Салыстыру үшін айтар болсақ, пиренейліктердің Еуропа біріншілігіндегі ең нашар нәтижесі – ширек финал (1996 және 2008 жыл). Екі рет финалға шығып, бір мәрте жеңімпаз атанған. Ал әлем чемпионатында үш рет (1986, 2002 және 2014 жыл) топтық кезеңнен әрі аса алмаған. Ең жарқын нәтижесі – үшінші орын (1966). Сонымен қатар құрамында Луиш Фигу, Педру Паулета, Нуну Гомеш және Деку секілді футбол корифейлері бар команда 2006 жылы Германиядағы жаһандық доп додасында төртінші орынға қол жеткізді. Сол жылы жартылай финалда Франциядан жеңілсе (0:1), үшінші орын үшін өткен матчта жарыс қожайындары Германия құрамасына 1:3 есебімен есе жіберді.
Іріктеуден іркілмеген Португалия
Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Португалия «В» тобында Швейцария, Венгрия, Фарер аралдары, Латвия және Андорра құрамаларымен сынға түсті. Жалпы, Ресейде өтетін әлемдік мундиалға бару үшін Еуропа чемпиондарына тек Швейцария құрамасы ғана қарсылық көрсете алды. Екі құрама іріктеу кезең ойындарының бірінші турында жолығып, күтпеген жерден Португалия құрамасы 0:2 нәтижесімен жеңіліп қалды. Осыдан соң Фернанду Сантуштың шәкірттері есе қайтару үшін Швейцария құрамасымен өтетін қарымта ойынды күтумен болды. Сөйтіп 2017 жылдың 10 қазаны күні іріктеу кезеңнің соңғы турында Португалия құрамасы өз алаңында Швейцарияны қабылдап, дәл алғашқы ойындағы есеппен бұл жолы Пиреней түбегіндегі елдің футболшылары жеңіске жетті. Іріктеу кезеңі аяқталған соң екі құрама да 27 ұпай иеленіп, бірдей нәтиже көрсетті.
Тоғыз жеңіс, бір жеңіліс. Топтағы бірінші орынды иеленген құраманы анықтау үшін командалардың гол соғу және өз қақпасына жіберген гол көрсеткішіне қарап, Португалия құрамасы үздік деп танылды. Сөйтіп, Португалия бірінші орынмен, Швейцария футболшылары екінші орынмен әлем чемпионатына жолдама алды.
Іріктеу кезеңінің қалған ойындарында Роналду және оның командаластары Фарер аралдарына қарсы екі матчта 6:0 және 5:1 есебімен жеңіске жетті. Ал Латвия футболшыларын алғаш өз алаңдарында 4:1 есебімен жеңсе, сырт алаңдағы кездесуде жауапсыз үш гол соқты. Португалияға Венгрия құрамасы аздап қарсылық көрсеткендей болды. Дегенмен Еуропа чемпиондары бәрібір қарсыластарын қапы қалдырды. Алғашқы ойында 3:0 есебімен басым түссе, сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. «В» тобының ең соңғы орнын иеленген Андорра құрамасын 6:0 және 2:0 нәтижесімен ұтты.
Ескі қарсыласымен бір топқа түсті
Әлем чемпионатының топтық кезеңінде Португалия өзіне үйреншікті «В» тобында ескі қарсыласы Испаниямен қарсы сынға түседі. Португалия үшін де чемпионат дәл осы құрамаға қарсы ойынмен басталады. Бұл матч екі құрамаға да өте маңызды кездесу болмақ. Өйткені, 15 маусымда Сочиде өтетін осы текетірестен соң «В» квартетінде кім бірінші, кім екінші орын алады деген сауалдың жауабы 50 пайызға белгілі болмақ. Әрі қарай барлығы екі құраманың өз қолында. Португалия екінші турда Марокко құрамасымен ойнаса, соңғы турда Иранмен кім мықтыны анықтайды.
Португалия командасының чемпионаттағы басты мақсаты – әлем чемпионы атану. Сонымен қатар бұл біріншілік құрама үздігі Криштиану Роналдудың соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Сондықтан Роналду және оның командасы үшін биылғы дүбірлі додада қалайда топ жару керек.
Жалпы, статистика сүйер қауымға және Португалия құрамасының жанкүйерлеріне мынадай мәліметті ұсынғымыз келеді. Әлем чемпионаты алдындағы Еуропа чемпионатын жеңіп алған құрама екі жылдан соң міндетті түрде әлем біріншілігінде топ жарады. Мысалы, 1972 жылы Германия құрамасы кәрі құрлық біріншілігін жеңіп, екі жылдан соң әлем чемпионатында бас жүлдені иеленді. Ал 2008 жылы Еуропа чемпионы атанған Испания футболшылары 2010 жылы ОАР-да өткен доп додасында жеңімпаз атанды. Биыл әлем чемпионы атану кезегі 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасына келген сияқты...
Португалия құрамасының тізімі:
Қақпашылар: Антони Лопеш («Лион», Франция), Бету («Гезтепе», Түркия), Руй Патрисиу («Спортинг»).
Қорғаушылар: Бруну Алвеш («Рейнджерс», Шотландия), Седрик Суариш («Саутгемптон», Англия), Жозе Фонти («Далянь Ифан», Қытай), Мариу Руй («Наполи», Италия), Пепе («Бешикташ», Түркия), Рафаэл Геррейру («Боруссия» Германия), Рикарду Перейра («Порту»), Рубен Диаш («Бенфика»).
Жартылай қорғаушылар: Адриэн Силва («Лестер», Англия), Бруну Фернандеш («Спортинг»), Жоау Мариу («Вест Хэм», Англия), Жоау Моутинью («Монако», Франция), Мануэл Фернандеш («Локомотив», Ресей), Виллиам Карвалью («Спортинг»).
Шабуылшылар: Андре Силва («Милан», Италия), Бернарду Силва («Манчестер Сити», Англия), Криштиану Роналду («Реал», Испания), Желсон Мартинш («Спортинг»), Гонсалу Гедеш («Валенсия», Испания), Рикарду Куарежма («Бешикташ», Түркия).
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»