Атақты Ататүріктің көмекшісі болған Жемал Гранданың естелік кітабын оқып отырып, Түркияның тұңғыш президентінің әдебиетке қаншалықты мән беріп, қаламгерлерге қамқорлық жасағанын, ұлт әдебиетінің дамуына қаншалықты қолдау көрсеткенін пайымдайсың.
«...Бір күні Ататүрік қалыңдығы кереқарыс тарихи шығарманы бас алмай оқып отырды. Елдегі көптеген көкейкесті мәселелер шешімін таппай жатқанда, мемлекет басшысының кітап оқып отырғаны бәрімізге оғаш көрінетіні рас. Сол кезде Ататүріктің депутат досы Хүсейін Васыч Чынар:
– Пашам! Тарихты оқып, бас қатырып не қыласың? Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азаттық соғысқа бастағаныңда, кітап оқып шығып па едің? – деп әңгімеге тартады.
Ататүрік досының әзіл аралас сөзін бірден ұғады. Сөйтіп кітаптың бетін жауып:
– Бала кезімде көп қиындық көрдім, Васыч досым. Екі құрыш (тиын) қолыма тие қалса бір құрышты міндетті түрде кітапқа жұмсайтынмын. Кітап оқымағанымда, осы уақытқа дейін ештеңе қолымнан келмес еді ғой. Өмірімдегі барлық жетістіктерім осы кітаптың арқасында, – деп жауап қатады.
Иә, Ататүрік ұлттық әдебиеттің ірі өкілдерін үнемі мақтаныш тұтып отыратын. «Ел іргесі – мәдениет пен әдебиет. Сондықтан да өнер адамы қол сүймейді, оның қолын басқалар сүюі керек» деп, қалам ұстаған қадірлі қауымға барынша қолдау білдіруші еді. Решат Нұри Гүнтекин, Намык Кемал, Мехмет Эмин Юрдакул, Тәуфик Фикрет сынды ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, ел-жұртпен кездескен сайын оларды оқуға кеңес беретін...
Ж.Гранданың естеліктері майданда жүріп шығарма жазған жауынгер қазақ қаламгерлерін, тілдің мерейі үстем болсын деп, ұлттық әдебиетімізге қамқоршы болған тарихи тұлғаларымызды еріксіз еске салады.
Ататүрік өз елін сақтап қалды. Оған кеңесші болған ең алдымен кітап еді.
Мәлік ОТАРБАЕВ