Айтулы дода 2002 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Грекияның Патры қаласында өткен тұсаукесер турнирде Ресей спортшылары топ жарса, одан кейін Нью-Йорк пен Лонг-Бичте Венгрияның ватерполшыларына тең келер ешкім табылмады. 2005 және 2006 жылдары Белград пен Афинада жалауы желбіреген жарыста Сербия мен Черногория құрамалары шашасына шаң жұқтырмады. Кейіннен жоғарыда аталған мемлекеттің іргесі сөгіліп, олардың әрқайсысы жеке-жеке команда жасақтайды. Бұл ретте де олар несібесіз болған жоқ. 2009 жылы Подгорицада өткен дода Черногорияның жеңісімен аяқталса, Сербияның су добы шеберлері тоғыз мәрте бас жүлдені олжалады.
2012 жылғы Әлемдік лиганың суперфиналы Алматыда ұйымдастырылғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Осы спорт түрінің шоқ жұлдыздары Алатау баурайында алты күн бойы айқасып, солардың арасынан Хорватия суырылып шықты. Финалда хорваттар Испаниядан айласын асырса, қола медаль Италияға бұйырды. Өкінішке қарай, барлық бәсекеде жеңіліс тапқан жерлестеріміз Алматыдағы турнирді ең соңғы орынмен қорытындылаған болатын.
Будапеште жарыс жолына шығатын командалардың барлығы да өте мықты. Өзге додаларды айтпағанда Олимпия ойындарының өзінде ғана Венгрия ватерполшылары 9 мәрте жеңімпаз атанды. АҚШ, Испания және Хорватия бір-бір реттен дәл сол тұғырдан көрінді. Сербиямен бір тудың астында өнер көрсеткен кезде Черногория күміс медальді иеленді. Аустралия мен Жапония Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлде алмағанымен, олардың да қазіргі қарқыны күшті. Міне, Венгрияда өтетін Әлемдік лиганың суперфиналында Қазақстанның су добы шеберлеріне осындай мықтылармен айқасуға тура келеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ