Елбасы кітапханасы мен Білім беру қорының серіктестік туралы меморандумы аясында өткен бұл көрме алғашқы шара екенін айта кетуіміз керек.
Көрме ағымдағы жылдың 12 тамызына дейін жалғасады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»