Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстанның азаматтық альянсы» бірлестігінің конференциясы өтті

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің конференциясы өтті. Оған жергілікті және аймақтық азаматтық альянс өкілдері мен жетекшілері және Астана қаласында орналасқан белсенді үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Конференция барысында Азаматтық альянстың даму келешегі, VIII Азаматтық форумға дайындық мәселелері мен аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдарды толғандыратын өзекті мәселелер талқыға салынды.  

Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстанның азаматтық альянсы» бірлестігінің конференциясы өтті

Жиынға қатысқан Дін істері және азам­ат­тық қоғам министрі Дархан Калетаев Азаматтық альянс Қазақстан­дағы азаматтық саланы дамытушы күштердің бірі болып қала беретініне тоқталды. «Бұл құрылым еліміздің барлық өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенді және тәжірибелі көшбасшыларын біріктіре алады, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, бизнес және мемлекеттік органдармен бірлес­кен тиімді жұмысты ұйымдастыру­ды қамтамасыз етеді», деді Д. Калетаев. Сонымен қатар министр үкіметтік емес сектордың тұрақтылық деңгейін көтеру және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы конструктивті байланысты орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтіп, коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заң жобасының негізгі жаңа­шылдықтарына тоқталды.

Жиында Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесе жүзеге асыру үшін бірқатар нақты бастамалар ұсынылды. Атап айтқанда, азаматтық қоғамды дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру және азаматтық секторды дамыту жө­нін­дегі Жол картасын іске асыру жұ­мыс­тарында Азаматтық альянстың әлеует­ін барынша пайдалану мәселесі көтерілді.

Сонымен қатар конференцияда үкі­мет­тік емес ұйымдарды қайта тіркеу­ден өткізу туралы ұсыныс талқы­лан­ды. Елімізде 20 мыңнан астам ұйым тір­кел­ген көрінеді. Қаржы және Әділет ми­нистр­ліктері жүргізген тексеруден кейін олардың 8 мыңдайы мүлдем жұмыс істемейтіні анықталған. 

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»