Жарық дүние есігін 17 мамыр күні ашқан нәресте, әрине әзірге ештеңеден хабарсыз. Ата-анасы бастап, жағымды хабардан құлағдар болған қала тұрғындары қуанып жатқанда ол тып-тыныш, тәп-тәтті ұйқы құшағында еді. Айсұлу бұл дүниеге таудай бақ-береке, несібесін ала келді. Нақтырақ айтсақ, кеше, яғни сәрсенбінің сәтінде миллионыншы қала тұрғынына қос бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Пәтер кілтін салтанатты түрде табыс еткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев нәрестенің дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсуіне тілектестігін жеткізді.
– Елбасы бүкіл дүние жүзінің қайраткерлері қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын миллионды қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол азаматша – Айсұлу Еламанова жас отбасының бірінші перзенті. Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! – деп облыс әкімі жүрекжарды лебізін білдірді.
Айта кетелік, бұл пәтерді өңірге белгілі кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Молдасейітов сыйға тартты. «Мен Шымкенттің жанашырымын. Қаланың бүгіні мен ертеңі мені әрқашанда толғандырады. Естеріңізде болса, бұған дейін қала әкімі болып қызмет те істедім. Қала мәртебесін асқақтатқан осы сәбиге екі бөлмелі пәтер берсем деп шештім. Нәресте Шымкент қаласымен бірге көркейіп өсе берсін деп тілеймін. Ал өзім қаланың қарқынды түрде дамитынына сенімдімін», деді «Отау групп» компаниясының басшысы Қайрат Молдасейітов.
Тұңғыштарының арқасында пәтерлі болған жас ата-ана Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекованың осындай қуаныш сыйлаған облыс, қала әкімдігі мен меценатқа айтар алғысы шексіз. «Қызымызбен бірге алаңсыз өсіп жатқанбыз. Бізге ең бірінші азаматтық хал актілерін тіркеу орнынан хабарласты. Олар қызымыздың аты-жөнін, салмағын, куәлігін сұрады. Басында қызымыздың миллионыншы тұрғын бола қоятынына сенбей, онша үміттене қоймадық. Бірақ кеше олар үйге келіп, біздің қызымызды миллионыншы қала тұрғыны болуымен құттықтады. Шыны керек, сонда не істерімізді білмей абдырап қалдық. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», дейді отағасы, қаладағы жүйке аурулары ауруханасында мейіргер болып жұмыс істейтін Самат. Ал Айсұлудың анасы Айжан «Альфа банктің» қызметкері екен.
Осылайша, қасиетті Рамазан айының бірінші күні туған Айсұлу Шымкент қаласының мәртебесін өзгертуге тікелей септігін тигізіп, ата-анасын қуанышқа бөледі.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы